КАЗГЮУ Университетінде “Ғылымдағы жетістік жолы” тақырыбында қонақ дәрісі өтті

10.11.2016 күні КАЗГЮУ Университетінде “Ғылым Нұры” студенттік ғылыми ұйымының ұйымдастыруымен Халықаралық ғылым күніне орай “Ғылымдағы жетістік жолы” тақырыбында қонақ дәрісі өтті. Аталған дәрістің басты қонағы ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері, заң ғылымдарының  докторы, профессор Қаудыров Төлеш Ерденұлы болды.

Дәріс барысында құрметті қонағымыз өзінің өмірінен, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен болған кездесулерінен және тәуелсіздігіміздің алқашқы жылдарынан  сыр шерте отырып, қатысушылармен ғылымдағы жетістікке жетуге себеп боларлық ақыл-кеңестерімен бөлісті.  Сонымен қатар Төлеш Ерденұлы бүгінгі таңда еліміздегі  ғылымның аяқ алысына өз бағасын берді және студенттердің ғылымға деген қызығушылығының артып келе жатқанын тілге тиек етіп, жастарға деген зор сенімін білдірді. Құрметті қонағымыз өз сөзін «Өмір жолымда мемлекеттік қызметтегі лауазымды орынды емес, оқытушылық және ғылыми қызметті жоғары қоямын, себебі ғылыммен айналысуым, шәкірт тәрбиелеуім – өмірімдегі ең үлкен жетістігім» деп аяқтады.

Іс-шара қарсаңында “Ғылым Нұры ” СҒҰ-ның ресми таныстырылымы болып өтті. Ұйым Төрағасы  дәріске қатысушыларға  ұйымның құрылу мақсаты мен міндеттерін айта келе, ұйымның алға қойған  жоспарларымен таныстырды. Сөз соңында “Ғылым нұры ” СҒҰ ұйымдастыруымен КазГЮУ студенттері арасында өткізілген эссе байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.  Соңында, дәріске қатысушылар Төлеш Ерденұлымен естелік суретке түсіп, қонағымызбен жақын танысуға мүмкіндік алды.