«Президенттен кешірім сұрау»: Қазақстандағы рақымшылық тарихы

Фото: liter.kz

Әмина Козбакова
MNU Newsroom

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мемлекет басшылары 11 рет амнистия жариялады. Тұрғыш президент Назарбаев жеке тұлғаларға қатысты кешірім жариялау тенденциясын қалыптастырса, екінші президент Тоқаев оны жалғастырып келеді. 

Кейінгі жылдары мемлекет басшыларынан ресми кешірім сұрап, рақымшылығына ілінетіндер көбейді. Олардың басым бөлігі лауазымы жоғары шенеуніктер болды. Олардың қатарында Қазақстан үкіметін басқарған Серік Ахметов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Кедендік бақылау комитетінің төрағасы болған Серік Баймағанбетов, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспанов, Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Экономика және сауда министрі, білім және ғылым министрі болған Жақсыбек Күлекеев, Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов бар. 

Сондай-ақ, жазасы жеңілдетілгендер қатарында ұлттық экономика министрі болып тұрған кезде «Пара алу» бабымен сотталған Қуаныш Бишімбаев та болды. 

Амнистия деген не?

Амнистия немесе рақымшылық – адамдар тобын немесе жеке тұлғаны президенттің, өкілетті органның шешімімен қылмыстық жазадан босату немесе жазаны жеңілдету.

Қазақстанда рақымшылық ету актісін президент немесе Қазақстан Республикасының Парламенті шығарады. Сот тағайындаған жаза рақымшылық жасау арқылы қысқартылуы немесе неғұрлым жеңіл жазамен ауыстырылуы мүмкін. 

Рақымшылық сот үкімінің заңдылығына немесе негізділігіне күмән келтірмейді. Рақымшылық тек қылмыс жасағандардың, соның ішінде сотталғандардың жазасын жұмсартады. Амнистия актісі аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға және жазаны өтеу кезінде тәртіп бұзған адамдарға қолданылмайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 6 тармағына сәйкес, рақымшылық жасау туралы декларациялар Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретіне жатады.

“Елбасының” рақымы

Қазақстанның тұңғыш президенті егемендік жылдары әр тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында 9 амнистия жариялады. Назарбаев бекіткен ең соңғы амнистия туралы заң жазасын өтеп жатқан немесе сот үкімін күткен 36 мың қылмыскердің 28 мыңға жуығына қатысты болды. 

Осы заң бойынша рақымшылыққа ілінгендер қатарында «Бесоба» кешеніндегі үйді өз меншігіне алған Қарағанды ​​қаласы әкімінің экс-орынбасары Виктор Иванов пен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Дәулет Алтынбеков бар. Бұрынғы шенеуніктер қылмыстық жауапкершіліктен және сот тағайындаған жазадан толықтай босатылды. 

Назарбаевтан жеке кешірім сұрағандар 

Соңғы он жылдың ішінде Назарбаевтан сот отырысы кезінде көпшілік алдында кешірім сұрау бас бостандығынан айырылған мемлекеттік қызметкерлер арасында жиі кездесе бастады. 

“Елбасының” үмітін ақтай алмай кешірім сұрағандардың бірі – бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов. 2015 жылдың желтоқсанында Серік Ахметов сыбайлас жемқорлық айыбымен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ахметов алғашқы үкім шығарған сот отырысы кезінде өзінің соңғы сөзі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей қарата айтып, сенімін ақтай алмағаны үшін кешірім сұрады. 

«Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сенімін ақтамағаным үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қарағанды ​​облысында осындай ахуалдың қалыптасып, мемлекет басшысының осыны ойлап, толғандыруы да менің арқамнан деп түсінемін. Сот пен мемлекетіміздің басшысы қызметке қайта оралуға рұқсат етсе, мен бар білімімді, тәжірибемді жұмсап, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп, адал атымды қайтаруға дайынмын. Қалай болғанда да мен елімізге, халқымызға, ұлт көшбасшысына адал болып қала беремін«, – деді экс-премьер-министр.

Сондай-ақ, Серік Ахметовтың заңгері де өз сөзінде алғашқы президентті атауды жөн көрді. 

Сот үкімі шыққаннан кейін 10 жыл жаза мерзімі екі рет қысқартылды: алдымен екі жылға, кейін бір жыл, жеті айға ауыстырылды. 2017 жылдың қыркүйек айының басында бас бостандығынан айыру (4 жыл 26 тәулікке) бас бостандығын шектеумен алмастырылғаны белгілі болды.

