Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесі әлі де өзекті

Айым Жаныбекова
KAZGUU Newsroom

Фото: Айым Жаныбекова

Елімізде мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 700 мыңнан асып жығылады. Оның ішінде 10 мыңдай 16 жасқа дейінгі мүгедек бала бар. Мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсету шаралары жасалып жатқанымен, кей сарапшылар оның мардымсыз екенін айтады.

Қазақстандағы мүгедек азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі белсенді Алмаз Ержан қоғамда еңбек етуге ынталы, еңбекке жарамды мыңдаған мүгедек адам барын алға тартады. Алайда оның сөзінше, оларға жеткілікті деңгейде жағдай жасалмауы әрі қоғам тарапынан мүгедектерге деген көзқарастың дұрыс еместігі түрлі қиындықтар тудырады.

“Мүгедектігі бар жандардың көпшілігін жұмысқа алмайды. Мүгедектердің қоғамдағы мәселелердің тағы бірі, ол – пандус және лифт мәселесі. Табалдырықтар тым үлкен, мүгедекке арналған дәретханалары тар жерлер де аз емес”, – деді Ержан.

Белсендінің ойынша, жоғарыда аталған мәселелерді шешуге қатысты мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті емес.

Жақында Сенат отырысында “Әлеуметтік кодекстің” жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Онда мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру мәселесі де қарастырылған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған кодекстің жобасын қарау барысында “жұмыс берушілердің көбі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алуға құштар еместігін” атап өткен еді.

“Бүгінде ерекше күтімді қажет ететін тұлғаларға 1 топ мәртебесі беріледі. Ерекше күтімді қажет ететін тұлғаларға күтім жөніндегі мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік жәрдемақыны алатын тұлғалардың саны – 42 061”, – деп жазылды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері Newsroom тілшісінің сұрағына жіберген жауабында.

Сондай-ақ, елімізде өзіне күтім жасай алмайтын әрі сырттан көмек қажет ететін мүгедектігі бар жандарға арнайы пансионаттар жұмыс істейді.

Астана қаласы әкімдігінің “Шарапат” атты әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өкілі Жаннат Қабдолла пансионатқа орналасу үшін азамат Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласып, қажетті құжаттар тізімін ұсыну қажет екенін айтты. Оның айтуынша, аталған мекеме “1,2-ші топтағы жалғызбасты, күнделікті қарауды қажет ететін мүгедектер” мен “зейнет жасына толған азаматтарға арналған.

“Мұнда өз қабілетіңді дамытатын көптеген үйірмелер бар. Мысалы, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық және т.б. қызметтер көрсетіледі”, – деді ол.

Министрлік ұсынған мәліметке орай, елімізде стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың саны – 116. Аталған орталықтар арқылы 23,6 мыңнан астам қарттар мен мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетіледі.

Newsroom тілшісінің Қазақстанда арнайы күтімді қажет ететін мүгедектігі бар адамдарға санына қатысты сұрағына министрлік нақты жауап бермеді. Десе де, оларға күтім көрсетілетін мекемелерде орын жеткілікті екенін жазды.

“Бүгінде қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға және психоневрлогиялық ауытқушылығы бойынша және тірек-қимал аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған орталықтарда орын жай саны жетілікті және бос орындары бар” – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Newsroom тілшісіне.