Қазақстанның ішкі нарығы отандық ет өнімдерімен қаншалықты қамтылған?

Фото: ww.ekam.ru

Ақбаян Арапшаева
MNU Newsroom

Қазақстанда ет және ет өнімдерінің өндірісі жыл өткен сайын өсіп келеді. Алайда фермерлер халықтың сұранысын  әлі де толық қамтамасыз ете алмай отыр. Нақтырақ айтқанда, жылқы, құс, сиыр және шошқа еті бойынша импортқа тәуелділік байқалады. 

Таяуда бұл мәселеге қатысты экономистер мен сарапшылар арнайы бас қосып, “Мал шаруашылығының қазіргі жағдайы және мәселелерді шешу жолдары” тақырыбы аясында кездесу өткізді. 

Жиынды Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институты (ERI) ұйымдастырды.

Институт сарапшыларының сөзінше, өткен жылы 9,6 миллион долларға жылқы еті импортталған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстарғанда 1,8 есе көп. Ал экспорт болса тіпті нөлге тең. 

Институттағы салалық талдау орталығының жетекші сарапшысы Аят Наурызов ішкі өндіріс пайызы жылқы етін тұтыну пайызын толық қамтымай жатқанын айтты.

“Жылқы саны тұрақты көбеюде. Алайда оған қарамастан, импорт көлемі азаймады. Отандық өндіріс жеткіліксіз болғандықтан, импортқа тәуелді болып отырмыз”, – дейді ол.

Фото: автор

Соңғы 6 жылда еттен бөлек, жылқыны тірідей импорттау көлемі ұлғайып келеді. Қазақстанда жылқы басының саны артқанына қарамастан, импорттауға 2022 жылы $5,5 миллион жұмсалса, экспорттан елімізге небәрі 378 мың доллар кіріс кірген. 

Trademap.org дерегіне cәйкес 2022 жылы салқындатылған және мұздатылған жылқы етін импорттайтын елдер қатарында Қазақстан 8-орында тұр. Рейтингтің көшбасшысы болған Италия $142,3 миллионға 25,2 мың тонна ет сатып алған. Ал екінші орындағы Жапония $45 миллионға 5,6 мың тонна ет импорттаса, үшінші орындағы Франция 7,1 мың тонна етке 40,7 миллион доллар жаратқан. 

Қазақстан ет одағы директоры Мақсұт Бақтыбаев “жылқы еті елімізде жетіспейді” деген тұжырыммен келіспейтінін айтты. Ол “өнімнің жоқтығынан емес, басқа бағаланбайтын елдерде арзан болғандықтан импортталады” деп есептейді.

“Аргентина, Канада сияқты елдерде аттың етін тұтынуға тыйым салынған. Сондықтан олар [оны] экспорттайды. Бізде де Жапония мен Қытайға экспорттау бойынша келісім бар. Әрине оған бірінші инвестиция мен белсенді кәсіп қажет”, –  дейді Бақтыбаев.       

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал басы 103, қой 104, шошқа 97, жылқы 108  және құс өнімі 109 пайызға өскен.

Алайда Қазақстан фермерлері қауымдастығының өкілі Ермек Ерғазыұлы бұл статистикамен келіспейтінін және оған күмәні бар екенін айтты. Оның сөзінше, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары ай сайын Ұлттық статистика бюросына есеп берсе, шағын шаруалар мүлдем есеп тапсырмайды.

Сонымен қатар сарапшы 2030 жылға дейін өндірісті екі есе арттыру мүмкін емес екенін атап өтті.

“Өткен жылғы статистикаға сәйкес, біз 7 мың тоннаға жуық сиыр етін импорттадық. Бұл 1,3 пайызға тең.  Ал жылқы етінің импорты шамамен – 4 мың тонна. Құс етінің импорты болса ішкі нарықтың 36%-ын алып отыр. Ол дегеніміз, 153 мың тонна ет. Бұл біздің әлі сиыр, құс және жылқы етімен қамтамасыз етілмегенімізді көрсетеді”, – дейді Ерғазыұлы.

Алайда Ермек Ерғазыұлы бұл салада Қазақстанның потенциалы барын жоққа шығармады. 

“Ресейден арзан бағада тауар тасымалданғандықтан, импорттың болуы түсінікті жайт. Әйтпесе жылқының етін нарықтағы бағамен сатып алу мүлдем тиімсіз”, – дейді ол. 

2010 жылдан бастап ауыл шаруашылығы министрлігінің саясаты ірі бизнесті қолдауға бағытталды. Ферма өкілінің пікірінше, бұл қате шешім болыпты. 13 жыл ішінде өндірістің өсуі бірнеше пайызды ғана құраған. 

“Сондықтан егер мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтқымыз келсе, орта және шағын бизнес қажет. Сонымен қатар, шаруа қожалығының тұрғындары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Тек осы жағдайда ғана біз өнімнің әлеуетін арттыра аламыз”, – дейді Қазақстан фермерлері қауымдастығының өкілі.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Баян Абдрахманова заң бойынша мемлекетте азық-түлік тәуелсіздігі болу тиіс деп есептейді. Оның сөзінше, 2030 жылға дейін әлеуметтік маңызы жоғары өнімдермен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оларға сиыр еті мен құс еті жатады.

