Энергетикалық сусындарға тәуелділіктен қалай арылуға болады?

Айым Жаныбекова
KAZGUU Newsroom

Фото: Айым Жаныбекова

Денсаулық сақтау министрлігінің жуырда жасаған зерттеуіне сенсек, Қазақстандағы әрбір бесінші жасөспірім апта сайын энергетикалық сусын ішеді. Ал күн сайын ішетіндер көрсеткіші кәмелетке толмағандар арасында 3 пайызды құраған. Алайда мамандардың айтуынша, бұның салдары ұйқысыздыққа, жүрек ауруларына алып келеді.

Мерей Дүйсен есімді Maqsut Narikbayev University-дің екінші курс студенті оқу барысында энергетикалық сусындарға тәуелді бола бастағанын айтады.

“Кез келген мекемеге, асханаға барғанда, энергетика сусынын іздей бастаймын. Себебі оқу кезінде менің тіпті ұйқыға уақытым жоқ болғандықтан, жиі ішемін. Есесіне күндізгі белсенділігім төмендей бастады”, – дейді ол. 

Ол энергетикалық сусынды ішкеннен кейін жүрегі тез соғып, басының айнала бастайтынын байқаған. Сондықтан енді күніне біреуден артық ішпеуге тырысып жүргенін айтады.

Бұл қазіргі қоғамның өмір ырғағымен тікелей байланысты болса керек. Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов  адам баласы қазіргі қоғам дамуынан артта қалмау үшін, бәріне үлгеруге тырысатынын айтады. Ал бұл аз ұйқыға итермелейді. 

“Адамдар энергетикалық сусындар сергек жүруге және энергияның ұлғаюына ықпал етеді деп ойлайды. Ал, шын мәнінде оны үнемі қолдану аддикцияның (тәуелділіктің) қалыптасуына алып келеді”, – дейді Сақтағанов.

Маман өз тәжірибесінде де энергетикалық сусындарға тәуелді азаматтар көп кездесетінін айтады.

 “Trinity Sportmed” медицина орталығының кардиологы Айжан Нұрмұхамбетованың ойынша, энергетикалық сусындар тек психикалық емес, физикалық тәуелділікті де қалыптастырады. 

«Энергетикалық сусындар жүректің әртүрлі патологияларына әкелуі мүмкін.  Көбінесе бұл аритмия, кардиомиопатия, миокард инфарктісі, жүрек жеткіліксіздігі секілді ауруларға жетелейді», – деді Нұрмұхамбетова.

Дәрігер энергетикалық сусындар құрамында адам ағзасына пайдалы ешнарсе жоқ екенін айтады. Сондықтан одан тәуелділікті жойғаннан кейін, мүлде ішпеуге шақырады. 

“Энергетикалық сусындарға тәуелділіктен құтылу үшін құрамында кофейні бар өнімдерден бас тартып, көмірсутекті нәрселер қосылған тағамдарды азайту қажет. Құрамында дәрумендері көп, ағзаға пайдалы шырын, морс, смузиге ауысу керек. Үнемі қолымызда таза су құйылған ыдыс болғаны жақсы. Иммунитетті көтеру үшін күніне 3 қасық таза бал пайдалану, өз кезегінде ағзаны тазалайды және қалыпқа келтіреді”, – дейді кардиолог маман.