“Міндеттелген ерікті жұмыс”: KAZGUU студенттері CSI жобасына неге наразы?

Ақбаян Арапшаева, Назым Тұяқбай, Мақпал Батталова, Сандуғаш Фазыл
KAZGUU Newsroom

KAZGUU университетіндегі қоғамдық қызметке негізделген жоба талаптары студенттерді әбігерге салып отыр. Университет әкімшілігі 2019 жылдан бастап енгізілген Creativity, Service, and Intelligence (ары қарай – CSI) деп аталатын жоба студенттерді қоғамға қызмет етуге негіздейтінін айтады. Бірақ студенттерді қоғамдық қызметке баулу ерікті түрде емес. Бәріне міндеттелген. Жоба талаптарын орындамай, олар университет дипломын да ала алмайды.

Newsroom сауалнамасына қатысқан 447 студенттің 87 пайызы бұл жоба “барлық студентке міндетті болмауы қажет” деп есептейді. Кейбіреулері жоба талаптарын орындауға оқуға қарағанда көбірек уақыт жұмсайтынын айтады. Жоба үйлестірушілерінің ойынша, CSI бағдарламасынан өткен студенттердің жұмыс портфолиосы сұранысқа ие болады. Алайда жобаны жүзеге асыруда студенттер пікірі ескерілмеген.

CSI жобасының тұжырымдамасы Швейцарияның Женева қаласында орналасқан International Baccalaureate (ары қарай – IB) үкіметтік емес ұйымының CAS (Creativity, Activity, Service) атты бағдарламасы үлгісінде жасалған. Қазіргі таңда бұл курс моделі әлемнің 159 еліндегі 5600 мектепте қолданылады екен.

Бірақ бұл жоба дизайны университет студенттеріне емес, мектеп оқушыларына бағытталған және IB дипломын алу үшін оқушылар бағдарламаның эксперименталды оқу тәжірибесінен өтуге тиіс. CAS бағдарламасында мектеп оқушыларының есеп беруіне емес, алған тәжірибесіне басымдық беріледі және жобада “өтті/өтпеді” (pass/fail) бағалау жүйесі бар. Қазақстандық университетте осы бағалау критерийіне қосымша балл жинау компоненті де қосылған.

CSI талаптары

KAZGUU студенттері CSI жобасын 2 семестр барысында жабады. Олар әр семестрде Creativity (шығармашылық) немесе Intelligence (интеллектуалды даму) аталатын екі бағыттың бірін таңдауға тиіс. Ал Service (қоғамға қызмет ету) бағыты әр семестрде міндетті саналады.

Шығармашылық бағытында студенттер түрлі студенттік ұйымдарға мүше болып, креативті өнімдер жасауға, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға атсалысуы қажет. Ал интеллектуалды даму бағытын ой-сананы дамытуға негізделген жұмыстарға қатысу арқылы қамти алады. Мысалы, шахмат үйірмесін және кітап оқу клубтарын осы санатқа жатқызуға болады. Олардың қатарына түрлі ғалымдар мен спикерлердің қоғамдық лекцияларына қатысуды да қосуға болады. Ал қоғамға қызмет ету бағыты бойынша студенттер көбіне көмекке зәру азаматттарға қайырымдылық жасау, қарттарға көмектесу немесе қоршаған ортаны тазалауға атсалысу секілді жұмыстармен айналыса алады екен.

Ресми оқу бағдарламасына сәйкес, студенттер CSI тәжірибесі туралы есебін бір семестрде үш рет өткізе алады. Онда плагиаттың бар-жоғы тексеріледі және өтудің минимум шкаласы 66 пайызды құрайды. Мысалы, егер студент екі семестр барысында үш бағыттың екеуін толық жаба алса, CSI жобасын жапты деп саналады.

Сондай-ақ, есеп беру кезінде студенттің өз қызметін жоспарлауы, топтық жұмыспен айналысуы, онда белсенділігі және жаңа дағдыларды дамытуына басымдық беріледі екен. Аталған критерийлер есепте айтылмаса, студентке жобадан қайта өту жүктеледі.

