Папиллома вирусы: қатерлік ісікке қарсы екпеден қауіп қандай?

Ильнара Менисова
KAZGUU Newsroom

Фото: tengrinews.kz

Қазақстан әйелдер арасында жатыр мойны обыры қатерлі ісігінің таралуы бойынша екінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, бұл оқиғалардың 95%-дан астамы папиллома вирусынан туындайды. Қазақ үкіметі келесі ұрпақты аталмыш вирустан сақтау үшін жаппай ем салуды міндеттеуді жоспарлап отыр. 

2024 жылдан бастап елімізде жасөспірім қыздарға папилломаға қарсы вакцина салынады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі “Ашық НҚА” порталында жариялады. Жоспар бойынша, 11 жастағы қыздардың кемінде 95%-ы вакцинамен қамтылуға тиіс.

Еске сала кетейік, 2013-2015 жылдары Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып, АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізуге тырысты. Ол кезде еліміздің төрт өңірінде, яғни Алматы, Астана, Павлодар және Атырау облыстарында екпе егілді. 17 мыңға жуық адам вакцинаның 1-3 дозасын алды.

Сайып келгенде, бағдарлама сәтсіз аяқталып, тоқтатылды. Павлодар облысында екпеден кейін 2 қыз есінен танып қалып, бұл мәселе қоғам арасында резонанс тудырды. Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы “мұндай реакция препараттың өзінен емес, вакцинация өтетін жағдайлардың дұрыс болмауынан туындады” деп тұжырымдаған. Жауапты орган бұдан былай барлық мәліметтер ескеріледі деп сендіреді.

Әйелдер арасында жатыр мойны қатерлі ісігінің пайда болуына негіз болатын вирустың актуалдығы жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, өткен жылы Қазақстанда 2000 әйелде аталған ісік қаупі анықталған. Ал оның 600-і өлім жағдайына жеткізген. 

Астаналық Алия Сәдуақасова да бұл аурумен күресіп жүргеніне біршама уақыт болғанын айтады. Оған қойылған нақты диагноз дифференцирленген жатыр мойны қатерлі ісігі (IV кезең) деп аталады. 

“2022 жылдың маусымынан желтоқсанға дейін жарты жыл бойы гинекологқа барып жүрдім. Ол маған эндомитриоз деген диагноз қойды. Желтоқсанда тағы қан кетіп, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болдым.  Сонда ғана “рак шейки матки” деген тұжырымға келді. Тек 28 желтоқсанда ғана диагноз нақтыланып, II кезең екені белгілі болды. Ал Кореяға емделуге барғанымда IV кезең болып шықты. Қазіргі таңда, 4-химиялық терапияға дайындалып жатырмын”, – дейді Сәудуақасова.

Әлия Балқожаева есімді онкология хирургі папиллома вирусы жыныстық қатынас немесе жақын дене байланысы арқылы берілетінін айтады. Оның пікірінше, жыныстық қатынас пенетративті болғанның өзінде жұқтырып алу қаупі бар. 

“Папиллома вирусы инфекциясы асимптоматикалық ауруға жатады. Жұқтырған жайттардың 90%-ында денсаулыққа байланысты еш проблема тудырмайды. Симптомсыз болғандықтан, адам білмей, медициналық тексерістен өтпей жүре беруі мүмкін”, – дейді ол. 

Онкология маманының айтуынша, дененің иммундық реакциясы кейде инфекцияны жоя алады. Бірақ ол әр адам ағзасында әрүрлі болғандықтан, үнемі тексеріліп, ем алған жөн екенін алға тартады. 

“Мүшеқапты қолдану вирусты жұқтыру қаупін азайтады, бірақ ол жабылмаған тері айналасы тиген кезде де берілуі мүмкін”, – дейді Сәдуақасова. 

Денсаулық сақтау министрлігі вирусқа қарсы емді қыздардың жыныстық жетілу кезеңіне дейін салуды ұсынады. Себебі тек сол кезде вакцинаның ең жоғары тиімділігі қамтамасыз етіледі екен. Салынған вакцина иммунитеті кем дегенде 10 жыл сақталады.

Айта кетсек, АҚШ билігі папиллома вирусына қарсы вакцина салу әсерінен соңғы 40 жылда  әйелдер арасындағы жатыр мойны обырының таралу жиілігін 4 есе төмендете алған екен. Ал Аустралияда 2005-2015 жылдар аралығында 18-24 жастағы қыздар арасында папиллома вирусының таралу деңгейі 22,7%-дан 1,1%-ға дейін төмендеген.