Зорлық-зомбылық – тек ұрып-соғу емес

Сурет авторы: Alexandra Levasseur, «Blindness»

Назым Тұяқбай, Ильнара Менисова
MNU Newsroom

ҚР ІІМ ақпаратына сәйкес, ішкі істер органдары жыл сайын тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам арыз тіркейді. 2022 жылдың 10 айында денсаулыққа ауыр және орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 794 қылмыстық іс қозғалды. Ал 93 әйел отбасындағы агрессорлардың қолынан көз жұмды. 2023 жылдың басынан бері полиция тұрмыстағы зорлық-зом­былық салдарынан 18 кісі өлтіру дере­гін тіркеген. 

Әр тұрмыстық зорлық-зомбылық алдымен эмоциялық зорлық-зомбылықтан бастау алады. Күнделікті өмірде эмоциялық зорлық-зомбылықтың физикалық зорлық-зомбылықтан айырмашылығын байқау қиынырақ: ол адам денесінде із түсірмегенімен, кейде одан да жойқын әсер қалдырады. Өкінішке қарай, қоғам моральдық денсаулыққа салғырт қарағандықтан, психологиялық зорлық-зомбылықты байқамайды.  

Бишімбаевтің кейсінде де бұл оқиға көрініс тапты. Экс-министр жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген. Осыдан екі ай бұрын отбасылық кештің бірінде Салтанат сіңлісіне психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болғанын және күйеуінен кеткісі келетінін айтқан. Онымен қоса, Бишімбаев жұбайының жұмыс істеуіне қарсы болған және ешқайда шығармаған. Бұл алғашқы ред флаг-тардың (қауіпті сигнал) бірі еді.

Салтанаттың басынан өткен оқиға — эмоциялық зорлық-зомбылықтың бір түрі ғана. Әділетсіз сын, қорқыту, мәжбүрлеу және т.б. – терең психикалық жарақат тудыратын  психологиялық қорлаудың басқа да құралдары. Бұған қарсы тұруға бола ма? Жасырын агрессияны анықтау мүмкін бе? 

Эмоциялық зорлық-зомбылықтың қандай түрлері бар? 

Изоляция – таныс адамдармен, достармен, туған-туысқандармен сөйлесуге шектеу қою, әр іс-әрекетін қадағалап, әлеуметтік желілерде белсенді болуға тыйым салу. 

Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың қарым-қатынасы ер азаматтың қалауымен басталған. Достарының айтуынша, экс-министр бойжеткенді инстаграмда көріп, сырттай ғашық болған. 

“Өзі тауып, өзі қол жеткізді. Салтанат алғашында кездескісі келмеді. Себебі ол маньяк сияқты құрбымыздың артынан қалмаған. Оның әрекеттері бізге оны (Салтанат Нүкенова — ред.) қатты жақсы көретін сияқты көрінді”, — дейді құрбысы. 

Салтанаттың құрбылары күйеуі оған ешкіммен сөйлесуге рұқсат бермегенін, тіпті достарымен кездесу мүмкіндігінен айырғанын айтады.

“Егер біз бір жерге барсақ, оның күйеуі бізбен бірге болды. Ол оны (Салтанат Нүкенова — ред.) ешқашан жалғыз қалдырмайтын”, — деді құрбылары.

Газлайтиң – адамның сезімін құнсыздандыру, айып тағу, ойының дұрыстығына күмән келтіру. Оның салдарынан жәбірленуші өзіне деген сенімін жоғалтады. Мұнда манипулятор өзінің ойын іске асыру үшін орынсыз пікірлер мен әзіл-қалжыңдар айтып, жәбірленушінің әрекеті қате екеніне сендіруге тырысады.

25 жастағы Алматы тұрғыны Раушан Әшір өмірінің ауыр кезеңінен кейін селф-коучиң трениңіне жазылып, 2017 жылдың басында Аян (кейіпкер есімі өзгертілген — ред.) есімді психологпен танысады. 

“Екі жылдан кейін ата-анамның ажырасуы маған ауыр тиді. Сөйтіп мен оған (Аян — ред.) жеке терапияға жазылдым. Бәрі сол сәттен басталды”, — дейді Раушан. 

Оның айтуынша, Аянның психологиялық білімі жоқ. Ол өзінің “авторлық” әдістерін ойлап тапқан. Сондай сеанстардың бірінде Аян оқуға келген әйелден танымайтын адамға қоңырау шалып, телефонға анайылау дыбыс шығаруды бұйырған. Психологтың ойынша, бұл әйелдің энергиясын көтеруге, ашылуға “көмектеседі”. 