Сот отырысы кезінде Назарбаевтан тікелей кешірім сұраған мемлекеттік қызметкерлер тізімінде Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев те бар. 2015 жылдың 11 желтоқсанында Әбдішев «Ахметов ісі» бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 2016 жылы оның жазасы 3 жылға ауыстырылды. Кейін шенеунік жаза мерзімінің жартысынан астамын (1 жыл 7 ай 25 күнді) өтеген. Қаулыға сәйкес өтелмеген мерзім – бір жыл, төрт ай және төрт күн. Сол мерзімді бұрынғы әкім пробациялық бақылауда өтеді.

Әбдішев соттағы сөзінде президентке адал қызмет еткенін және одан жеке кешірім сұрайтынын айтты. 

«Қылмыстық жоспар құру, қызметімді асыра пайдалану, кәсіпкерлерге кедергі келтіру менің ойымда да жоқ еді. Мен Президенттің адал сарбазымын. Президентке және халыққа адал қызмет еттім. Маған біреулер әдейі қастандық жасады, осы себепті де Назарбаевтан кешірім сұраймын», деді экс-әкім соңғы сөзінде

Кешірім сұраған мемлекеттік қызметкерлер арасында оппозиционер Мұхтар Аблязов та бар. 2002 жылдың шілдесінде Қазақстанның Жоғарғы соты бұрынғы энергетика және сауда министрі, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалыс жетекшісі Мұхтар Әблязовты 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы және 3,6 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды. Алайда 2003 жылдың наурызында Аблязов Назарбаевтан кешірім сұрап, сол жылдың мамырында бостандыққа шықты.  

«Мені жасаған барлық істерім үшін кешіріңіз… Мені кешіру өте қиын екенін түсінемін. Мен көп нәрсе жасадым. Нұрсұлтан Әбішұлы, маған сеніммен қарауыңызды, маған жұмсақ болуыңызды сұраймын. Мен үшін қаншалықты маңызды екеніңізді уақытында түсіне алмадым. Сіздің қасыңызда жұмыс істей отырып, мен көп нәрсені үйрендім және бұл жылдар қаншалықты қиын болса да, бұл жылдар ең бақытты жылдар болғанын енді түсіндім», — деді Аблязов елбасыдан кешірім сұраған видеосында.

Кейін Әблязов БТА банкінің директорлар кеңесін төрт жыл бойы басқарды. Ал 2009 жылы оған қарсы Қазақстан мен Ресейде 70 миллиард доллар ұрлады деген айып тағылғаннан кейін ол елден қашты. Сот отырысы шетелде жүрген басты айыпталушының қатысуынсыз өтті. 

Фото: tengrinews.kz

Тоқаев жариялаған амнистия

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы президент лауазымына келгелі бері алғашқы жариялаған амнистиясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында болды. 2021 жылғы 7 желтоқсанда қабылданған заң жобасына сәйкес, жазасын өтеп жатқан 12 мыңнан астам азаматқа рақымшылық жасалды. 

«Азаматтардың әлеуметтік осал санатына-ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, егде жастағы азаматтарға, I — II топтағы мүгедектерге және мен мемлекетке қауіпсіздікке қатер төндірмейтін басқа да азаматтарға ерекше көңіл бөлінді«, – деді сол кездегі Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Амнистия экстремизм, кісі өлтіру және қылмыстық топтарға қатысқаны үшін сотталған және педофилияға қатысты қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

Сонымен қоса, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаланғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату қарастырылмайды.

Президент Тоқаев 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң бойынша сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. 

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталғандарға амнистия

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында Қаңтар оқиғасына қатысушыларға амнистия жариялады. Заң 3 қарашада күшіне енді.

Рақымшылық туралы заң жобасы 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жалпы тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстық әрекет жасаған азаматтарды, сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде құқық бұзушылыққа жол берген әскери қызметкерлерді жазалау мерзімдерін қысқарту және жазасын өтеуден босатуды қарастырды.

Бас прокуратураның өкілі Елдос Қилымжановтың мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 1071 адам рақымшылыққа ілінді.

Алайда Қаңтар оқығасына қатысты ұсталған құқық қорғау органдарының бір ғана қызметкері рақымшылыққа ілінді. Ол қылмысты жасырды деп айыпталған еді. 

«Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары саласынан 49 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Олардың біреуі ғана рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Ол қылмыс жасалғанын көріп, оны тіркеген жоқ. Іс әлі сотқа түскен жоқ. Қалған тәртіп сақшылары азаптау және өкілеттігін асыра пайдалану туралы баптар бойынша өтеді және рақымшылық бойынша қарастырылмайды», деп хабарлады 2022 жылғы 19 қазында бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиев мәжіліс отырысында.

Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Бишімбаев ісі

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жыл қылмыстық сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бишімбаевқа Қызылорда қаласында зауыттың құрылысын жүргізу кезінде мердігер компания арқылы 1 млрд теңгені жымқыру мақсатында қылмыстық схема ұйымдастырған, жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айып тағылды.

Ол қылмыстық кодекстегі #366 «Пара алу» бабының 3 тармағы бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, кінәлі деп танылды. Мұнымен қоса, судья Қуандық Бишімбаевты «Құрмет» орденінен айыру туралы шешім шығарды. 

Экс-министр 2017 жылдың қаңтарынан бері қамауда болған. Бишімбаев өзіне тағылған айып бойынша сот үкімі шыққаннан кеін кейін экс-президент Н.Назарбаевтан кешірім сұрап, хат жазды. 

Барлық жетістіктерім мемлекет басшысының арқасында. (…) Президенттің алдында кінәлі екенімді білемін. Өзім жұмысқа шақырған Жақсыбаев, Жақыпов және басқалар маған кесірін тигізді. Кадрларды таңдау кезінде қатты қателестім. Адамдарды өзіме жақындаттым. Олар сеніміме кіріп, мені пайдаланып кетті. Президенттен кешірім сұраймын, халықтан осы үшін кешірім сұраймын”, – деді экс-министр хатында

2019 жылғы 13 ақпандағы Назарбаевтың жарлығымен Бишімбаев кешірім алып, жаза мерзімі 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылды. Осыған негізделіп Бишімбаевтің заңгері сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын (1 жыл 3 ай 13 күн) босату туралы өтініш жолдады.

Содан кейін 2019 жылғы 11 қазанда түрмеден босатылып, оған пробациялық бақылау орнатылды. Бишімбаевтың жаза мерзімі 2021 жылдың 9 қаңтарында толықтай аяқталды.

Рақымшылық нәтижелері  

Шартты түрде мерзімінен бұрын босатандыққа шыққан бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев – қатігездікпен өлтірілген әйелінің ісінде басты күдікті. Бұл оқиға қоғам тарапынан қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желі белсенділері «Бишімбаев мерзімінен бұрын босатылмағанда бұл өлім мүлде болмайтын еді» деген ойды жиі айтады. 

Осыған байланысты белгілі қазақстандық заңгер Анна Чернова Тоқаевқа тұңғыш президент Назарбаевтың экс-министр Бишімбаевқа кешірім жасау туралы жарлығын қайта қарауды сұрады. Заңгер өз хатында Бишімбаевтың кешірімін толықтай талдап, президенттің кешірім жасау туралы жарлығы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның шешімі негізінде шығарылатынын атап өтті.

«Яғни, сотталғанның алдын ала өтініш хатын комиссия қарап, өз шешімін шығарғаннан кейін ғана кешірім жасау туралы өтініш хатты президенттің өзі қарайды. Комиссия оң шешім шығаратын белгілі бір ережелер мен шарттар бар. Бір өтініш аз, тиісті құжаттар ұсынылуы керек. Алайда Бишімбаев қандай құжаттар жібергені бізге белгісіз», – деді Чернова.

Заңгер экс-министр 2028 жылға дейін бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтесе, онда қайғылы оқиға болмауы мүмкін екенін атап өтті.

«ҚР Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 24-бапта республика президентінің жарлықтарының күшін жою республика президентінің жарлықтарымен жүргізіледі делінген. Осыған байланысты, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, құқықтық негіздер болған жағдайда, президенттің 13.02.2019 жылғы Бишімбаевқа кешірім жасау туралы жарлығының күшін жою туралы мәселені қарауыңызды сұраймын», — деп толықтырды заңгер. 

Чернова жариялаған хабарлама әлеуметтік желі қолоданушылары тарапынан қолдау тауып, көптеген пікірлер жазылды.