Заңсыз салынған тұрғын үй мәселесіне қашан тоқтам болады?

Әмина Козбакова
KAZGUU Newsroom

Фото: kapital.kz

Елордада заңсыз жолмен тұрғын үй салу мәселесі әлі күнге дейін толастар емес. Жергілікті билік оның алдын алуға тырысқанымен, құрылысы бітпеген немесе сапасы сын көтермейтін құрылыс нысандары 100-ге жуықтап қалған. Соңғы жылдары алданып қалған салымшылар саны азаймағандықтан, халық та жаңа тұрғын үйлерден пәтер алуға сенімсіздік танытып отыр.

Қаланың оң жағалауында тұратын зейнеткер Қали Бейтасұлы сол жағалаудан пәтер сатып алуға қорқатынын айтады.

“Оң жағалауда тұрғаныма он жылдай болды. Енді немерелерімнің қасынан пәтер алайын десем, жаңа үйлер қауіпсіз емес қой. Қанша танысымыз пәтер аламыз деп, құжат тексермей ақшасынан айырылды. Бірақ амал жоқ көшу керек. Әлі пәтер іздеп жүрмін”, дейді Бейтасұлы Newsroom тілшісіне.

Елорданың бас жоспарын әзірлеу Астана қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының құзыретіне кіреді. Жақында мекеме Астанада 96 тұрғын үй заңсыз салынып жатқанын мәлімдеді

Ресми дерекке сенсек, анықталған тұрғын үйлердің 20-сына құжаттарын реттеуге билік тарапынан мүмкіндік берілген. Ал қалғанының құрылысы әзірге тоқтатылған. Тоқтатылғандардың ішіндегі 20-сын бұзу туралы шешім шығарылды. Заңсыз құрылыс бастап кеткендер тізіміне «Mars Project» ЖШС, «Aiz Kurylys» ЖШС, «Русалдинг Line» ЖШС, «Билдинг компани» ЖШС, «Expert Consulting Agency Kazakhstan» ЖШС, «Тауекел Инжиниринг» ЖШС, «Global Millennium» ЖШС, «Handan-Astana» ЖШС және «Oreol-Group» секілді компаниялар кіріп отыр. 

Жыл басында өткен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Тоқаев “төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұрғанын” айтып, “құрылыс компанияларының жай ғана мардымсыз айыппұл төлеп, азаматтардан ақша тартуын” сынға алған еді.

Астанада салымшылардың құрылыс компанияларына алданып қалуы жиі кездеседі. Мысалы, жыл басында қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында 1200 қала тұрғыны үйінің кілтіне қол жеткізе алмай жатқанын жазған болатын. Сондай-ақ құрылысы кешіккен, мәселесі көп 30-дан аса тұрғын үй кешені бар екенін тілге тиек етті. Қазір олардың құрылысын аяқтауға қала әкімдігі көмектеспек. 

Қазақстан құрылысшылар одағының мәлімдеуінше, 2021 жылдан бері Астанада салымшылардың алданып қалмауына мониторинг жасайтын ұйым жұмыс істеп келеді. Комиссия мүшесі әрі Қазақстан құрылысшылар одағы президиумының төрағасы Талғат Ерғалиевтің Newsroom тілшісіне берген пікірінде “құжатсыз тұрғын үй салушылардың құрылысын неге рұқсатсыз бастап кеткенін анықтауға тырысатынын” айтады.

“Егер құрылыс компаниясы бюрократикалық сатылар кесірінен рұқсат ала алмай жүрген болса, оны біз арнайы протоколға енгізіп, қала әкімінің орынбасарына жібереміз. Әкімдік өз кезегінде бұл мәселені тиісті органдар арқылы шешудің амалын жасайды”, – дейді Ерғалиев. 

Ерғалиев рұқсат алуға салғырт қараған құрылыс компанияларына мәселені шешуге белгілі бір уақыт беретінін, реттей алмаған жағдайда, нақты шара қолданатынын да жеткізді. 

Жылжымайтын мүлік саласы бойынша заңгер Аржан Садуақас құрылыс компаниясы міндетін орындамаса, сатып алушы сот арқылы шартты жарамсыз деп танытып, ақшасын қайтарып алуға болатынын атап өтті.

“Егер адам пәтерге алдын ала ақша төлеп қойып, тұрғын үйдің заңсыз салынғанын білсе, ең алдымен мердігерлік ұйымға арнайы арыз жазады. Жазбаша түрде мердігер компанияға арызданып, хат алмасу арқылы төленген соманы қайтаруды талап етіп, шартты жарамсыз деп тануды сұрайды. Ал құрылыс компаниясы бұған келіспесе, онда сатып алушы азаматтық істерді қарайтын сотқа жүгініп, соттың көмегі арқылы шартты жарамыз деп таныта алады. Егер құрылыс компаниясы ақшаны қайтармаса, азаматтар сотқа жүгініп, тек сот арқылы ақшаны өндіріп ала алады”, – дейді Садуақас Newsroom тілшісіне.

Алайда заңгер, бұл процестің халыққа жақпайтын осал тұстары да барын айтты. 

“Бұл ретте де бір мәселе бар, азамат сотқа жүгінсе, мысалы, егер үйдің құны 30 миллион теңге болса, оның бір пайызын арыз беріп жатқан жеке тұлға сотқа төлеуі қажет. Бұл мемлекеттік баж деп аталады. Халықтың көбісі мұндай соманы төлей алмағандықтан, сотқа жүгінбейді”, – дейді ол. 

Заңгер елордалықтарды салынып жатқан үйге салым салмас бұрын, оның қаншалықты заңды екенін анықтауға шақырады. Құрылысқа құжаты жоқ немесе салымшылар тартуға рұқсат алмаған компаниялар тізімі мен құрылыс нысандарын мына сілтемеден көруге болады.