Палестина мен Израильдің қайта соғысуының себебі неде?

Фото: iarex.ru

Арайлым Серқанова
MNU Newsroom

Газа секторын бақылайтын палестиналық ХАМАС тобы 7 қазан күні таңғы уақытта Израильге 5 мыңнан астам зымыран жіберіп, ел аумағына басып кірді. Олар Израильге қарсы «Әл-Ақса су тасқыны» атты әскери операцияның басталғанын жариялады. Шабуылдың себебін ХАМАС ұйымы израильдіктердің Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітін басып алуымен түсіндірді. Салдарынан 1,2 мыңға жуық адам қаза тапқан. Израиль кері шабуылын күшейтіп, әлі күнге дейін шабуылды жалғастырып келеді. Газаның денсаулық сақтау министрлігінің соңғы дерегінше, Израиль шабуылынан 20 мың палестиналық мерт болған

22 қарашада Израиль мен ХАМАС қозғалысы төрт күндік бітімге келу туралы келісім жасады. Тараптардың өзара шарты бойынша, Израиль түрмелеріндегі 200-ге жуық палестиналық пен 100-ден астам кепілге алынған израильдік елге қайтарылды. Олар негізінен әйелдер мен балалар болды.

Қақтығыс 10 желтоқсанда қайта жалғасты. Сол күні ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) елдің солтүстігінде төрт рет әуе дабылы қағылып, Ливанның аумағынан оқ атылғанын айтты. Оған жауап ретінде Израиль Хезболла қозғалысының нысандарына соққы берген.

2023 жылдың 7 қазанынан 20 желтоқсанына дейін Палестина-Израиль қақтығысы салдарынан Израильде 1200-ден астам адам қаза тапты, 5000-нан астам адам жараланды. Ал Палестинада қаза тапқандар саны 20 мыңға толды. Оның ішінде әйелдер саны 4 мыңға жетіп, балалар саны 7 мыңнан асты. 

Бұл Израиль мен Палестина арасындағы бірінші соғыс емес. Осыған дейін де бірнеше рет екі тарап ашық қақтығысқа араласқан. Кейбір сарапшылар бұл өңірлік қақтығыстың жақын уақытта шешімі болмайтынын айтса, тағы бірі екі тараптың бейбіт келісімге келу ықтималдығы Осло жиынында болғанын айтады. 

Қақтығыстың бастауы

Палестина жерінде ертеректен еврейлер мен арабтар қатар өмір сүрген. Осыдан бірнеше мың жыл бұрын мұнда еврейлер құрған мемлекет те болды. Бірақ кейіннен өңір мұсылмандар қарамағына өтіп, палестиналық арабтар саны артты. Десе де, еврейлер саны аз болғанымен, олар арабтармен қатар өмір сүрді. Ал XIX ғасыр соңында зионизм қозғалысы басталып, Еуропа және АҚШ-тағы еврейлер арасында жаппай тарихи отанына қайта оралу мәселесі жаппай талқылана бастады. 

Бұл қозғалысты ағылшын империясы да қолдап, 1917 жылы елдің сыртқы істер министрі Артур Бальфур еврей текті ағылшын ауқатты азаматы Уолтер Ротшильдке жазады. Бұл тарихта Бальфур декларациясы атымен танымал. Құжатта ағылшын үкіметінің еврейлердің Палестинаға көшуін қолдайтыны жайлы айтылады. 

1922 жылы Осман империясы құлаған соң, Ұлттар Лигасы ағылшын империясына Палестинаны басқару мандатын берген. Сол кезден бастап, еврейлердің Палестина жеріне көші жиілей түседі. Ал Еуропада нацистік Германия күш алғанда, еврейлер босқын болып жаппай Палестинаға ауады. Бұл арабтардың жаппай наразылығын тудырып, екі ұлттың арасында қақтығыстардың туындауына алып келеді. Мәселенің ушығуына байланысты ағылшын империясы БҰҰ-дан көмек сұрауға мәжбүр болады. 

