Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим

Фото: azattyq-ruhy.kz

Әмина Козбакова
MNU Newsroom

Қазақстандықтар 10 қарашадан бастап Қытайға визасыз қатынауға мүмкіндік алды. Осы жылдың 17 мамырында Қазақстан мен Қытай билігі өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Бұл келісімге халық арасында наразылық болғанымен, жоба екі жақты келісіммен іске асты.

Не себептен Қытай азаматтары өткен жылдан бастап елімізге визасыз кіре алады?

2017 жылы Қытай азаматтары үшін Қазақстанға қатынауға визасыз тәртіп енгізілді. Бірақ осы уақыт ішінде Қытай тарапы қазақтарға мұндай шекаралық жеңілдіктерді  ұсынбағанын айта кету керек. 

2022 жылдың 8 шілдесінен бастап Қазақстан Қытай, Иран және Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим ашты. 

«Қазақстан Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін біржақты тәртіпте визасыз режим ашады. Сонымен бірге Үндістан мен Қытай үшін 72 сағаттық визасыз арнайы транзиттік режим қолданысын тоқтатты», — деп хабарлады Ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі.

Визасыз режим шарттарына сәйкес, Үндістан, Иран және Қытай азаматтары шекарадан өткен сәттен бастап 14 күнге дейін Қазақстанға визасыз кіріп, ел ішінде қатынай алады. 

«Іскерлік, жеке және туристік мақсаттағы сапарларға рұқсат етіледі», — делінген ресми хабарламада.

Визасыз режимде Қазақстанда болу жалпы мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 42 тәуліктен аспауы қажет. Осы шартты бұзған шетелдікке айыппұл салынады немесе оны қамауға алу, елден шығару және 5 жылға келуге тыйым салу бойынша әкімшілік жауапкершілік тағайындалады. 

«Сонымен қатар, шетелдік азаматтарға визасыз режим аясында ақылы қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады. Ол үшін қабылдаушы тарап республикада жұмыс істеуге алдын ала тиісті рұқсат пен виза алу міндетті», — деп түсіндірді комитет баспасөз қызметі. 

Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара ашықтығының әсері қандай?

Қазақстан күрдтер қауымдастығының вице-президенті, саясаттанушы Аладин Мұстафаев визалық талаптардан өзара босату туралы келісім Қазақстан азаматтары үшін кемшілік немесе қауіп емес, керісінше жаңа мүмкіндік болады деп есептейді.

«Тағы бір артықшылық– бүгінде бізге қажет инвестиция ағыны. Визасыз режиммен елдер арасындағы логистикалық процесс жеңілдетіледі, демек тауар айналымы артады. Кейбір қазақтар Қытай азаматтарының көптеп келуінен қорқады. Бірақ бұл мәселе ауқымды болады деп ойламаймын«, — деп атап өтті саясаттанушы.

Алайда, белгілі қоғам қайраткері, экономист және саясаттанушы Айдар Әлібаев бұл оймен келіспейді. Сарапшының айтуынша, визалық режим екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасының дамуына кедергі болған жоқ. Визасыз режим туристердің ағылуына белгілі бір дәрежеде ықпал етуі мүмкін, бірақ ауқымды ағын болмайды деген ойда.

«Елімізде инфрақұрылымның жоқтығы қытайлықтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде келуге деген құштарлығын тез суытады. Біз 30 жыл бойы туризмді дамытуға тырысып келеміз, алайда визасыз елдерден жаппай туристер ағыны байқалмайды»,- дейді Әлібаев.

Фото: kun.uz

Қытай инвестициясы Орталық Азия елдерінің аумақтық тұтастығына қауіп төндіре ме?

Қытайдың Орталық Азиядағы инвестициясының көлемі 2022 жылдың соңына қарай 15 миллиард долларға жетті. Қытай мұнай мен газды барлау, цифрлық технология сияқты салаларда бірқатар жоба бастады.

2022 жылы Қытайға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан ауыл шаруашылығы, энергетика және минералды өнімдер импорты 50%-дан асса, Қытайдан механикалық және электронды өнімдер экспорты 42%-ға өсті.

Сәуір айының соңында Қазақстан мен Қытай 565 миллион доллардан асатын келісімшартқа қол қойды. Осылай 2022 жылдың соңында ҚР мен ҚХР арасындағы өзара сауда 24 миллиард долларға жетті. Қазақстан Қытайға мұнай мен мысты, табиғи газды, уран және күнбағыс майын экспорттайды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24,1 миллиард долларға жетті. Қазақстандық өнімдердің Қытайға экспорты 13,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (9,72 млрд АҚШ доллары) 34,7%-ға артық. Қытайдан Қазақстанға импорт шамамен $11 млрд құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (8,24 млрд доллар) 33,5%-ға артық.

