Елордалықтар тұрғын үйлердегі шудан оқшаулайтын материалдардардың сапасыздығына наразы

Арайлым Серқанова
KAZGUU Newsroom

“Копенгаген” тұрғын үй кешені. Фото: kn.kz

Тұрғын үйлердегі қабырғада шу оқшаулау қабатының болмауы халықтың жиі наразылығын тудырады. Бұл мәселеге қатысты соңғы жылдары полицияға түсетін шағым да көбейген. Қала тұрғындары өз қаржысына қосымша оқшаулау жасауға мәжбүр.

Інжу Мұқашева есімді Есіл ауданындағы “Времена года. Зима-3” тұрғын үй кешенінің тұрғыны шу оқшаулаусыз тұру қиын екенін, тіпті айыппұл да төлегенін айтты.

“Көршілердің дауысы жайсыздық туғызатын кездер көп болды”, – дейді ол.

Десе де, оған түсіністікпен қарап, көршілерінің шуына полиция шақырмайтынын жеткізді.

“Копенгаген” тұрғын үй кешенінің тұрғыны Ильхам Музафаров өзі студент екенін, кейде аздап шулайтынын жасырмады.

“Көршілерге де, бізге де полиция қызметкерлері келіп көрмеді. Бірақ біз (әдетте) өте қатты шулаймыз. Неге полиция шақырмайды? Бұл шу оқшаулаудың жақсы болғанынан емес, керісінше оның сапасы өте нашар. Олар біздің студент екенімізді біледі және өздерінің де балалары бар”, – деді ол Newsroom тілшісіне.

Астана қаласы полиция департаментінің ресми дерегіне сүйенсек, 2022 жылы Астана қаласында 15 мыңға жуық тыныштықты бұзу фактісі тіркелген. Ал осы жылдың басынан бері 1034 әкімшілік іс қаралған.

Әдетте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң бойынша, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштық сақтау міндеттеледі. Тыныштық бұзылған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұралы Тәңірберген Newsroom редакциясына берген пікірінде түрлі шағымдар түсетінін растады.

“Біреулер балалар шулап жатыр деп хабарласады. Бұл жерде ешқандай шара қолданылмайды, себебі бала жүгіріп жүр деген заң бұзушылыққа жатпайды. Ал егер кәдімгідей мекенжайға шағым түсіп, барғанда ол жерде шыныменде ішімдік ішіп, шулап, музыка қатты қойылып, кеш ұйымдастырылып жатқан жағдайда бізде ешқандай ескерту болмайды, бірден айыппұл салынады”, – деді полиция өкілі.

Құрылыс компаниялары қондыратын шудан оқшаулайтын материалдар сапасыз болғандықтан, елорда тұрғындары оқшаулауды қосымша ақыға істейді. Нарықта пайда болған сұранысқа өз қызметін ұсынатын “TIHO.KZ” компаниясының жетекшісі Ислам Сағатұлы Астана қаласында аптасына 5-6 тапсырыс түсетінін айтады.

“Бір бөлмелі пәтерге оны орнату үшін тек қана материалдарын алғанда 500 мың теңгедей кетеді. Шу оқшаулауды жасауға арналған өнімдердің жартысы өзімізде шығады, ал жартысы Ресейден алып келінеді”, – деді ол Newsroom тілшісіне.

Шу оқшаулау қызметімен айналысатын “ProAcoustic” атты тағы бір компания тапсырыстың көп екенін айтты. Бірақ нақты сұраныс көлемін коммерциялық құпияға балап, бөліспейтінін жеткізді.

Айта кетсек, ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңға сәйкес, құрылыс компаниялары тұрғын үй пәтерлерінің өзара шуын оқшаулау жұмыстарын жүргізуге міндетті. Оқшаулау жасалмаған жағдайда пәтер иелері шағым түсіре алады.

Newsroom тілшісі елордадағы бірқатар құрылыс компанияларына осы мәселе бойынша хабарласты. Дегенмен, нақты жауап алу мүмкін болмады.