Азия ойындарындағы сәтсіздіктің себебі неде?

Фото: Тұрар Қазанғапов

Мақпал Батталова
MNU Newsroom

Қазақстан Ханчжоуда өткен ХІХ жазғы Азия ойын­дарын жалпы есепте 11 орынмен аяқтады. Ұлттық құрама спортшылары 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдеге қол жеткізгенмен, алғаш рет Азия ойындарында үздік ондыққа ене алмады. 

Азия ойындарында ел құрамасы сапында 520 спортшы бақ сынап, оның тек 80-і жүлделі болды. 2018 жылғы Жакартадағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, ұлттық құрама 15 алтын, 17 күміс, 44 қоламен 9 орынға тұрақтаған еді. Ол кезде байрақты бәсекеге 440 спортшы қатысты. Сондай-ақ, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 5 орынға ие болса (18 алтын, 23 күміс, 38 қола), 2014 жылы Пусанда рекордты көрсеткішпен 28 алтын алып, жалпы есепте 4 орыннан көрінген еді.

Ханчжоудағы қорытынды нәтижені отандық арналар «Ұлттық құрама жалпыкоман­далық есепте 11-орында болғанымен, медаль саны бойынша 5-орында» деп жа­риялап, медальдар санының көптігіне басымдық берді. Мұны кейбір желі қолданушылары «ақпаратты бұрмалау» деп атады.

Қазақстандық спортшылар Ханчжоуда қол жеткізген 10 алтынның ішінде, каратэ, джиу-джитсу, велоспорт, стенд ату секілді спорт түрлері бар. Нақтырақ айтқанда, стенд атудан Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панариналар алтыннан алқа тақты. Олар скит бағдарламасынан командалық жарыста топ жарды. Дәл осы Әсем Орынбай мен Едуард Ещенко стенд атудың скин жаттығуы микст жарысынан жеңімпаз атынды. Сондай-ақ 10 метрлік жүгірмелі нысананы мылтықпен атудан Зухра Ирназарова, 500 метрге жұптасып каноэ есуден Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жеңіс тұғырынан көрінді. Ал велоспорттан ерлер арасында жекелей жарыста Алексей Луценко, топтық жарыста Евгений Федоров бірінші орынға ие болды. Каратэшілер арасында Софья Берульцева, Нұрқанат Әжіқанов, Қайсар Алпысбай, джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды.

Мамандардың айтуынша, Азиада мен күрестен өтетін лицензиялық әлем чемпионаты  тұспа-тұс келгендіктен, бұл сынға бірінші нөмірлі балуандарды апару қиынға түскен.  Ал қазақстандықтар жиі жүлде алатын ауыр атлетикадан бұл жолы тек 3 спортшы сайысқа түсті.  Ауыр атлеттер санының аз болуы допинг дауына байланысты болып отыр.  Сондай-ақ Азиада да жеңіл атлеттер де алғаш рет алтынға қол жеткізе алмады.

Азиада ойындарында комментатор болған спорт сарапшысы Есей Жеңісұлы спортқа жастарды көп тарту керек деп есептейді.

“Биыл жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында әйелдер арасында 100 метрлік жарысқа алты-жеті спортшы қатысқан. Ал резерв болмаса қандай нәтиже күтеміз? Астанада жүргенде біраз бапкерден сұрап көргенде жергілікті жерлерде жастарды спортқа қосу өте аз деп отыр. Мысалы, ел чемпионатында күрес пен бокстың өзінде бір салмақта сегіз-тоғыз қатысушы болады. Бұл тым аз. Демек балалар мен жастар спортына көңіл бөлмей болмайды”, – дейді Есей Жеңісұлы.

Қазақ спортшылары дәстүрлі түрде жеңіс тұғырынан түспейтін бокста биыл тек екі күміс, үш қола жүлде ғана бар.

Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасынан Қамшықбек Қоңқабаев (+92 келі)  күміс алса, Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Сағындық Тоғамбай (92 келі) қола жүлдені місе тұтты. Ал әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 келі) күміс, Наталья Богданова (66 келі) қола медальға қол жеткізді.

Қазақстандық спорт жанкүйерлері бокс бәсекелерінің әділетсіз өткенін айтып, наразылық білдірді. Әсіресе, Асланбек Шымбергенов пен Карина Ибрагимованың жекпе-жегіне қатысты дау сотқа дейін жетті.

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев бұл мәселеге қатысты сотқа шағымданатынын ресми түрде хабарлаған еді. Алайда бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетовтің айтуынша, Халықаралық Олимпиада комитеті шағымды қабылдамай, бұл бәсекенің әділетті өткенін мәлім еткен. Ал Карина Ибргаимоваға қатысты зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр екен.