“Бірнеше жыл бұрын мен Мәскеуге оқу бабымен көшкім келді. Сол кезде ол (Аян — ред.) менің Қазақстанда қалып, оған бала туып бергенім дұрысырақ деп ойымды өзгертуге тырысты”, — дейді Раушан Әшір. 

Аянның қысым көрсеткені соншалық, тіпті Раушан “мен оған бала туып беріп, ары қарай еркін өмір сүремін” деп ойлай бастаған. Кейін бойжеткен екі психологқа барып қана, оқиғаның абсурдтығына көз жеткізген.

Жәбірленушінің сөзінше, 5 жылға созылған қарым-қатынаста Аян психологиялық басқару түрлерін қолданған. Оның ішінде нейро-лингвистикалық бағдарлау, Эриксон гипнозы, газлайтиң кездеседі. Нейро-лингвистикалық бағдарлау манипуляция арқылы қарым-қатынасқа кері әсері бар тәсілдерді пайдаланып, жәбірленушінің зорлаушыға тәуелді болып қалуына алып келеді. 

Дәл осы сияқты оқиғалар Қазақстанда жиі кездесетінін эксперттер растайды. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Айнұр Абайқызының пікірінше, қазақ қыздары харассментке тап болып жатқанын әрдайым түсіне бермейді.

“Олар (әйелдер — ред.) жұмыста, таксиде, көшеде, қоғамдық орындарда өздерінің шекарасына кірген адамның іс-әрекетіне романтикалық астар /әсер/ беріп, норма деп қабылдайды”, — дейді әлеуметтанушы Жаннұр Білдебаева.

Бақылауда ұстау – абьюзив қарым-қатынастың басты белгісі. Жәбірлеуші қызғаныштан жиі хабарласып, фото және видеоқоңырау арқылы есеп беруін талап етеді. Салдарынан адам артық іс-әрекет жасауға қорқып, әрдайым кінәлі сезінеді. Бұл арқылы өзін сыртқы әлемнен алыстатады.

2023 жылдың 2 шілдесі күні Ақтау қаласының су арнасынан 21 жасар Валерия Шальнованың денесі табылды. Полиция алғашында бұл деректі ҚР ҚК 105-бабы (суицидке дейін жеткізу) бойынша тіркеді. Дегенмен марқұмның туған әпкесі Каролина Шальнова сіңлісінің қоғамдық өмірде белсенді болғанын айтады. Алайда Әмір (кейіпкер есімі өзгертілген — ред.) есімді жас жігітпен кездесіп жүріп, эмоциялық әрі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. 

Туыстары қыздың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбей, іске Әмір қатысты деп күдіктенген еді. Араға 3 ай салып қана, мәселенің ақ-қарасы ашылып, бастапқы 105-бап ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» болып өзгертілді

“Ол (Әмір — ред.) өте қызғаншақ. Ол үнемі Валерияның артынан аңдып, үнемі бақылап отырды, кіммен және қайда екенін тексеріп, сол үшін үнемі жанжалдар болды. Ол (Валерия — ред.) зорлық-зомбылыққа шағымданатын, кейде тұншықтырып, денесі көгеріп жүретін”, — дейді әпкесі Каролина.

Осылайша, абьюзив қарым-қатынастың салдары мақсаты айқын адамның болашағына балта шаба алады.

Сурет авторы: Alexandra Levasseur, «The Player I»

Экономикалық/қаржылық зорлық – жәбірленушінің қаржылай еркіндігі мен ресурстарын шектеу. Әйел тұрмыс құрғаннан кейін жұбайы жұмысқа орналасуға немесе білім алуға мүмкіндік бермейді. Осылайша, әйелдің орны балалармен үйде деп сендіреді. Бұдан бөлек, жәбірлеуші несиелерді әйелінің, ал жылжымайтын мүлікті өзінің атына жазады. Яғни пәтер, үйді сату немесе кепілге қою құқығын өз атына алады. #НеМолчиKz фондының ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы әр 10 әйелдің 7-еуі қаржылық зорлықтың кесірінен күйеуіне тәуелді болып отыр.

Президенттің бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың экс-әйелі Мөлдір Қабылова күйеуі қаржылық қысым көрсетті деп айыптап отыр. Бұл туралы Мөлдір Президентке видео үндеу жолдап, өзі хабарлаған.  

Мөлдір Қабылова «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен екінші рет білім алып жатқан стипендиат. Ұлыбританияда бакалавриат бітірген. Ол одан кейін докторантураға оқуға түсіп, мезгілді шәкіртақысын алып отырған. Алайда күйеуімен ажырасуға арыз жазғаннан кейін, әйелінің сөзінше, Құдайбергенов 2023 жылдың ақпан айынан бастап шәкіртақының төленуін тоқтатқан. Онымен қоса, «Болашақ» бағдарламасына кепілге қойған пәтерін “тартып алып, сатып жіберген” деп кінә тағып отыр.

