Ресей тауарларының импорты отандық өндірушілерге қауіп төндіре ме?

Фото: strategy2050.kz

Ақбаян Арапшаева
MNU Newsroom

Ресей Укринаға басып кіріп, соғыс ашқалы көрші ел тауарлары Қазақстан нарығына жаппай кіре бастады. Қазақстан көрші елмен Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан  және Шығыс Қазақстан облыстары арқылы шектесіп жатыр. Бұл әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы.

Қазақстан мен Ресей арасында 7591 шақырым ортақ шекара бар. Импорт әсіресе жоғарыда аталған Ресеймен шекаралас облыстардағы отандық өнімнің саудасына әсер етеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, шекаралас аймақтар 2,9 миллиард долларға тең теріс сауда нәтижесін көрсеткен. Нақтырақ айтқанда, ондағы импорт 5,5 миллиард, ал экспорт 2,6 миллиард АҚШ долларына тең болған.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институтындағы тұрақты даму мақсаттары хатшылығының орынбасары Ерлан Кәрімовтың сөзінше, азық-түлік шығаратын қазақстандық кәсіпкерлердің банкротқа ұшырау қаупі бар. 

“Ресей Федерациясына салынған санкциялар көрші елдің өндірушілерін арзан тауарларды, атап айтқанда азық-түлікті сатудың жаңа нарығын іздеуге итермеледі. Бұл үрдіс әсіресе шекаралас аймақтарда орналасқан қазақстандық өндірушілерді қиын жағдайға душар етті”,  дейді сарапшы.

Осы жылдың қазан айында қазақстандық Magnum Cash&Carry супермаркеттер желісі өкілінің айтуынша, аталған супермаркеттерде сатылатын азық-түлік өнімдерінің 55 пайызын отандық тауарлар құраған. Magnum Cash&Carry Қазақстанның 12 үлкен қаласында 200-ге жуық сауда нүктесі бар.

Бұл мәселеге қатысты Алматыдағы UIB Бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық протекционистік саясатты жүргізу керек деп есептейді. 

“Бұл заң бұзу емес, жай ғана нарықты қорғау. Біз Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда қарым-қатынасын түземіз. Сондықтан мемлекеттер арасында тауар айналымы оп-оңай жүреді. Ресей Қазақстанға тауарын қиналмай өткізсе, Қазақстан өз тауарын Ресейге экспорттай алмай қала береді. Ресей әртүрлі себептермен қайтарып жібереді. Қазақстандық стандарттарға көңіл бөліп, талаптар қою қажет”, дейді ол.

Фото: primeminister.kz

Мақсат Халықтың айтуынша, әлем бойынша ішкі нарық пен отандық өндірушілерді қорғау процесі АҚШ-та Дональд Трамп президент болған кезден басталып кеткен. Оған мысал ретінде Америка және Мексика арасындағы шекара қорған мен АҚШ-тың Қытаймен сауда соғысын атап өтті. 

“Тіпті Toyota және Hyundai көліктері Қазақстанға жеткенше екі есе қымбаттап үлгереді. Себебі Ресей өзі өндіретін Лада автосын [Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде] қорғайды”, — дейді ол.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі отандық өнімді экспорттау кезінде Ресей тарапынан бюрократиялық элементтердің барын растады.

“Ресей Федерациясына шұжық өнімдерін экспорттауда фитосанитарлық сертификатты ресімдеу және қажетті құжаттарды алу кезінде біздің кәсіпкерлер бюрократиялық процестерге тап болды. Кәсіпорын басшысының айтуынша, консерванттар қосылмаған шұжық өнімдерінің сақтау мерзімі 14 күн, кей жағдайда 30 күнге дейін жетеді. Ал қажетті құжаттарды алу үшін шамамен 2 апта қажет,” дейді министрлік өкілі.

Ресейлік Tebiz Group зерттеу орталығының мәлімдеуінше, Қазақстанда шұжық өнімдерін дайындау соңғы 5 жылда айтарлықтай төмендеген. Оған Ресей және Беларус елдеріндегі өнімнің елге импортталуы ықпал еткен. Айта кетсек, Белорустегі Брест ет комбинатының 28 пайыз экспорты Қазақстанға бағытталған.

Ресей ауылшаруашылығы министрлігі жанындағы “Агроэкспорт” зерттеу орталығының жазуынша, Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейінгі бір жыл ішінде Қазақстан ресейлік шұжық өнімдерін ең көп импорттайтын елдер қатарына кірген. Нақтырақ, 2021 жылы Қазақстан Ресейден 109 миллион долларға тең шұжық өнімдерін импорттаған. Бұл 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 36 пайызға көп.

