Қазақстанның Салық кодексін жаңарту керек пе?

Назым Тұяқбай
KAZGUU Newsroom

Қазақстанда егемендік алған жылдардан бері Салық кодексі үш рет жаңартылды. Соңғы рет өзгертілгеніне небәрі 6 жыл өтсе де, сарапшылар оған тағы реформа керек екенін айтады. Реформаға қатысты үкімет жанынан жұмыс тобы да құрылған екен. Бірақ әзірге жаңа заң жобасы қашан дайын болатыны және қашан қаралатыны белгісіз.

Newsroom тілшісі байланысқа шыққан Расул Рысмамбет есімді қаржыгер қазіргі салық заңнамасының негізгі проблемаларын атап өтті. Оның айтуынша, кодекс тым ұзақ әрі онда екіұшты тұжырымдар көп кездеседі. Сарапшы заң тұжырымдамасы айқындалып жазылмағандықтан, кәсіпкерлер төлейтін салық салмағының коэффициентін ашық әрі анық санау қиын екенін айтады. 

“Заңға түсінік беру қажет. Кодекстегі баптар барынша анық жазылуға тиіс. (Сосын) кодекске әрбір кәсіпкер өзінің салық жүктемесін нақты есептей алатын қосымша қажет”, – дейді Рысмамбет. 

Сарапшы “заңда сәйкес айыппұл ерте төленген жағдайда оның мөлшері 50, кейде 75%-ға аз болуы нақты жазылуға тиіс” дейді. Одан қалса, әр ауданда салық туралы ақпарат беріп отыратын 2-3 кеңесші болғаны жөн деп есептейді.

Мемлекеттік кірістер комитеті Басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева KAZGUU Newsroom тілшісіне заңнаманы жаңартумен Ұлттық экономика министрлігі айналысып жатқанын айтты.

“Жақын арада халықаралық салық салу, тәуекелдерді басқару жүйесі, салық есептілігінің нысандарын тіркеу және оңтайландыру жөніндегі мәселелерді талқылау жоспарланып жатыр”, – деді Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз хатшысы Ерлан Сисенов. 

Сондай-ақ, ол заң жобасын әзірлеу кезінде “сарапшылар айтқан ұсыныстар” ескерілетінін жеткізді.

Айта кетсек, өткен жылдың қараша айында ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров  жаңа салық кодексінің қашан пайда болатынын мәлім еткен еді. 

“Ұлттық палата жоспары бойынша 2023 жылдың қыркүйек айына дейін белгіленген мерзім бар. Бірақ қазір талқылау барысында біздің және шетелдік сарапшылар оны толық әзірлеу және нақтылау үшін кем дегенде тағы бір жарым жыл қажет екенін айтады. Біз белгіленген мерзімдерде орындауға тырысамыз. Десе де, егер (заң жобасын) бекіту 2024 жыл жоспарына енсе, толық жүзеге асыра аламыз”, – деді министр жиын барысында.

Заңға енгізілетін жаңа түзетулердің ішінде еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту мен бірыңғай төлем енгізу туралы норма да бар.