Айдар Әлібаев жуырда берген сұхбаттарының бірінде Қазақстанның Қытайға ең алдымен экономикалық жағынан өте тәуелді екенін айтады. Оның айтуынша, өз азаматтарын сыртқы агрессиядан қорғай алатын сапалы армиясы жоқ ел қарызы үшін болашақта тәуелсіздігінен де айырылуы мүмкін.

«Қытай — ойын ережелері қалыптасқан ежелгі мемлекет. Жұмсақ экономикалық саясат қолдана отырып, олар қазірдің өзінде африкалық елдердің үлкен аумағын сатып алып, бүкіл әлем бойынша стратегиялық өнеркәсіптік нысандарды басып алуда«, — деп түсіндірді саясаттанушы.

Бірақ саясаттанушы Талғат Қалиев Қытай мұндай мақсат жолында ғасырлар бойы қалыптасқан беделін жойып, сенімді серіктес және геосаяси көшбасшы имиджін құрбан етпейтініне сенімді.

“Қытай әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер тізімінде екінші орында. Қытай тек Қазақстан мен Орталық Азияның республикаларына ғана емес, барлық дамушы елдерге де қомақты инвестиция құюда. Қытай жаһандық экономикадағы ойыншыға айналды, сондықтан оның тек экономикалық дамуға мүдделі деп ойлаймын«, — деп атап өтті саясаттанушы.

Сауда статистикасы бойынша Қытай Қазақстан үшін басты серіктестердің бірі болып саналады. 

Визасыз  тәртіптің талаптары

Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бойынша екі елдің азаматтары жеке істер, туризм, медицина, халықаралық тасымалдау, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсаттар (келісімшарттар жасау, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) үшін визалық талаптардан босатылады. Мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезден бастап 30 күннен аспайтын мерзімге ел аумағына кіру, шығу, транзитпен өту кезеңі 180 күн ішінде барлығы 90 күннен аспауға тиіс.

Егер келісім орнатқан бір ел азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағына кіруге ниет білдірсе, алайда сапар мақсаты жоғарыда көрсетілгендерге сәйкес келмесе, онда олар екінші тарап мемлекетінің аумағына кірер алдында тиісті виза алуыға міндетті.

Қазақстан Республикасы азаматына шекарадан өтуге жарамды құжаттар:

  • ҚР азаматының төлқұжаты;
  • ҚР қайту туралы куәлік.

ҚХР жол жүру құжаттары мыналар:

  • ҚХР азаматының жартылай қызметтік төлқұжаты;
  • ҚХР азаматының паспорты;
  • ҚХР уақытша жол жүру рұқсаты.

Келісімде сондай-ақ мемлекеттің азаматтары халықаралық жолаушылар тасымалы ашық өткізу пункттері арқылы қатынауға және қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті екені көрсетілген.

Фото: kazpravda.kz

Қытайға визасыз кімдер қатынай алмайды?

Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим, барлық азаматтарға ортақ тәртіп емес. Бұл Қытайға жұмыс бабымен баратын журналистерге қолданылмайды.

Қазақстандағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэйдың айтуынша, бұл режимніңі мақсаты- туыстармен кездесу, жеке сапар немесе саяхаттау. Режим 30 күнге дейін жарамды. Сондықтан жұмысқа немесе оқуға барғысы келетіндер арнайы виза алуға міндетті.

Бұл Қытайға оқиғаларды жариялау үшін немесе пресс-турмен баратын журналистерге де қатысты.

«Өйткені бұл — жұмыс. Бірақ журналист жақындарына баратын болса, оған виза қажет емес. Бұл сапардың мақсатына байланысты», — деп түсіндірді Цзян Вэй.

Ал, қазақстандық саяхатшылардың көпшілігі бұл жаңалықты қуанышпен қабылдап отыр. Өйткені бұрын Қытайға туристік визаны алу қиын еді. Визаны рәсімдеу 10 күнге жуық уақыт алды.

Сонымен қатар, Цзян Вэй қазақстандық кәсіпкерлерге қатысты 2023 жылғы 7 қарашадан бастап күшіне енетін Қазақстан мен Қытай арасындағы консулдық легализацияны жою туралы конвенция туралы жаңалықты да атап өтті.

«Кәсіпкерлер үшін бұл өте маңызды, іс сапарлар мен құжаттарды рәсімдеу ыңғайланды. Енді консулдық заңдастыруды рәсімдеудің қажеті жоқ», — деп қосты Бас консул.

Министрлік Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге 2023 жылғы 17 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары кезінде қол қойылғанын түсіндірді.

«Осы келісімді іске асыру тәртібі мынадай: құжаттың 11-бабына сәйкес, тараптардың  ішкі мемлекеттік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. Қазіргі уақытта қазақстандық тарап барлық мемлекетішілік рәсімдерді аяқтап, биыл 28 шілдеде Сыртқы істер министрлігі ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті хабарлама жолдады», — деді  СІМ Коммуникациялар департаментінің өкілі Айбек Смадияров. 

