Тұрғындар жыл сайын көктайғақтан жапа шегеді

Қырмызы Сембаева
KAZGUU Newsroom

Фото: ru.sputnik.kz

Қыс мезгілінде дәрігерлерге жүгінетін астаналықтар саны да артады. Суықтан ауырып түсетіндерден бөлек, мұздан тайып, жарақат алғандар көрсеткіші де айтарлықтай көп болады. Қала әкімдігі жыл сайын түскен қарды тазалауға бар ресурсын тартатынын айтса да, жолдар мен жолақтарды қардан толық тазарту мүмкін болмай отыр.

Бану есімді қала тұрғыны жұмысына әдетте 7 минут жаяу жүреді. Ол жақында жолдағы мұзға тайып, екі рет құлағанын және оң қолын сындырып алғанын айтады.

“Бірінші рет жұмысқа барар жолда тайып құладым… Жанымнан бір ер адам табылып көмектесті. Әйтпесе жанымнан өтіп бара жатқан көліктердің бірі қағып кетер еді. Екінші рет “Мәңгілік ел” даңғылы бойындағы дүкенге бара жатқанда құладым. Жол өте қатты тайғақ болды”, – деді ол.

Ал Марал есімді астаналық осы жылдың басында баласымен аулада серуендеп жүріп, мұзға тайып құлағанын әңгімелеп берді.

“Мен сырғып, бар салмағымды сол аяғыма түсіріп құладым. Басында жай ғана көгеріп кеткен болар деп едім. Алайда екінші метатарсалды сүйек сынығы болған екен”, – деді ол Newsroom тілшісіне.

Елорда тұрғындары қала әкімдігіне қарды күреуге көбірек бюджет бөлінсе екен дейді.

Өз кезегінде, Астана қаласы әкімдігі жергілікті медиа ресурстар арқылы осы қыста қар тазалауға 88 мердігер компания тартылғанын мәлімдеді. Олардың қатарында 2000 арнайы техникасы бар “Астана-Тазалық” квазимемлекеттік компаниясы да бар.

Жергілікті билік мәліметіне сенсек, елордалықтардың мұздан құлау қаупін азайту үшін жаяу жүргінші жолақтар мен көшелерге тұз бен құм қоспасы, кальций хлориді және техникалық тұз секілді реагент өнімдер шашылады екен.

Астана қаласы әкімдігі тарапынан осынша күш жұмылдырылғанның өзінде қалың қарды дер кезінде тазалау қиындық туғызып отыр. Оған осы қыста түскен қар мөлшерінің көптігі де негіз болған.

“Қазгидромет” метереологиялық мекемесі жыл басында қардың биіктігі 39 сантиметр болғанын мәлімдеген еді. Ал түскен қардың көлемі осы жылдың алғашқы аптасында 6 есе өскен екен. Үкіметтік мекеме Newsroom тілшісіне қаңтар айының басынан бергі деректер дайындалып жатқанын мәлімдеп, бөлісе алмайтынын жеткізді.

Қыс басталғалы әртүрлі дене жарақатын алып, ауруханаға түскен, емханаға жүгінген астаналықтар қатары аз емес. Мәселен, жекеменшік “Trauma Clinic” медицина орталығының өкілі берген мәліметке сенсек, тәулігіне 30-40 адам травмотолог көмегіне жүгінеді екен. Емхана өкілі Newsroom тілшісіне мемлекеттік емханаларға жүгінетіндер саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтты.

Мұздан құлап, көмекке жүгінген азаматтар туралы нақты мәлімет білу үшін қалалық ауруханалардың бірнешеуіне хабарласқан едік, алайда ақпарат алу мүмкін болмады.

Жергілікті медианың мәліметіне сенсек, қаңтар айының соңғы аптасында 1329 адам мұздан тайып, дәрігер көмегіне жүгінген екен. Ал оның шамамен 10 пайызы ған емханаларда аз уақытқа аялдауға тура келген.