Киік ату – олардың санын реттеудің жалғыз жолы ма?

Фото: freepik.com

Мақпал Батталова
MNU Newsroom

Қазан айында Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкен саны көбейіп, 148 мың гектар егістікке зиян келтіргенін мәлімдеді. Олар киік санын 15%-ға азайту керек десе, экологтар ақбөкендердің саны реттеу межесіне жетпегенін, алдымен олардың ауруының алдын алу керектігін айтады. Ал, Оралдағы Аграрлық университет киік санын реттеудің 2 жолын ұсынып отыр.

Биыл еліміздегі киіктердің саны 2 млн-ға жуықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға көп. Жыл сайын көктемде авиациялық есеппен киік санағы жүргізіледі. Олардың ұшу биіктігі – 120 м, есепке алу жолағының ені – 1600 м. Есептеу маршруттары ақбөкендер мекен етіп жүрген барлық аумақты қамтиды. Жануарлар популяциясының тығыздығы әрбір санақ бағыты үшін бөлек есептеледі.

Кейінгі жылдары “киіктер егістігімізді таптап өтті” деп шағымданған шаруалар көбейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, ақбөкендер 148,2 мың га егістікті таптап, 12 миллиард теңгеден астам залал келтірген. Ең көп шығындалған шаруалар Қарағанды (38,4 мың га) және Қостанай (47,4 мың  га) облыстарында тіркелген. Ақмола облысында 21 мың га егістік бүлінсе, Ақтөбе өңірінде 10 мыңға гектарға жуық, Ал Батыс Қазақстан облысында 5 мың га бидай алқабы тапталған.

Қазақстан территориясында тіршілік ететін киіктер жоғарыда аталған аймақтарда мекен етеді. Үкімет дерегінше, 1491 шаруа қожалығы зардап шеккен. Ішінде бидай егістігі – 91 мың га (бұл жалпы жарамсыз болып қалған шөптердің 75%-ы), зығыр – 21 мың га, ал арпа егілген – 3,6 мың га алқапқа зиян тиген. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, ақбөкендерден зардап шеккен кәсіпкерлерге ынталандыру мақсатында сақтандыру сыйақысы табысталады.

Осы сауал негізінде Newsroom тілшісі Парламент мәжілісіндегі Аграрлық сала комитетінің басшысы Серік Егізбаевтан сұхбат алды.

«Бұл шындыққа жанаспайды. Кез келген жануар кедергілер болмаса, көк шөп бар жерде жайылады. Оларға тыйым салу мүмкін емес», – деді ол.

Аграрлық комитет төрағасы тамыз айында Батыс Қазақстан облысына іссапармен барып, арнайы жиын ұйымдастырғанын айтты. Бұл жиынға Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық бөлімшесі мен ауыл шаруашылығы басқармасы, сондай-ақ шаруа қожалықтары өкілдері қатысқан.

Осыған орай, редакция тілшісінің сауалына экология министрлігің өкілдері “Бетпақдалағы киік популяциясын 15 пайыз, ал Оралдағы санын 20 пайыз азайту көзделгенін” айтты. Аталмыш бұйрық 2023 жылғы 6 қазаннан бастап қолданысқа енген.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елдегі киік санын реттеу керектігін айтып, оны атуға шешім қабылданғанын, мәлімдеген еді. Киік Министр «киік санының артуы ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр» дейді.

Министрліктің 13 қараша БАҚ-та жариялаған мәліметі бойынша, қазірдің өзінде 11 мыңнан астам киік атылған.

Фото: instagram.com/sakendildakhmet

“Ақбөкендер саны аурумен де реттеледі”

Эко-белсенді Сәкен Ділдахмет киіктерді ататындай саны көп өспегендігін алға тартып, олардың ауруларына ден қою керек деп есептейді.

“Киіктерді атуды тоқтатуымыз керек. Киіктерді ату мараторийін кем дегенде 2025 жылға дейін созып, олардың ауру мәселесін зерттеу керек. Өкінішке қарай, киіктер 2015 жылы пастереллёз  ауруынан қырылған сәттен бастап бұл мәселе әлі зерттелмеді”, — дейді ол You Tube желісінде жариялаған бейнематериалында.

Экологтың сөзінше, пастереллёз ауруы қайталанса, Қазақстан территориясындағы 1 млн киік қырылып қалуы мүмкін. “Бұл өте үлкен қауіп,” — дейді ол.

Пастереллез ауруы асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттарында кездесетін пастерелла аэробты бактериясынан пайда болады. Ол жануарлардың иммунитетінің әлсіретіп, сосын қанға түседі. Бүкіл денеге таралады.