“Соңғы бес жылда ішкі нарықтың қажеттілігін отандық ет өнімдерімен   қамтамасыз ету 80 пайыздан асады. Жалпы осыған қарап біз өзге елдерден тәуелсізбіз деп айта аламыз. Дегенмен өндіріс пайызымен қоса, сұраныс та қарқынды өсіп жатыр. Сәйкесінше, өндіріс көрсеткіші тұтынушылардың қажеттілігін толық қамтымай отыр”, – дейді институт директоры.

Баян Абдрахманованың сөзінше, жиырма жыл ішінде тұтынудағы өндіріс үлесі төмендеген. Өйткені тұтынудың өсу қарқыны өндіріске қарағанда жоғары. Мысалы, 2015 жылы Қазақстан қажетті 1,2 миллион тонна еттің орнына шамамен 931 мың тонна ет өндірген. Осы орайда импорт 236 мың тоннаға дейін жетіп тұр. Тіпті 2016-2019 жылдар аралығында импорт отандық өндірістен асып түскен. Десе де, 2020 жылға қарай импорт көрсеткіші күрт азайды. 

Ал Қазақстанда құс еті міндетті 80 пайызға да жетпейді. 17 жыл ішінде импорт көлемі екі есе артып үлгерген. 2004 жылы өндіріс – 41,3 мың тонна, тұтыну – 119,3 мың тонна, импорт – 80,7 мың тоннаны құраған. Ал 2021 жылдың көрсеткіштері бойынша өндіріс – 272,6 мың тонна, тұтыну – 437,8 мың тонна, импорт – 168,6 мың тоннаға теңесіп отыр. Жылдық қажеттіліктің тек 62,3 пайызы орындалған.

Елімізде шошқа етіне де сұраныс басым. Дегенмен оның саны жылдар бойы бірқалыпты. Сол себепті де импорт 4,4 есе артып, 19,7 миллион долларға дейін жетті. Институт сарапшысы Аят Наурызов осы мәселені ескерген жөн дейді.

Қазақстан ет одағы директоры Мақсұт Бақтыбаев шошқа етінің импорттық тәуелділігін 2020 жылы Ақтөбе қаласындағы ең ірі ферманың жабылуымен түсіндірді. Одан бөлек, Алматыда екі шошқа кешені жұмысын тоқтатқан екен. Оған дейін Қазақстанда 25 шошқа фермасы болған.

Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми институтың өкілі Талғат Қарымсақов мал шаруашылығын дамытпас бұрын жем-шөп өндірісіне назар аудару керек дейді.

“Мал өнімінің сапасы 60-70% жем-шөпке байланысты екені бәрімізге белгілі. Бүгінгі таңда бізде 7 миллион тонна жем тапшылығы бар. Ол шөп, пішен, сүрлем. Жалпы жем-шөппен қамтамасыз ету 60 пайызды құрайды. Яғни бізде 40 пайыз тапшылық бар”, – дейді ол.

Қарымсақов малды азықпен қамтамасыз ету үшін дақыл егетін жер көлемін кеңейтуді ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде жем-шөп дақылдары үшін шамамен 16 миллион гектар болса, қосымша тағы 3 миллион гектар жер қажет. Оның ішінде көпжылдық дақылдар бойынша 1,3 миллион гектар керек. Ал шырынды азық үшін 300 мың гектар қажет. Сарапшы егер осы ұсыныс қолға алынса, онда азық тапшылығы мәселесін шешуге болатынын айтты.

Елімізде 2020 жылы қойды тірідей экспорттауға тыйым салынғалы қой етінің өзге елдерге тасылмалы $6,4 миллионнан $41,1 миллионға жетті. Импорт саны шамамен 27 есе азайды. 

Астанадағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің академигі Төлеухан Садықұлов қой өсіру мал шаруашылығының дәстүрлі саласы болғанымен, Қазақстанда бұл саланың мүмкіндігін толық пайдаланылмай жатыр деп есептейді. Ол қой шаруашылығы аграрлық сектордың ірі салаларының бірі болатынына сенімді. Сондықтан жасанды ұрықтандаруды қолға алу қажет дейді.

“Жасанды ұрықтандыру тарихпен дәлелденген тәжірибе. Ал Қазақстанда ол қолға алынбаған. Ол үшін көп қаражат та керек емес. Бастысы қой өсіруге жақсы мүмкіндік пен жайылым бар. Бір кездері Қазақстан 400 мың тоннаға дейін қой етін өндірген. Жасанды ұрықтандыру кезінде бірдей шығындармен 5-6 кг артық өнім алуға болады”, – дейді академик.

Онымен қоса Садықұловтың пікірінше, тұқымаралық шағылыстыру маңызды. Соңғы онжылдықта шет мемлекеттер ең арзан етке қызығушылық танытып отыр. Әсіресе жас малдың етіне сұраныс артқан.

“Қазір Қазақстанда 19 миллион қой бар. Олардың 80 пайызы тез жетілуімен, аз энергия тұтынумен ерекшеленеді. Төрт айда қойдың салмағы 35-40 киллограммға жетеді, бұл 17-20 киллограмм ет деген сөз. Сондықтан Қазақстанда мал шаруашылығының басты бағыты қой шаруашылығы болуға тиіс. Қазір біз 180 мың тонна ет өндіреміз. Әлемдік көрсеткіште 8-орын алып отырмыз”, – дейді ол.