“Чугунка” тұрғындары ескі үйдің жағдайына наразы

Ақбаян Арапшаева
KAZGUU Newsroom

Астанадағы ескі “Чугунка” тұрғын үйлерінің бірі / Фото: Ақбаян Арапшаева

Астана қаласындағы Ж.Досмұхамедұлы көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйлерде 1976 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бұл үйлер шойын құю зауыты жұмыс істеген жылдары жергілікті тұрғындар арасында “Чугунка” деп аталып кеткен екен. Тұрғындар үйдің жағдайы тым нашар екенін айтады. Ал жергілікті билік өзара ақша жинап, жөндеу жұмыстарын жасауды ұсынып отыр.

Астананың шығысындағы 5 қабатты 4 тұрғын үйі бар “Чугункада” Совет үкіметі кезінен бері тұратын, кейіннен көшіп келген тұрғындар бар. Ғимараттың сыртынан қаланған кірпіштері бірден көзге түседі. Подъезге кіреберісте жағымсыз иіс шығады. Баспалдақтар қисайып, қабырғалар қирап, сымдары шығып кеткен. Ал жер астындағы құбырлардың жоқтығынан құрылыстың төменгі қабатын қолаңса иіс басқан.

Жергілікті тұрғын Әділхан Қадырхановтың айтуынша, үйдің астынан бу шығып, қысты күндері соның салдарынан суық болады.

“Чугункадағы” 6-тұрғын үй астынан шығып жатқан бу / Фото: Ақбаян Арапшаева

“Әжетхана мен душ далада. Тек бір тұрғын үйде ғана ыстық су бар. Қалғандары ортақ жерге (суға) түсуге мәжбүр. Жазды күндері нашақорлар мен маскүнемдер көп жүреді. Балаларға бірдеңе болып қалама деп қорқамыз”, – дейді Қадырханов.

Ал Панзия Тайғанова есімді өзге бір тұрғын осы ауданға 23 жыл бұрын көшіп келгенін айтады. Жергілікті билікке шағымданып жүргендеріне біраз уақыт болыпты.

“Үйдің төбесінен су ағып, жертөлені басып кетті. Бір жері сынып қалса, ақша жинап жөндейміз. Құбырларды ауыстырып, бетонды өзіміз құйдық. Әкімдіктен көмек сұрасақ, кінәні бізге жабады”, – деді Тайғанова.

Ғимараттағы жаңадан жүргізілген құбыр / Фото: Ақбаян Арапшаева

Байқоңыр ауданының тұрғын үйлер бойынша бас инспекторы Ержан Қарабаев 170 адам паналаған құрылыстың тозу көрсеткіші 61%-ға жеткен. Бірақ бұл көрсеткіш ғимараттардың апатты жағдайда тұрғанын білдірмейді. Ол үшін кешендік тексеру ұйымдастырылуы керек екен.

Қазақстан жылжымайтын мүлік нарығына негізделген kn.kz платформасындағы мәліметке сенсек, ғимараттағы пәтерлер жартысының жағдайы тұруға жарамай қалғанда әрі оның негізгі қабырғалары мен іргесі құлау хәліне жеткенде ол апаттық деп танылады. Аталған хәлге жетпейінше, ғимараттың тозу көрсеткіші 80 пайыз болса да, ол апаттық деп саналмауы мүмкін.

Тұрғын үй ішіндегі негізгі баспалдақ / Фото: Ақбаян Арапшаева

Айта кетсек, 16 ақпан күні Досмұхамедұлы көшесі 6 мекенжайындағы тұрғын үй жанында аудандық әкімдік пен пәтер иелері кооперативтері (ары қарай – ПИК) тұрғындармен жиын өткізді.

Байқоныр ауданы әкімдігіндегі тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Азамат Жанатұлы бу шығып жатқан №6 үйдің астын қалпына келтіру үшін мердігер компания өкілін шақырып, шығындарды есептегенін хабарлады.

“Тұрғындар өзара келісіп 450.000 теңге жинап беруге тиіс”, – деді Жанатұлы.

“Чугунка” тұрғындары әкімдік және ПИК өкілдерімен жиынға қатысқан сәті / Фото: Ақбаян Арапшаева

Алайда Светлана Пойлова жөндеу жұмыстарының сапасына сенбейтінін жеткізді. Оның айтуынша, әдетте жергілікті билік жаңартқан жерлер бірнеше айдан кейін сынып жатады екен.

“2012 жылы жаңғырту кезінде жалған қол жинап, бізді 10 жылға қарызға батырып, алдап кетті. 14 шаршы метрге 2700, 18 шаршы метрге 3600 теңгеден төлеп отырдық. Ал олар болса тек 4 пен 6-үйді дұрыстады. Қалғандары сонда не үшін шығындалды?” – деді ол өз сөзінде.

Ғимарат ішінің көрінісі / Фото: Ақбаян Арапшаева

1 сағаттық талқылау нәтижесінде жергілікті тұрғындар қайта ақша жинауға амалсыздан келіскен. Бұл туралы KAZGUU Newsroom тілшісіне Светлана Пойлова айтты.

Аудан инспекторы Ержан Қарабаевтың айтуынша, ғимараттардың тазалығы мен жөндеу жұмыстарына бірінші кезекте тұрғындардың өздері, кейін қызмет көрсетуші  “Нұр-Жеңіс” ПИК-і  жауапты.

ПИК төрағасы Қанат Қинаятұлы қала әкімінің тапсырмасымен сәуір айында техникалық комиссия тексеріс жүргізетінін айтқан.

Аулада ойнап жүрген “Чугунка” балалары / Фото: Ақбаян Арапшаева

“Егер құрылыстың жағдайы тым нашар болса, 2024 – 2025 жылдарға бұзу үшін кезекке қойылады. Бәрібір бірнеше жыл күту керек. Сондықтан әзірге кішігірім жөндеу жүргізген дұрыс, әйтпесе жағдай ушығып кетеді”, – деді Қинаятұлы Newsroom тілшісіне.