Түнгі клубтардағы заңсыздық: келушілер неге жасы мен жынысына қарай ақы төлейді?

Фото Kandinsky жасанды интеллект платформасында жасалды

Сандуғаш Фазыл
MNU Newsroom

Астана қаласындағы түнгі клубтардың көпшілігі келушілерді ақылы түрде кіргізеді. Қыздар мен жігіттерге жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі баға бекітілген. Алайда клубқа келушілердің кейбірі кіру құнын жынысқа және жасқа бөлуді алалау деп санайды.

Астанада жастар арасында сұраныс жоғары 20-дан астам түнгі клуб бар. Олардың бірқатары келушілерді киімі мен сырт көрінісіне және жасына қарап іріктейтін ережелер енгізген. Ал кейбіреулеріне сұраныс тым көп болғандықтан, арнайы кіру құн бекітілген. Яғни келушілер түнгі клубтағы орынға емес, тек кіруге ақы төлейді. Заңгер Айдос Ермекұлы ойын-сауық орталықтарына кіру қызмет немесе өнім емес екенін айтып, оны заңсыз дейді.

“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ҚР 2010 жылдың 4 мамырындағы №274-ІV заңы бойынша тек концерттік бағдарлама болса және кіру билеті берілсе ойын-сауық орталығына кіру ақылы болуы мүмкін”, – дейді заңгер.

Кіру құны қанша?

Интернеттегі ашық дереккөздерге сүйенсек, елордадағы танымал түнгі клубтарға кіру құны 500-ден 10 000 теңгеге дейін барады. Кіру құны келушілердің жынысына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, Қабанбай батыр көшесінде орналасқан “Забери меня” атты барда қыздарға 02:00-ге дейін кіру тегін, одан кейін – 3000 теңге. Жігіттер кез келген уақытта кіру үшін 4 000 теңге төлеуге тиіс. Ал Тұран даңғылындағы “Zima Gold” түнгі клубында сағат 00:00-ге дейін қыздарға кіру тегін, одан кейін – 3 000 теңге, ал жігіттерге бұл “қызмет” 7 000 теңгені құрайды.

Астанада ашылған “BlaBlaBar” кіру құны ең жоғары клубтар қатарына кіреді. Абу Даби Плаза ғимаратындағы бұл мекемеге кіру үшін елордалықтар мен қала қонақтары 10 000 теңге төлейді. Бұл сома тек кіру құны саналады. Ал үстел не бар алдынан орын алу үшін қосымша тағы ақы төлеу қажет.

Астаналық Аржан Садуақас есімді заңгер “BlaBlaBar” түнгі клубына депозит төлеп кіру мәселесі бойынша сотқа шағым түсірген. Жақында заңгер сот шешімі нәтижесінде жеңіп шыққаны жайлы әлеуметтік желіде бөлісті. Үкім бойынша түнгі клуб иесі Анастасия Артеменко арыз берушіге моральдық өтемақы төлеуге тиіс болған. Алайда Артеменко соттың шешімімен келіспей, апеллияцияға берген.

MNU Newsroom тілшісі заңгермен байланысып, сот процесі туралы сұрап білді. Оның сөзінше, апелляция бойынша соңғы сот отырысы 6 желтоқсанда өткен. Екі тарап та өз позициясын қорғап, дәлелі мен аргументін тағы да ұсынды. Енді сот үкімі 12 желтоқсанда шығады.

Елорда университеттерінің бірінде оқып жүрген Аружан (есімі өзгертілді) түнгі клубтарға ақша төлеп кіруді дұрыс санайды.

“Егер барлығы тегін кіретін болса, клубтарда адам өте көп болушы еді. Сәйкесінше, қауіп-қатер де, зорлық-зомбылық та көп болар еді деп ойлаймын,” – дейді Аружан.

Тағы бір Астана тұрғыны Нұрберген Қуанышбек бұл пікірмен келіспейді. Түнгі клубтарға кіру бәріне бірдей тегін болуы керек дейді. Оның сөзінше, кіру ақылы болғаннан келушілер саны азаймайды.

“Түнгі клубқа бармайтын адам қанша жерден тегін болса да келмейді. Тиісінше, барамын деген адам қанша қымбат болса да, өзін шектемейді. Осылайша, біз тек кәсіпкерлердің қалтасын қалыңдатамыз”, – дейді Қуанышбек.

Фото Kandinsky жасанды интеллект платформасында жасалды

Келушілерді жынысқа бөлу

“Забери меня” бары әкімшілігі қыздарды 18 жастан, ал жігіттерді 21 жастан кіргізеді. Тұран даңғылында орналасқан “Бар 22” клубында да дәл осындай жас шектеуі бар.

Түнгі клубтардың кіру құнына байланысты ережесімен кейбіреулер келіссе, кей адамдар оны алалау деп есептейді. Мәселен, 21 жастағы Темірлан (есімі өзгертілді) мұны әділетсіздік деп санайды.