2022 жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналым 26 миллиард доллар болған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 6 пайызға көп. Импорт 1,5 пайызға төмендеп, 17 миллиард долларға түскен. Ал экспорт 25 пайызға артып, 9 миллиард долларды құраған. Экспорталатын тауарлар қатарына түрлі металдар мен шикізат ресурстары кіреді. Көрші елге экспорттың артқанына қарамастан Ресеймен сауда балансының Қазақстан үшін теріс көрсеткіші 8,5 миллиард долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылы 7 миллиард долларға тең еді.

ҚР-ның Ресей Федерациясынан соңғы 5 жылдағы тауар айналымының динамикасы (млрд.доллар)

Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы

“Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қостанай облысындағы бөлімшесінің дерегінше, Ресейден Қостанайға көп импортталатын азық-түлік өнімдерінің ішінде бидай және бидай қоспасы, қант, кондитерлік өнімдер, жұмыртқа, алкогольді және алкогольсіз сусындар, ет және күріш бар. Олардың көлемі біршама артқанымен, кәсіпкерлерді қолдайтын мекеменің Қостанайдағы кеңсесіне отандық өндірушілерден еш арыз-талап түспеген.

“2022 және 2023 жылдары Қостанай облысының кәсіпкерлерінен Ресей Федерациясына санкциялар салу нәтижесінде олардың қызметіне теріс әсер ету фактісі бойынша палатаға өтініштер түскен жоқ”, деді Қостанай кәсіпкерлер палатасы өкілі Ренат Дәулетбаев MNU Newsroom тілшісіне. 

Кәсіпкерлер палатасының Атырау облысындағы кеңсесі санкциядан кейін жергілікті кәсіпкерлердің жағдайы қиындағанын растады.

“Егер біздің нарықта ресейлік тауарларға сұраныс артса ол біздің жергілікті тауар өндірушілерге кері әсерін тигізеді. Алайда әзірше отандық өнімнің бағасы санкциядан бұрын болған бағамен сақталуда”, деп жазды палата өкілі.

Ресми дерекке қарай, Ресейден Атырау облысына 2023 жылдың қантар-тамыз аралығында 164,2 миллион АҚШ долларына тауар импортталды. Оның ішінде ұн, крахмал, сүттен жасалған дайын өнімдер, кондитерлік тәттілер мен дәнді дақылдар бар. 

“Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзге шекаралас облыстардағы бөлімшелері MNU Newsroom тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Ресейден импортталып жатқан тауарлар Қазақстан ішінде де өндіріліп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, қазақстандықтар тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің орта есеппен 50 пайызын отандық өндірушілер шығарады. Оларға сүт өнімдері, сыра, минералды және газдалған сулар, шұжық өнімдері, піспе нан мен бәліш және күнбағыс майы жатады. 2022 жылы шекаралас аймақтар Ресейден 112 миллион доллардан астам азық-түлік тауарларын импорттаған.

Сауда және интеграция министрлігі бөліскен ақпаратқа орай, Ресейден Қазақстанға импортталатын тамақ өнеркәсібінің тауарлары 2022 жылы 39,6%-ға өсіп, $2,5 миллиардты құраған.

Экономист Ерлан Кәрімовтың ойынша, бұл мәселені шешудің бірден бір жеңіл жолы импортты шектеу. Алайда Қазақстан Ресеймен бір экономикалық одақта болғандықтан, шектеу қою мүмкін емес.

“Бұл проблеманы шешу өте қиын. Қазір ауыл шаруашылығы мен сауда министрлігі осыны қарастыруда”,  деді Кәрімов. 

Сарапшының сөзінше, жағдай қатты ушыққан. Бұл болашақта Қазақстанның экономикасына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл пікірмен экономист Мақсат Халық та келісіп отыр.

Оның айтуынша, тауар айналымына салынатын салық процесінде шикілік бар. Сөзінше, белгілі бір өнім Ресей шекарасы арқылы өтетін болса, оған салық салынып, одақтық ортақ бюджетке түсуі керек. Кейін ол пайыз мемлекеттер арасында бөлінуге тиіс.

“Ресейге санкция жарияланғаннан бері негізгі қарым-қатынас Қазақстан шекарасы арқылы жүріп жатыр. Осыған қарамастан бізге түсіп жатқан салықтың 85 пайызын Ресейге беріп қойып отырмыз. Қазақстан жетер-жетпес 7 пайызын алады. Бұл қандай шарттар бойынша бөлінген? Қазақстан тарабы осы салық мәселесін Eуразиялық экономикалық комиссияда көтергелі жатыр. Бірақ оның қалай шешілетінін уақыт көрсетеді”, дейді Мақсат Халық.