Фото: KAZGUU Newsroom

Университетке бейімдеу

Жоба жетекшілері CSI халықаралық CAS бағдарламасына негізделгенімен, өзіндік айырмашылығы барын айтады. Мысалы, CAS бағдарламасы бағыттарының бірі физикалық жаттығу болса, университет әкімшілігі бейімдеген жобада оның орнына интеллектуалды даму негізге алынады. CSI оқу бағдарламасында бұл бағыт “интеллектуалды тұлғалық даму” деп түсіндіріледі.

KAZGUU университеті Жоғарғы гуманитарлық мектебінің директоры Анар Ыбыраева CAS бағдарламасын университетке бейімдеу Қазақстандағы мектеп бағдарламасының 11-жылдық болғанымен байланыстырады.

“Біз еуропалық немесе америкалық университеттерді қарастырсақ, оларға талапкерлер 12-сыныпты аяқтаған соң ғана түсе алады … Ал біздің қарапайым мектептерде басқаша ғой. Тіпті, дәл осындай үрдісте 12 жыл оқитын NIS (Назарбаев зияткерлік мектебі – ред.) мектептерінде де мұндай шаралар қарастырылған … Халықаралық оқыту әдістерінде 12-сыныпта дәл осы бағдарлама іске қосылған, бұл біздегі есеппен – 1-курс студенті. Сондықтан, сіздер айтып отырған бұл CAS компонентін олар орта мектептерде 12-сыныптың өзінде өтеді. Демек, олар  мектепті тәмамдаған соң, қоғамға пайда тигізу дегеннің не екенін оқып келеді”, – дейді Ыбыраева Newsroom тілшісіне.

Жоғарғы гуманитарлық мектебінің директоры америкалық университеттерде CSI секілді бағдарламаның болмауын олардың 12 жылдық мектеп бағдарламасымен түсіндіреді. Бірақ америкалық білім берудегі K-12 жүйесімен білім алатын оқушылар да қазақ мектеп оқушылары секілді 17-18 жасында мектепті тәмамдайды. Айырмашылығы америкалық балалардың бірінші сыныпқа бір жыл ерте баруында болып отыр.

Ыбыраева CSI бағдарламасында өзгертуге тиіс проблемалар барын айтады. Бірақ оның түпкі идеясы жақсы екенін, оны жүргізуді жалғастыру университет миссиясына кіретінін жеткізді.

Өткен аптада Newsroom тілшісі CSI жобасы туралы сұқбат алуға KAZGUU университеті провосты Сергей Пенге ресми сұраныс хат жолдады. Зерттеу мақаласы жарияланғанға дейін сұраныс хатқа жауап келмеді.

Фото: KAZGUU Newsroom

Шетел тәжірибесі

Әзірге мектеп оқушыларына арналған халықаралық IB бағдарламасын университетке бейімдеген әрі әрбір студентіне міндетті етіп бекіткен жалғыз KAZGUU болып отыр. KAZGUU Newsroom редакциясы бағдарламаны осылай бейімдеген өзге ешбір университетті анықтай алмады.

Осыған орай, АҚШ-тағы үздік 50, Ұлыбританиядағы үздік 20 университеттің ресми сайтындағы студенттерге арналған ресурстарға шолу жасалды. Одан өзге, Франция, Германия және Дания елдеріндегі университеттерде де студенттерге CAS немесе CSI секілді міндеттелетін бағдарлама болмай шықты. Десе де, үздік университеттер студенттерін қоғамдық қызметке баулуға барынша тырысатыны жазылған. Бірақ ол ерікті түрде жүргізіледі.

Айта кетсек, Нидерландыда студенттердің көшбасшылық қабілетін арттыруға негізделген қоғамдық қызмет талаптары қойылатын бағдарлама бар. Гронинген университетіндегі Honours бағдарламасы академиялық тұрғыдан өз мүмкіндіктерін сынап көргісі келетін және кәсіби дағдыларын дамытқысы келетін университет студенттеріне арналып жасалған. Бірақ ол қосымша түрде академиялық оқудан тыс жүргізіледі әрі барлық университет студентіне міндетті емес. Оған тек қоғамдық қызметке араласқысы келетін білімгерлер ерікті түрде қатыса алады. Ал қатыспаған студент өзінің негізгі оқу талаптарын орындаса, дипломын ала береді.