Айта кетейік, бұл аурудан 2010 жылы – 12 мың, 2012 жылы – 1 мың, 2013 жылы – 1,5 мың ақбөкен жаппай қырылды. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш үш облысты қатар алғанда (Ақтөбе, Акмола, Қостанай) 134 мыңға жетті.

Ақбөкендер санын реттеу үшін резервтер құрылды

Жергілікті әкімдіктердің дерегінеше, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы құрылымдары егіс алқаптарын киіктердің таптауынан қорғау мақсатында өз қаражатынан қоршау жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Ал Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылдың 1 шілдесінде Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы және Жанақала аудандарының аумағында 657 мың гектар алаңда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылған. Ондағы мақсаттардың бірі – киіктердің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын барынша азайту.

Сондай-ақ,  «Бөкейорда» резерваты, «Охотзоопром» мекемесі және Жәнібек ауданының әкімшілігі бірлесе отырып, киіктерге тосқауылдар мен 3000 дана арнайы үркіткіш орнатылған.

Фото: kz.kursiv.media

Альтернативті шешім қандай?

Жәңгір хан атындағы Қазақ агротехникалық университеті ақбөкендердің санын реттеуді екі жолмен шешуге ұсыныс білдірген.

Оның бірі – коральдік торлармен қамап ұстау болса, екіншісі түнде арнайы прожекторлармен жарық түсіріп, ату жұмысы.

«Негізі дүниежүзінде өзге де ұстау түрлері бар. Мысалы, Аустралияда кенгуруларды, қояндарды аспаннан ұшақпен улау жұмыстары жүргізіледі. Ал Америкада буйволдар мен мустангтарды әскер жалдап атады. Бізде олай емес, барынша гуманды жолмен реттеуге тырысып отырмыз», – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Жәңгір хан университетінің проректоры Әлжан Шәмшідін Newsroom тілшісіне.

Жоғарыда аталған екінші әдіспен ату үшін арнайы көлік құралдары мен қашықтағы жарық көздері арқылы түсіру жоспарланған.

Бұл туралы Әлжан Смайылұлы берген бионегіздемеде былай деп көрсетілген:

«Түнгі атыс кезінде жүк көлігіне мінген 3-4 адамнан тұратын аңшылар тобы күшті прожектор арқылы ақбөкен табын тауып алады, ал соқыр жануарлар төмен жылдамдықпен келе жатқан көлікке бірте-бірте жақындайды. Үйірден 100-200 м қашықтықта көлік тоқтап, шахтер (артқы жағында) қосымша қуатты фараны қосады. Кабинадан 2 атқыш ату қашықтығына жүгіріп шығып, қозғалмайтын қалыпта соқыр ақбөкендерді тегіс жерден атады. Оларды оқ патрондарын қолданатын ұңғылы мылтықтармен немесе кең, жартылай снарядты оқтары бар патрондарды қолданатын винтовкадан жасалған қарулармен атады».

Ал киіктерді атып, одан жоғары сападағы ет өнімін алу үшін аңшылар тек мойнынан немесе жануардың басынан атуы керектігі айтылған.

Сондай-ақ, редакцияға келген құжатта: «Алайда, бұл әдісті қолдану кезінде жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мамандандырылған ұйымның инспекторлары, мемлекеттік инспекторлардың қатаң бақылауында аңшылар отрядтарымен бірге жүруі керек», – деп жазылған.

Жануарлардың өлекселерін терісімен және ішек-қарындарымен бірге 5-6 сағат суытылғаннан кейін ғана жүк көліктеріне тиеліп, ет өңдеу орындарына жеткізіледі.

Ал коральдік жолмен торға кіргізіп ұстау әдісі бойынша, киіктер ауланғаннан кейін 6-10 адамнан тұратын бригада қатысады. Жалпы бұл әдіспен жоспар бойынша, 1 күнде 700-1000 ақбөкен ет комбинаттарына жеткізілмек, ал 1 айда 21 – 30 мың-ға дейін.

Алайда, Аграрлық университет проректоры ұсынылған жолдармен аулау жұмыстары кеш басталғанын атап өтті. Ол 15 қыркүйектен басталуы керек жұмыстар, тек 6 қазанда ғана қолға алынғанын айтты.

«Кораль торларымен бір апта бойы ұстауға тырысты, бірақ ол мүмкін болмады… Ал енді қазір екінші жол, түнде жарық түсіріп, ату жұмыстарын жасап жатыр… Онымен қоса дайын ет комбинаттары болмай қалып жатқан да жайы бар”, – деді ол редакция тілшісіне.