Фото: sputnik.kz

Азия ойындарына барған журналист, спорт сарапшысы Аслан Қаженов спортшылар дайындыққа арналған дәрумендерді, медициналық қызметтер мен психологтарға жазылуларды өз қаражатынан сатып алатынын айтады. Оның сөзінше, бокс федерациясынан өзге спорт федерацияларында арнайы психолог та жоқ.

“Бокста спорттық медицина ғылымы бар. Нәтиже содан болып жатыр. Көп спортта осы спорттық медицина жетіспейді. Дәрігері, массажисті, психологы жоқ. Боксшыларда қарапайым психолог бар… Кейбір спорт федерациясының бұл мамандар қызметкерлер тізімінде бар деп тұр. Бірақ «жаны жоқ адамдар» сияқты. Спортшылар “осы қызметкерлер қайда, мен [ем алуға]  өз ақшама барамын” деп айтады”, — дейді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, кейбір дзюдошылар арнайы дәруменді өз айлығынан 300 мыңға Жапониядан алатын көрінеді. 

Азиа ойындарына қатысқан спортшылардың әлеуметтік жағдайы да мәз емес. Мысалы, Азия ойындарында әйелдер күресінен күміс жүлде алған Жәмиля Бақбергенованың Астанада тұратын пәтері болмай, туысының үйін жағалап жүргені туралы ақпарат  жарияланды. Кейін елорда әкімдігі елге оралған спортшыға 1 млн теңге сыйақы мен 1 бөлмелі пәтер сыйға тартты. 

2019 жылы допингпен ұсталған спортшылардың бұрын сыйға алған дүние-мүліктері мен сыйақылары мемлекетке қайтарылады деген заң қабылданған болатын. Заңда олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада чемпиондарына үй 10 жылға жалға беріліп, осы мерзім ішінде спортшыда допинг қолдану анықталмаса, үй спортшы меншігіне беріледі деп жазылған. Алайда, бұл заң бұдан бұрын допингпен ұсталғандарға әсер етпейтіні белгілі болып отыр. Қаженов «бұл спортшылар үшін психологиялық қысым» деп санайды. Оның сөзінше, бұл заң тек әлсіздерге арналған.

“Мықты болсаңыз, неге Ильядан үйін тартып алмайсыз? Ол допингпен ұсталды ғой. Ол алаяқтық қой нағыз. Үйді екі рет алды. Неге легионер Ниджат Рахимовтан алмайсыздар?”, – дейді ол.                                        

Фото: bes.media

Мемлекет бюджетінен Ұлттық олимпиада комитетіне 2018 жылы – 12,3 млрд теңге, 2019 жылы – 13,1 млрд теңге, 2020 жылы – 10,9 млрд, ал 2021 жылға – 15,5 млрд теңге бөлінген.

Сондай-ақ, кейбір спортшылар ұлттық құраманың спорттық киіміне қатысты да уәж айтты.

Бұл туралы алғаш болып өз парақшасында жариялаған – Азия ойындарына қатысушы Алина Саркулова. Одан кейін спортшы Әнуар Халықбергенов те отандық сайттардың біріне пікір білдіріп, спорттық формаларының сын көтермейтінін айтты.

“Спорт формасында Қазақстан туын қараңыздар. Екінші күн кидік, қазір жабысқандары ашылып, түсіп қалған. Шалбарларының сұры мынау”, — дейді спортшы бір сұхбатында.

Спорт министрлігін қарасты спортты дамыту дирекциясы бұл сынға жауап беріп, қазақстандық спортшылардың киімінге қатысты шудан кейін спорттық киімдер шығару мәселесін зерттейтін комиссия құрылатынын хабарлады.

Мемлекет спортшылардың киім кешегі мен өзге де қажеттіліктері үшін 295,5 млн теңге жұмсаған. Ал олардың киімін тігу үшін тендерді ешбір конкурссыз ТОО «КазСПО-Н «ЗИМБО КОМПАНИЯСЫ», ИП «79-квартал», «ТОО Тори Компани» сынды үш ірі компания жеңіп алған. 

Аслан Қаженовтің сөзінше, қазақ спортында әсіресе аймақтық спортта көптеген мәселелер бар көрінеді. Мемлекеттен аймақтарға бөлінген қаражаттың біраз бөлігі қажетсіз іс-шараларға жұмсалып, кейде жымқырылып та жатады дейді ол. 

“Спорттағы нәтиже – елдегі әлеуметтік жағдайдың айнасы” , – деп түйіндеді Қаженов.

Азия ойындарынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды қабылдап, ел спортына түбегейлі реформа керек екенін, Азиадағы нәтиже мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын байқатқанын айтты.