“Сен – әйелсің, сен – еркексің деп кіру құнын әртүрлі етіп жасау дұрыс емес. Мен оны әділетсіздік деп санаймын. Себебі барлығымыз бірдей сол клубтың клиентіміз”, – деді ол.

“Қыздарды және жігіттерді мұндай жас айырмашылығымен кіргізу – маркетиенгтік қадам. Жасы үлкендеу жігіттер көбіне қаржыдан қысылмайды және жас қыздарға ақшасын жаратады”, – дейді “Бар 22” клубының бұрынғы бармені Әмір Айтбай.

19 жастағы Әдемі (есімі өзгертілді) түнгі клубтарға қыздар да, жігіттер де бірдей жастан кіруі керек дейді. Оның сөзінше, бұл теңсіздікке алып келеді.

“Өткенде түнгі клубқа досыммен бірге келдім. Бірақ ол жердің қызметкерлері маған кіруге рұқсат берді де, досыма 21-ге толмағандығын айтып кіргізбей қойды. Бұл мүлде дұрыс емес. Қыз баласы болғандықтан, түнде жалғыз жүруге қорқамын, сондықтан мен де клубтан кетіп қалдым”, – деді ол.

Фото: redtable.kz

“Кәмелетке толмағандар да кіре береді”

Түнгі клубтарға бар қызметін ұсынатын “Kingsman” атты компания өкілі Ринат (есімі өзгертілді) ереже бойынша қыздарға 21 жастан, ал жігіттерге 23 клубқа кіруге рұқсат дейді.

“Алайда ережеге ешкім қарамайды. Шындыққа тура қарайтын болсақ, көбіне 18 жастан асқан адамдар кіре береді. Кейде тіпті 18-ге толмаған жасөспірімдерді де кездестіреміз. Келуші  ұқыпты әрі dress code-қа сай киінген болса, ол кәмелеттік жасқа толмаса да, клубқа келе алады”, – дейді Ринат.

“Бала құқықтары туралы” заң бойынша 18 жасқа (кәмелетке) толмаған адам бала деп есептеледі. Заңгер Айдос Ермекұлының айтуынша, заң бойынша баланың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне кіруіне, сондай-ақ заңды өкілісіз жүруіне тыйым салынады.

Қорғалжын тас жолындағы BHB түнгі клубының промо қызметкері Ділназ Бохаева жастар келетін клубтарда ішімдік сатар алдында жеке куәлік тексерілмейтіндігін айтты. Бұл ретте, «промо» деп түнгі клубқа келген ер азаматтарға ішімдік алғызып, клубтың пайдасына жұмыс істейтін жас қыздарды атайтынын айта кеткен жөн.

“Кәмелет жасына толмаған клиенттер жеке куәліктерін қолдан жасап, клубқа жайбарақат кіре береді. 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің келуі қалыпты жағдай. Әрине, бұл заңға қайшы, бірақ олардың кіру не кірмеуін қарапайым қызметкерлер емес, түнгі клуб әкімшілігі шешеді”, – деді Бохаева.

Ал клуб бармені Арсен Қапалбаев бармендер өз пайдасына жұмыс істегендіктен, жеке куәлік тексермейтінін айтты.

“Кейбір қызметкерлер пайызбен жұмыс істегендіктен, касса төмен болып жатса, жас айырмашылықтарына қарамай, ішімдік сусындарын сата береді. BHB клубының контингенті жастар, сәйкесінше 18-ге толмағандар да көп келеді”, – деді ол.

MNU Newsroom тілшісі BHB клубы әкімшілігіне осы мәселеге орай бірнеше рет хабарласты. Байланыс орната алмаған соң, клуб мекенжайына барып, әкімшісінің жеке байланыс нөмірін алды. Бірақ түнгі клуб өкілі редакция сұрақтарына жауап бермеді.

Түнгі клубтар әкімшілігі кәмелетке толмаған жастарды қанша шектеуге тырысса да, ондай факті жиі тіркеледі. Мысалы, Астана қаласы Полиция департаменті мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері 130 жасөспірім клубта жүрген жерінде ұсталған.

“2022 жылы тексеру жұмыстары нәтижесінде түнгі клубтардан – 71, 2023 жылы – 59 жасөспірім табылды. Мұндай жағдайда баланың ата-анасы және клубқа кіруге рұқсат берген әкімші жауапқа тартылады”, – дейді ювеналды полиция бөлімінің басшысы Нэлля Дощанова.

Қалалық полиция департаменті өкілі түнгі ойын-сауық орындарына жиі тексеру ұйымдастырылатынын айтты.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша, кәмелетке толмаған балаларға алкогольді өнімді сату салдары айыппұл төлеуге әкеп соғады. Айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 202 835 теңге (1 АЕК – 40 567 теңге), дара кәсіпкерлерге – 811 340 теңге, шағын немесе орта кәсіптері бар заңды тұлғалар үшін – 1 622 680 теңгені құрайды. Ал ірі кәсіптері бар заңды тұлғалар 2 434 020 теңге төлеуге міндеттеледі.