“Олжас жалға алынған үйдің ақшасын төлеуден бас тартты. Төрт баламмен далада қалдым”, – дейді Мөлдір Қабылова. 

Дегенмен Құдайбергенов жоғарыда жазылған айыптауларды жоққа шығарды. Істің мән-жайы әлі анықталып жатыр.

Цифрлық зорлық-зомбылық — онлайн әлеуметтік желілер мен өзге де цифрлық құралдар арқылы адамға зорлық-зомбылық көрсету. Желідегі зорлық-зомбылыққа көбінесе кибербуллиң, келісімсіз секстиң, доксиң, киберсталкиң және т.б. жатады. Бұл терминдер әлеуметтік порталдарда адамның жеке ақпаратын жария ету және оның келісімінсіз ашық жазбалар мен фотосуреттер жіберу кейстерінде кездеседі.

Жақында блогер, “Arbat.media” басылымының экс-бас редакторы Сырым Итқұловқа осындай айып тағылды. Итқұловтың бұрынғы әріптестерінің бірі, қазіргі «Ұлыс медиа» журналисі Әсем Ғұмарова болған жайды инстаграм желісінде жариялады. 

Жарияланған жазбада Сырымның қыздардың жеке шекарасын аттап, олардың қалауынсыз және тоқтаусыз ашық фотосуреттер мен хабарламалар жібергені анықталды. 

Фото: Әсем Ғұмарованың Instagram желісінен алынды

Фото: Әсем Ғұмарованың Instagram желісінен алынды

«Шынымды айтсам, Сырым, мен енді ғана есейіп, “Ордада” болғанның бәрі сенің тарапыңнан мүлдем жат нәрсе екенін түсіндім. Мен 18 жаста едім, Милана да бала еді. Бұл біздің бірінші жұмысымыз, ал сіз біздің бастығымыз болдыңыз. Сіз үнемі өзіңізді әдепсіз ұстадыңыз, қыздардың жамбасын, белін ұстап, интимдік сипаттағы хабарламаларды жазатынсыз. Мен бұған қалай жауап беретінімді білмедім»,- деген Әсем Сырымға жазған хабарламасында.

Виктимблейминг немесе жәбірленушіні айыптау  — зардап шеккен адамды кінәлап, жауапкершілікті өзіне артып қою. Мәселен, әйел адам зорлық көрсе  “өзі кінәлі”, “көзіне шөп салған болар”, “тілінен тапқан болар”, “арандатудың қажеті жоқ еді” және т.б. тіркестер жәбірленушіні болған оқиға үшін өзін кінәлі сезінуге итермелейді. 

Қараша айының басында Алматыда «В-52» барында жұмыс істейтін күзетші қызды зорлады деген іс қозғалды. Ұлжанның айтуынша, күзетші оны пышақпен қорқытып, болған оқиғаның барлығын телефон камерасына түсіріп алған. Бойжеткен полицияға арыз жазғанымен, тәртіп сақшылары зардап шегушінің өзін қорқытып, үйіне келіп, құжаттан бас тартуын талап еткен. Онымен қоса, болған жайттан кейін әлеуметтік желілерде Ұлжанның өзін барға барғаны үшін кінәлаған пікірлер саны артты.  

Instagram желісінен жинақтап алынды

Психотерапевт Ажар Сұлтанова Қазақстан және АҚШ-та тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерімен жиі жұмыс істейді. Оның сөзінше, қарым-қатынас ұзақтығы неғұрлым көп болған сайын, одан құтылу соғұрлым күрделі болмақ.

“Егер абьюз бала кезден басталса, онда өз бетіңізше күресу өте қиын болады. Сізге кәсіби маманның көмегі немесе жақындарыңыздың күшті қолдауы қажет. Егер бала кезінде зорлық тәжірибесі болмаса, болашақта абьюзив қарым-қатынастың алғы белгілерін тану жеңілірек болуы мүмкін”, — деді MNU Newsroom тілшісіне берген сұхбатында.

Сұлтанованың айтуынша, біздің елде психикалық жарақат алған адамдар үнсіз қалуға және болған оқиға туралы ойламауға тырысады. Бұл жағдайды одан сайын ушықтырады. 

“Мен әйелдер өмір сүріп, күресіп жүрсін деп қолдадым. Біз «victim» — құрбан деген сөзді қолданбаймыз, «survivor» — аман қалған дейміз. Бұл сөз мұндай жағдайларға көбірек сәйкес келеді, адам өз өмірін жақсы жаққа өзгертуге барлық мүмкіндігі бар екенін түсінуі керек”, — дейді психотерапевт.