Қазақстан мен Қытай азаматтар туралы ақпарат алмасады 

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылданды. Келісімге Мемлекет басшысының Қытайға сапары барысында 17 мамырда қол қойылды.

«Құжат төрт бағыттан тұрады. Олар — екі елдің келген азаматтары берілген визалар, келу және болу тәртібін бұзу, азаматтыққа қабылданған адамдар туралы ақпаратпен алмасу. Бұл мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналары жолын кесуге септігін тигізеді», – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

«Азаматтық туралы ақпарат тек сұрау бойынша дипломатиялық арналар арқылы беріледі. Тегі, аты, туған күні мен жері, азаматтығы, ұлты, төлқұжат деректері, фотосуреттер тоқсан сайын жіберіледі», — деп хабарлады сенатор Мұрат Қадырбек.

Сенат Қазақстан мен Қытай арасында азаматтар жайлы мәлімет алмасу туралы келісімді ратификациялады.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі атап өткендей, бұл келісім екі ел арасындағы визасыз режимді қауіпсіз ету үшін маңызды қадам.

«Бұл келісім өзара өте маңызды, себебі қазір визасыз жүру басталса, екі жақтан да азаматтар ағыны артады. Ал заңсыз көші-қонды бақылау үшін олар (ҚХР билігі ) ақпарат алмасады міндетті шарттардың бірі ретінде ұсынды», — деп түсіндірді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Бұл ақпарат елдерге қос азаматтықпен күресу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет.

Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган ретінде Қазақстан тарапынан — ішкі істер министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қытайдан Сыртқы істер министрлігі мен көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы белгіленді.  

Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі Ержан Сәденов келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген немесе заңды бұзған жағдайда өтініштерді орындаудан бас тарту мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті.

Тараптар алмасатын азаматтар туралы мәліметтерге азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты (орыс және латын тілінде емлесі), жынысы, туған күні, туған жері, азаматтығы, сериясы, нөмірі, берілген күні, тиісті құжатты берген орган, ұлты, фотосуреті жатады.

Сондай-ақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау немесе халықтың денсаулығын сақтау мақсатында тараптардың әрқайсысының келісімді толық немесе ішінара уақытша тоқтатуға құқығы қарастырылған.

Тараптар келісімді уақытша тоқтатқанын немесе оның толықтай күшін жойғаны туралы бір-бірін алдын ала, бірақ шешім қабылданған кезден бастап 72 сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хабардар етуге міндетті.

Бүгінгі таңда Қазақстан бес мемлекетпен (Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) осындай екіжақты келісім орындауда.  

Фото: newsroom.kz

Визасыз режимнің қазақстандықтарға пайдасы

«Kazakh Tourism» АҚ басқарушы директоры Даниэль Сержанұлының айтуынша, қытайлық туристер үшін визасыз кіру мерзімін 14 күннен 30 күнге дейін ұлғайту бизнеске көбірек пайда табуға мүмкіндік береді. Квазимемлекеттік компанияның мәлімдеуінше, 2022 жылы қазақстандық бизнестің Қытайдан келген туристерден түскен табысы 16 миллион АҚШ долларына жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (8,9 миллион АҚШ доллары) екі есе дерлік көп. Бұған дейін Қытайға барғысы келетін қазақстандықтар үшін туристік виза алу міндетті болатын.

Визасыз тәртіп пен шетелдік жұмысшылардың Қазақстандағы жағдайы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы квота бойынша жұмыс істейтін шетелдік жұмысшылар санының шарықтау шегі 2015 және 2016 жылдары болды ( 37,9 мың және 36,8 мың адам). Одан кейінгі жылдары олардың – 1,4 есеге дейін төмендеуі байқалды.

Шетелдік жұмысшылар санының төмендеуі  ішкі еңбек нарығын қорғау үшін бойынша қабылданған шаралармен байланысты. Осылайша, Қазақстан Үкіметі 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға қысқартты. 

Одан кейінгі жылдары шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 29,3 мың орыннан аспады. Биыл 22,2мың жұмыс орны бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,1 мыңға аз.

2023 жылдың ақпаратына сүйенсек  арнайы рұқсаты бар кәсіпорындарда 14,4 мың шетелдік азамат жұмыс істейді. Бұлар  Қытай – 3493, Үндістан – 1722, Түркия – 1483, Өзбекстан – 1461 азаматтары.

Шетелдік мамандардың басым бөлігі құрылыс саласында – 5 262 адам, тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда – 1 441 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 143 адам, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте – 979 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 883 адам жұмыс істейді.

4 қараша күні Шанхайда жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Екі елдің үкімет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. 

«Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жақында өткен келіссөздері «алтын 30 жылдықтың» келесі дәуірінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік берді», — деді Премьер-Министр.