Астананың интернеті әлсіз аудандарында кәсіпкерлер табысынан қағылып отыр

Назым Тұяқбай
KAZGUU Newsroom

GreenLine.Aura тұрғын үй кешені. Фото: Назым Тұяқбай

Елорда кәсіпкерлерінің табысы интернет сапасына тікелей тәуелді. Себебі онлайн төлем жасау қалыпты қызметке айналған. Қала әкімдігі бірқатар аудандар мен шеттегі елді мекендерге жыл соңына дейін интернет жеткізілетінін мәлімдеді. Ал Цифрландыру министрлігі өкілі қаланы толық интернетпен қамтуға радиофобтардың да кедергі болып отырғанын алға тартады.

Жұлдыз Жанұзақова есімді фриланс дизайнер өзі жиі баратын кофеханаларда интернет нашар болатынын айтады.

Ол Есіл ауданында, “Хан Шатыр” сауда орталығының солтүстік-батысындағы “GreenLine.Aura” тұрғын үй ғимаратында орналасқан кофеханада отырып, тапсырыс берушімен байланыса алмай әбігерге түскен.

“Мен бұл аймақта желі ұстамайтынын білмеп едім. Маған клиентім хабарласа алмады. Оған менің ұялы телефоным өшірулі секілді көрініпті. Клиентімді жоғалтып алған осындай кездейсоқ сәттер болды”, — деді дизайнер.

Сол кофехана маңындағы “M|W Premium” киім дүкенінің қожайыны да интернет әлсіздігінен сатып алушылардың төлем жасай алмай, алғысы келген киімін қалдырып, шығып кететінін да айтты.

“Сатып алушы ақшасын төлеу үшін сыртқа шығуына тура келетін кездер жиі болады”, — деді ол.

Қазақстандықтар кез келген сауданың төлемін жасауда банк қосымшасын жиі пайдаланатынын ескерсек, интернет қолжетімдігі бизнес үшін де ауадай қажет екендігі анық. Интернет әлсіздігінен тұрғын үй маңынан ашылған азық-түлік дүкендерінің қожайындары да табысынан қағылып отыр екен.

Үлкен Талдыкөл маңында орналасқан Меркурий тұрғын үйі ғимаратында ашылған дүкеннің сатушысы Гүлбану Түймебайқызы интернет әлсіздігінен келушілер кезекте көп күтіп қалатынын айтады.

“Терезенің алдында болмаса интернеттің ұстауы өте қиын. Beeline роутерін 20 мыңға сатып алып, ай сайын 8 мың төлейміз. Ақша төлеуге дайынбыз ғой, тек оның өзі дұрыс істемей тұр”, — деді ол Newsroom тілшісіне.

“Қазақтелеком” АҚ баспасөз өкілі Айнұр Күзербаева қала аймақтарында интернет сапасын жақсарту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

“Жаңадан берілген тұрғын үй кешендерін бүгінгі таңда барлық талаптарға жауап беретін, заманауи GPON жүйрік интернет технологиясы арқылы интернетке қосуда. Одан бөлек компания өткізгіштік қабілеті төмен мыс желілерін кезең-кезеңмен оптикалық желілерге ауыстыру шараларын жүзеге асырып келеді”, — деді ол.

Өз кезегінде қала әкімі Жеңіс Қасымбек те бұл мәселе бойынша бірқатар шаралар жасауға дайындалып жатқаны жайлы өзінің әлеуметтік жіледегі парақшасында жазды.

“Көктал-1, Агроқалашық, Интернациональный, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Телман, Мичурин, Қазқалашық, Кирпичный елді мекендерінде оптикалық байланыс желілерін салу жұмысы жүріп жатыр, тағы 3 елді мекен бойынша инвесторлар тартамыз”, — деп жазды әкім қаңтардың 24-і күні.

Қала әкімі жоспар туралы жазғанымен, оны аяқтау мерзімін нақты түсіндірмеген. Newsroom тілшісі нақтылау үшін әкімдік баспасөз бөліміне хабарласты.

“Дедлайн биылғы жылдың соңына дейін барлық жұмыстар атқарылады деп күтілуде”, — деді Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының баспасөз қызметі маманы Мейрамгүл Салқымбаева.

Сондай-ақ, қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы өкілі наурыз айында бітетін жұмыстар туралы түсіндіріп берді.

Меркурий тұрғын үй кешені. Фото: Назым Тұяқбай

“Жалпы Елордада 16 тұрғын алабы және 1 саяжай алабы бар. Атап айтқанда, Железнодорожный, Заречный, Пригородный, Үркер, Көктал-1, Агроқалашық, Халықаралық, Оңтүстік-шығыс, Интустриалды, Телман, Мичурин, Казгородок, Кирпичный жоғарғы интернетке қолжетімділігі бар оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Қоянды, Күйгенжар өндіріс сияқты тұрғын алаптарында инвесторлар тартылуда. Бұл жобалар осы жылдың наурыз айына дейін аяқталады деп жоспарланған”, — деді М.Салқымбаева Newsroom тілшісіне.

Астананың солтүстік батысындағы интернет әлсіздігі мәселесі осыған дейін де көтерілген. Осы жылдың 27 қаңтарында Цифрлық даму министрлігінің кеңейтілген отырысында телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов интернет әлсіздігіне радиофобтардың кінәлі екенін алға тартқан болатын.

“Біз (Астананың) нақты бөліктерінде интернет нашар екенін білеміз… Бұған “Хан Шатырдың” арғы жағы, “Манхэттен” тұрғын үй аумағы, “Барыс Арена” спорттық кластерінің маңы кіреді. Ол жақтағы ең үлкен кедергі радиофобия болып отыр”, — деген еді ол.

Комитет төрағасы бір азаматтың қарсылығынан бір аумақ интернетсіз қалып қойып жатқанын айтып, оны өзгертуге Парламентке ұсыныс жолдағанын да мәлімдеді.

Айта кетсек, ҚР “Байланыс туралы” заңының 35-бабына сәйкес,  байланыс операторлары абоненттерге бекітілген стандарттарына келетін қызметтерді көрсетуге міндетті. Егер пайдаланушылар нашар интернетке шағымданатын болса (мысалы, мұндай шағымды eotinish.kz порталында қалдыруға болады), онда Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тексеріс жүргізіп, қажет болған жағдайда байланыс операторларына айыппұл салады.

2022 жыл қортындысы бойынша ҚР Цифрлық даму министрлігі барлығы 881 тексеру жүргізіп, 423 миллион теңге айыппұл салған.