Осыған ұқсас бағдарламалар кейбір америкалық университеттерде де бар. Мысалы, Duke университетіндегі DukeEngage бағдарламасы студенттердің жазда қоғамдық жұмыспен айналысуына бағытталады. Бұл жобаға студенттер ерікті түрде барады әрі оларды жігерлендіру үшін арнайы шәкіртақы да тағайындалады. Сондай-ақ, DukeEngage бағдарламасына қатысу үшін студенттер белгілі бір сұрыптау кезеңінен өтеді. Яғни, студент қоғамдық қызмет аталған жоба арқылы ерікті түрде қатысқысы келсе де, сұрыптаудан өтпей қалуы мүмкін. Ал өткен студенттерге тағайындалатын шәкіртақы оларды ынталандыру функциясын атқарады.

Фото: KAZGUU Newsroom

Студенттер дауысы

KAZGUU Newsroom CSI жобасына қатысты студенттердің пікірін білу үшін сауалнама жүргізді. Оған қатысқан 447 студенттің 87,5 пайызы аталған жоба “барлық студентке міндетті болмауы қажет” екенін таңдаған. Ал студенттердің 68 пайызы CSI талаптарын орындау қиындық тудырғанын білдірген.

Сондай-ақ, студенттерге CSI бағдарламасынан алған тәжірибесінің құндылығына қатысты нақты сұрақ қойылды. Қатысушылардың небәрі 14,9 пайызы “жобаның университеттегі алған біліміне құнды құрамдас бола алғанын” айтса, 36,9 пайызы “құнды болғанын, бірақ жобаны әлі де дамыту қажет” екенін жеткізген. Ал қалған 48,2 пайызы еш құндылық таппағанын ашық айтады.

KAZGUU университетінде студенттерге CSI міндеттемелерін 1-курста жабу құпталады. Бірақ 3-курс соңына дейін аяқтау мүмкіндігі берілген. Сауалнама қатысушыларының небәрі 29 пайызы жоба талаптарын бірден орындай алғанын айтты. Ал 42 пайызы бір тапсырғанда жаба алмаған. Студент қоғамдық қызметі не жобадан алған тәжірибесіне қатысты есебі жоғарыда айтылған бағалау критерийлеріне сай келмегенде өткізілмейді. Студент жобадан өту үшін кем дегенде 50 балл жинауға тиіс.

Студенттер сауалнамада жобаға қатысты түрлі пікірлер де қалдырды. Мысалы, кейбірі CSI талаптарын орындауға тым көп уақыт кететінін айтса, тағы бірі CSI міндеттемелері негізгі оқуға фокус жасауға кедергі келтіретінін білдірген. Қатысушылар жауаптарында жобаны үйлестіруші әрі бағалаушы Студенттік істер жөніндегі департаменттің (ары қарай – DSA) бағалау критерийлерін өзгерту қажет екенін айтады. Сондай-ақ, қатысушы студенттердің жартысы департамент жұмысында қағазбастылық бар екенін жеткізген.

Батыржан Қожабек есімді 2-курс студентті оқу басында Жас Отан (қазіргі Жастар рухы) ұйымымен “қоғамдық қызмет”, ал футболмен “креативтілік бағытын” жабу мүмкіндігі болғанын айтады. Бірақ кейін ереже өзгеріп, футбол секциясына қатысқандығы есептелмей қалған.

“Fitness тренерлері университет ішіндегі футбол жарысына қатысу арқылы пәнді игеруге болады деп айтқан. Мен бірнеше ай қатыстым, соңғы ойыны, соңғы күніне дейін командамен болдық. Соның өзінде де менің бұл жобада 20 балмен ғана қорытылдым. Бір аптада 13-14 сағат уақытымыз кететін бұл ұйымға”, – деді Қожабек Newsroom тілшісіне.

Сауалнамаға пікірін қалдырған тағы бір студент университеттегі клубтарды жапон стилінде ұйымдастыруды ұсынады. 

“Клубтар алдымен ерікті болуға тиіс. Тек (студенттердің) қызығушылығына негізделуі керек. Ал қатысу талаптары минималды болуға тиіс … CSI алдымен пайда келтіру үшін емес, көңіл көтеруге, сүйсінуге бағытталуы керек”, – деп жазған ол.

