Дәстүрлі емес медицинаның зияны қандай?

Арайлым Серқанова
KAZGUU Newsroom

Фото: skkdkb.ru

Бүгінде халық арасында дәстүрлі емес медицина қызметтері кең тараған. Қоғамда оған сұраныс та көбейіп келеді. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі оған лицензия берілмейтінін және ескеретін қауіпті тұстары бар екенін хабарлайды. 

Қарағанды қаласы тұрғыны Светлана Мұстафина жұмыс бабы бойынша жиі іссапарға баратынын айтады. Сол себепті емханада көп уақыт қалып, емделуге әдетте уақыты жете бермейді. Сондықтан ол дәстүрлі емес медицинаға жиі жүгінеді екен. Себебі  салыстырмалы түрде ондағы ем уақыты ұзаққа созылмайды.

“Мені аяқ-қолдарымдағы ауру мазалап, денемде жиі әлсіздік басады. Емші (маған) остеопатия әдісін қолданды. Бірінші, екінші сеанстан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім. Сосын осыдан кейін бұл мәселеге қайтып оралмадым”, – дейді Мұстафина.

Қазіргі таңда қарағандылық тұрғын сияқты дәстүрлі емес емдеу әдістеріне жүгінетіндер қатары көп. Дегенмен, ондағы кейбір емдеу әдістері қауіпсіз бола бермейді. Мысалы, акупунктура деп аталатын инемен емдеу әдісін айтуға болады. Оны оқытылған және лицензиясы бар тәжірибелі дәрігер орындаған кезде, әдетте қауіпсіз болады. Дегенмен, инелер дұрыс зарарсыздандырылмаса, түрлі ауру жұқтыру қаупі бар. 

Сондай-ақ, мамандар шөптік дәрілер де үлкен мөлшерде қабылданғанда немесе басқа дәрілермен әрекеттескенде қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. Ал гомеопатия, яғни өте аз мөлшердегі дәрімен емдеу әдісінің тиімділігі де ғылыми ортада әзірге нақты дәлелденбеген.

Бүгінде халық арасында сұранысқа ие дәстүрлі емес медицина қызметтерінің бірі ретінде хиджама айтылып жүр. Астана қаласындағы “BELON MEDICAL’’ медициналық орталығының тәжірибелі дәрігері Сүлеймен Оспанұлының айтуынша, медициналық орталыққа адамдар көбіне қан қысымы, денедегі жаралар, безеулер сияқты аурулармен келіп, хиджамадан кейін өздерін жақсы сезініп жатады. 

“Біз адамдармен алдын-ала сөйлесіп, денсаулығына қатысты барлық ақпараттарды біліп аламыз. Егер оларда онкологиялық не психологиялық аурулары болса, немесе 25 жасқа толмаған және 65-70 жастан жоғары адамдар болса хиджама жасалмайды. Тек кей кезде ғана 20 жастан асқан, безеу мәселесімен келгендерге жасалуы мүмкін”, – дейді ол KAZGUU Newsroom тілшісіне.

Оспанұлы әзірге өзіне келген азаматтардан еш шағым түспегенін айтты. Дегенмен, ол емдеу әдістерінің кейбіреуінің басқаларына қарағанда қаупі жоғарырақ болуын жоққа шығармайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің KAZGUU Newsroom тілшісіне берген мәлімдемесіне орай, 2022 жылы елде хиджама мен сынықшылар бойынша 5 шағым түскен. Үш жағдай бойынша тексеру жүргізіліп, одан әрі шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген екен.

“Дәстүрлі емес медицина емшілік екенін түсінген жөн. Қазақстан Республикасында емшілік лицензияланбайды”, – делінген министрлік жауабында. 

Ресми дерекке орай, медициналық қызметке лицензия алу үшін санитарлық қағидаларға сәйкес келетін үй-жай, жұмыс істеп тұрған медициналық және арнайы жабдықтардың, аппаратуралар мен аспаптардың, жиһаз, көлік және басқа да құралдар мен мамандардың (қолданыстағы сертификаты бар) болуы керек.

Астана қаласы Полиция департаменті дәстүрлі емес медицина емханалары дәрігерлеріне қатысты еш шағым түспегені туралы мәлімдеді.