Тарихи экскурсия — білім жүйесіндегі жаңа методика

Биыл төртінші жыл қатарынан тарихи-мемориалды мекендерге жасалған саяхат өз мәресіне жетті. Жалпы білім беру пәндері Мектебінің ұйымдастыруымен өткен экскурсияда КАЗГЮУ студенттері еліміздің тарихи өлкелерімен жақынырақ танысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы сапар Оңтүстік Қазақстан аймағындағы тарихи жәдігерлерден басталып, үш жүз алпыс екі әулиеге мекен болған Маңғыстауға ұласты.

«Кітаптан оқып жүрген этнографиялық ескерткіштерді өз көзімен көрсетіп, қолдарымен ұстату арқылы студенттердің туған жерге деген патриоттық сезімдерін ояту — экскурсияның басты мақсаты болатын»- дейді Жалпы білім беру пәндері Мектебінің оқытушысы Ажар Жарылқасынқызы.

«Биыл алғаш рет Ақтаудағы Бекет атаға барып қайттық. Шопан атаның басына соқтық. Ол жерде қола дәуірінен қалған иудей-христиан заманындағы тастар бар екен. Бәріміз аң-таң болдық. Бұл ғылыми зерттеуді қажет ететін дүние» дейді ұстаз.

Сапар Тараздағы ежелгі сәулет өнерінің бірегей архитектуралық ескерткіші— Қарахан кесенесін тамашалаудан басталды. Студенттер Дәуітбек кесенесі, Тектұрмас бірегей ғимаратын аралап махаббат пен адалдықтың ескерткіші «Айша бибі» кесенесі мен Бабаджа Хатун кесенесін тамашалады. Киелі Тараздан шыққан студенттер қауымы Машат туристік демалыс орнында аялдады.

Оңтүстік Қазақстанға жасалған саяхат Дендропарк, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған саябақ, Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи кесенесі арасын қамтиды. Ұмытылмас естеліктер Шымкент қаласынан 90 км қашықтықта орналасқан Ақмешіт үңгірімен байланысты болды дейді студенттер. Шырақшының айдаһар жайлы айтқан аңызы мен Қазығұрт тауының етегіндегі Киелітас ерекше әсер қалдырса керек.

Маңғыстау жері ықылым замандардан құпия сырымен таңғалдырып, тамсантып келе жетқан киелі өлке. Некрополий тарихи-ескерткіштері, Бекет ата, Шопан ата ескерткіштері, Қарақия ойпаты, Каспийдің жағалауы, Шевченко теңіз порты, ортағасырлық жер асты мешіттеріне жасалған саяхат – дәстүрлі білім беру жүйесіне енгізілген жаңа методика. Бұл жүйе оқу бағдарламасын тиімді игеруге үлесін тигізері сөзсіз.