Сауалнамаға қатысқан студенттер CSI бойынша алған тәжірибесіне қатысты есеп берудің бір шаблонға негізделгенін айтады. Олардың жазуынша, жобаның бір компоненті креативтілік болса да, студенттер тарапынан көрсетілетін “шығармашылық пен креативтілік” онша құптала бермейді.

Сондай-ақ, олар университет қабырғасындағы студенттік ұйымдарға қатысты да уәждерін айтты. Олар студенттік ұйымдар жұмысы қадағаланбайтынын әрі олардың жұмысын реттейтін, студент құқықтарының тапталмауын қамтамасыз ететін ереже жоқ екенін алға тартады.

Newsroom әрбір KAZGUU студентіне таратылатын CSI жобасына қатысты жалпы ережеге шолу жасап, студенттік ұйымдарды реттеу функциясы мүлде қарастырылмағанын анықтады. Сондай-ақ, онда студенттер құқықтарын қорғайтын ережелер де жоқ. Есесіне, студентке қойылатын міндеттер басым.

Инфографика: KAZGUU Newsroom

Міндеттеу мәселесі

DSA жетекшісі Жарас Асылбаев  жобаның “барлық студентке міндетті болуы  университеттің академиялық саясатына енгізілгенін әрі университеттің міндетті пәндерінің бірі ретінде саналатынын” айтты.

“Оның міндетті болуы талқылауға келмейді”, – дейді жоба кураторы.

Асылбаев бар мәселе студенттердің CSI оқу бағдарламасымен жіті таныспауында дейді. Оның ойынша, студенттер жобадан қалай өту керегін түсінбей, сүрініп жатады. Кейін оған қарсы шығып жатады.

“Бұл сіздер өтетін қоғаммен байланыс, философия сияқты теориялық негіздегі пәндердің практикалық жұмысы сияқты деп те қарастыра аламыз. Көп студенттер бұған немқұрайлы қарайды. Студенттің жұмысы болса да, ол өлсе де, тірілсе де басты пәндерінің дедлайнын тапсырады. Басқа сабақтар қалай міндетті болса, CSI да солай міндетті пән”, – дейді ол Newsroom тілшісіне.

АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінде “Білім берудегі көшбасшылық” саласында PhD оқып жатқан Талғат Байназаров мұндай жобаның мектеп қабырғасында болғанын құптайды. Себебі мектепті аяқтауға жақын оқушы қоғамдық жұмыстарға араласу арқылы өзінің шетел университеттеріне оқуға түсу коэффициентін жоғарылататынын жақсы біледі. Бұл олардың ішкі мотивациясы екенін айтады.

“Ал университетке түсіп қойғандарда әдетте ондай мотивация болмайды. Олардың қоғамға қызметінен алған тәжірибесі кейін жұмысқа орналасқанда аса үлкен рөл ойнамайды. Жұмыс берушілерде ондай талап болмағандықтан, студенттерде де бакалавр оқуы кезінде қоғамдық жұмыспен айналысуға шын ынтасы болмайды. Сондықтан оны міндеттеу жөнсіз”, – дейді ғалым Newsroom тілшісіне. 

Байназаров шетел тәжірибесін жергілікті ортаға бейімдемей, “калькалап” енгізу қате екенін айтады.

“Білім беруде прогресс “жақын даму кеңістігі” (Zone of Proximal Development құрылымы – ред.) ескерілгенде ғана болады. Алдымен, университет өз студенттерінің қайдан келгенін, мақсаттарының қандай екенін анықтап, кейін сұранысқа қарай ұсыныс беруге тиіс еді”, – дейді ол.

Байназаров адам баласының қоғамдық қызметке бет бұруы үшін ол алдымен өзінің базалық қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек деп санайды.

“IB дипломына негізделген мектептерге түсетіндер әдетте қаржылық жағдайы жоғары азаматтардың балалары болады. Олар өздерінің базалық қажеттіліктерін орындап, қоғам жайлы бас қатыра алады. Сондықтан оны бейімдейтін оқу орны өз студенттерінің Маслоу пирамида қай сатысында екенін алдымен анықтауы тиіс. Ал студенттердің қаржы мүмкіндігі төмен болса, шығындарын жабу үшін қосымша жұмыс істе жүрген болса, оларға Маслоудың үшінші сатысындағы қоғамдық қызметпен айналысуды міндеттеу оң нәтиже бере қоймайды”, – дейді ғалым.