1948 жылы Израиль шабуылынан қашқан палестиналық босқындар/Фото: Alamy Stock Photo

1947 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы Палестинаның аумағында екі мемелкет құру туралы шешім қабылдайды. БҰҰ комиссиясының шешіміне орай, еврейлерге Палестина халқының 30 пайызын құраса да, оларға 55 пайыз жерді беру шешімі шығады. Бірақ Палестинадағы еврей билігі 1948 жылдың көктемінде ағылшын мандатының бітуіне екі ай қалғанда палестиналық арабтар жеріне жаппай шауып, өңірдің 77 пайыз бөлігін иемденіп алады. Палестиналықтар Израильдің әскери қысымынан қазіргі Газа және Иордан өзенінің батыс алқабына дейін шегінеді. Сосын ағылшын мандаты аяқталған күні, яғни 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялайды. Израильдің арабтарға жасаған бұл шабуылы тарихта Nakba, яғни “апат” деп аталды. 

Израиль ел статусын бекіткен күні оған Палестинаға көрші жатқан Мысыр, Сирия, Ирак, Ливан, Иордания, Сауд Арабиясы мен Йемен елдері соғыс жариялап, жауынгерлік бөлімшелерін Палестина провинцияларына енгізеді. 

Соғыс бірнеше айға созылып, Израиль жеңісімен аяқталады. 

Алты күндік соғыс

1967 жылы Мысыр елі Суец арнасынан Израиль сауда кемелерін өткізбей қояды. Бұл Израильдің Мысырға шабуылына жетеледі. Мысырға Сирия мен Иордания елдері қолдау білдіргенімен, Израиль аз уақытта Синай түбегін жаулап алады. Шайқас көбіне әуе арқылы жасалды. Араб елдері тарапынан 20 мыңға жуық адам шығыны болған. 

5 маусымда басталған соғыс нәтижесі аз уақытта көріне бастайды. 8 маусымда Мысыр мен Иордания, ал 9 маусымда Сирия қақтығысты тоқтату шешімін мәлімдейді. Ал Израиль атқылауды 11 маусымда тоқтатады. 

1967 жылы болған алты күндік соғыстағы Израиль қарулы күштері және тұтқынға түскен Мысыр әскері/ Фото: Rolls Press/Popperfoto/Getty Images

Алты күндік соғыс нәтижесінде Израиль Мысырдың Синай түбегін, Иордания бақылауында Иордан өзенінің батыс жағалауын және Сирияның батысындағы территориясын жаулап алады. Нәтижесінде, 300 мыңнан астам араб халқы өз үйінен кетуіне мәжбүр болды. Кейін қақтығысқа БҰҰ араласып, кей территориялар араб елдеріне қайтарылады. Нақтырақ экономикалық маңызы бар Синай түбегі 1979 жылы Мысырға қайтарылады. Бірақ Израильдің палестиналықтар мекен еткен аймақтардағы бақылауы сақталады.

 ХАМАС қандай қозғалыс?

1987 жылы 14 желтоқсанда Газа секторындағы  «Мұсылман бауырлар» ұйымының құрамында «ХАМАС» қозғалысы құрылды. Қозғалыс көбіне әскери қабілеті бар азаматтардан тұрды. 

 «ХАМАС» атауы «Харакат әл-мукауата әл-Исламия», яғни “Исламдық қарсылық қозғалысы” деген мағынаны білдіреді. Ол Израиль мемлекетін мойындамайды және 1948 жылға дейінгі Палестина өңірінде арабтар билік етуге тиіс деп санайды. 

1997 жылы АҚШ үкіметі аталмыш ұйымды террористік ұйым деп атады. 

Хамас тобы әр жылдары әскери күшін нығайтып, кибер шабуылдармен де айналысты. Израильге қарсы барлау қызметін де жүргізді. Бірнеше рет ашық соғысқа көшіп, Израиль шекарасына басып кіруге де ұмтылды. Мыңдаған зымыран ұшырды. Израиль де жауап ретінде, Газаға 2008 және 2014 жылдары шабуыл жасаған. 

Алты күндік соғыс нәтижесінде Газа аумағы Израиль бақылауына өткен болатын. Аумақта Израиль әскері болса да, Хамастың жасырын күші өңірде қолдау табады. Ал 2005 жылы Израиль әскері Газадан ресми шыққан соң, аумақтағы билік толықтай Хамас тобына өтеді.

Хамас тобы Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Палестина билігімен шығыспайды. Сондықтан Газада дербес түрде өктемдік жүргізеді. 

Израиль оккупациясы

Израиль алты күндік соғыстан кейін Иордан өзенінің батыс жағалауындағы, Газа мен Иерусалимнің шығысындағы палестиналық арабтар үстінен де әскери бақылау орнатады. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Израиль оккупациясы кезінде арабтар құқығы тапталғанын айтып, оларға қарсы қысымды апартеид деп атады. 

Израиль билігі бұл әрекетін оккупация деп есептемейді және арабтардың қайта шабуылын доғару жұмысы деп біледі. Десе де, 1967 жылдың маусымынан бастап Израиль үкіметі арабтарды үйлерінен күштеп көшіріп, арабтар жерін еврейлер қауымдастықтарына береді. 

Amnesty International дерегінше, соңғы 50 жылда Израиль үкіметі палестиналықтардың 100 га жерін тартып алып, өңірдегі 5 миллионға жуық арабтардың күнделікті өміріне физикалық шектеу қойып отыр. Соңғы жарты ғасырда палестиналықтар жеріне 600 мың еврей көшіп барғаны да белгілі болған. 

Израиль әскерінің Иордан өзенінің батыс жағалауын оккупациялағанына 50 жылға орай протеске шыққан палестиналық тұтқындалған сәті. Фото: The Finanсial Times

2001 жылдан бері Израиль әскері тарапынан палестиналық арабтарға түрлі заңсыз қысым жасалған. Халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегінше, палестиналық арабтардан Израиль үкіметіне мыңға жуық арыз хат түскен. Бірақ ешбіріне қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. 

Қазіргі соғыс салдары

Израиль әуе шабуылынан күн сайын бейбіт халық зардап шегіп жатыр. Бірақ еврей үкіметі Хамас тобының көзін құртпай, шабуылды тоқтатпайтынын мәлімдеген. 

Күні кеше Израиль әуе күші Газа орталығындағы әл-Мағази босқындар кемпіне шабуыл жасап, 70-ке жуық адамның мерт болғаны хабарланды. Al Jazeera дерегінше, Израиль үкіметі босқындар кемпі туралы білсе де, атқылауды жалғастырған. Израиль әзірге шабуыл себебін нақты түсіндірмеді. 

БҰҰ көмек күші Израиль шабуылы кесірінен Газа тұрғындарына көмек бере алмай жатқанын мәлімдеген. Соғыс басталғалы Газада 100-ден аса журналист мерт болды. 

БҰҰ-да Израильдің Газаға әуе шабуылын тоқтату туралы резолюция бірнеше рет көтерілді. Бірақ оған Батыс Еуропа елдері мен АҚШ қарсы дауыс беріп, болдырмай отыр. Израиль Хамас шабуылын антисемитизм деп бағалап, соңына дейін күресетінін айтады. Сарапшылар Израильдің бұл позициясын “Газадағы өлімді ақтап алу” деп есептейді

Израиль әскерінің Газаға әуе шабуылының көрінісі. Фото: The Associated Press

Соғыс басталғалы бейбіт келісім жасаудың бірнеше әрекеті жасалды. Қатар мен Иордания, Мысыр мен Сауд Арабиясы саяси коммуникация арнасын пайдаланып, соғысты тоқтату мүмкіндігін жасады. АҚШ сыртқы істер министрі Энтони Блинкен де өңірге ұшып келіп, араб елдерінің басшыларымен кездеспек болды. Бірақ Израильдің Газаға шабуылы күшейген тұста, араб елдері АҚШ билігі өкілімен кездесуден бас тартты.

Қазан айының соңында Қытай билігі Хамас шабуылын терроризмге теңей отырып, АҚШ-тың Израильге қолдауын да ашық сынады. Өз кезегінде, АҚШ үкіметі Израильге әскери және қаржылай қолдауын жалғастырып отыр. Бірақ шабуыл нүктелерін нақты бекітуді, Израиль бомбылауынан бейбіт палестиналықтардың зәбір көрмеуін қадағалауды сұрады. 

Әзірге екі тарапта да соғысты доғаруға қатысты еш пікір, не ұсыныс айтылмады. Өзге елдерден Израиль шабуылын доғару туралы талап айтылғанымен, соғыстың бейбіт келісімі туралы әзірге сөз болған жоқ.