Конституциядағы қате аудармалар қашан түзеледі?

Мақпал Батталова
KAZGUU Newsroom

Фото: egemen.kz

Конституция мен Жоғарғы Сот қаулыларының қазақ тіліндегі мәтіндерінен қателіктер табылып жатыр. Журналистер мен тіл мамандары калька аудармалардың салдарынан туындар мәселелерді айтып бастама көтерсе, кейбір заңгерлер қателіктерді қайта қарау жөнінде өкілетті органдарға сұрау салып үлгерген. Олардың айтуынша, нормативтік қаулының кейбір баптары қолданыста әлі бар.

Конституцияның кейбір баптары мен Жоғарғы Сот қаулысынан заңгерлер бірнеше калька аудармалар тапқан. Оның ішінде жекелеген сөздер мен тұтас заң тармақтарынан да қателер көрсетіледі. Елдегі ақпараттық сайттардың бірінде, 2014 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстің 38 бабының 4-тармағы 2 сөйлемнен құралып, оның бірінші сөйлемінде 89 сөз жазылғаны айтылады. Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың №1 және №2 нормативтік қаулысының, 4,5,13, 20-тармақтарындағы, №7 нормативтік қаулының 7-тармағы; №8 нормативтік қаулысының 22-тармағында т.с.с. қате аудармалар табылған.

Заң мәтіндерінің калька аудармалары туралы белгілі тіл маманы, редактор Назгүл Қожабек өзінің “Калькасыз қазақ тілі” атты Telegram каналында жиі жазады.

“Рақымсыздықпен, мейірімсіздікпен өлтірді…Рақымсыз-дық, мейірімсіз-дік туынды зат есім. Адамның мінез-құлық, әрекетінің сипаты. Осы сөздерді тудырған -сыз жұрнағы түбір сөз мәнін жоққа шығарып тұр: рақым жоқ, мейірім жоқ дейді. Ал енді жоқ нәрсемен бірнәрсе істеуге бола ма? Бұл туынды зат есімнен туынды үстеу (қалай? деген сұраққа жауап беретін) жасалмайды. Рақымсыз/мейірімсіз деген сөздерге көмектес септік жалғауы тек сол сипаттармен күресу мағынасындағы контекстіде ғана қолданылады. Рақымсыздықпен күресті. Ал орыс тілінің “без” деген приставкасына қарап болмайтын сөз тудырудың қажеті жоқ. Қазақ тілінде “аяусыз/аямай”деген үстеу бар”, – делінген аталған арнада.

Қазіргі таңда Жоғарғы Сот қаулыларындағы қате аудармаларды өз студенттерімен бірге талқылап, түзетіп ұсынып жүрген KAZGUU оқытушысы, заңгер Алмас Жұмағали заңдағы қателер саны жыл өтсе де азаймай жатқанын айтады. Ол шәкірттерімен заңдағы аударма мәселесін талдап келе жатқанына жиырма бес жыл болыпты.

“Дәл қазіргі күні, яғни үш аптаның ішінде маған 80-нен астам қате туралы ұсыныс түсті, соның 61-і жөнелтілді. Оған көз жүгіртсеңіз, бір ғана емес бірнеше нормативтік қаулыда қате бар екенін байқайсыз. Олардың ішінде қабылданғандарына 21 жыл (мысалға, «Кәмелетке толмаған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен қоғамға қарсы өзге де іс-әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуірдегі №6 Нормативтік қаулысы), ал ең соңынан қабылданғандарына 5 жыл өткен (айталық, «Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №6 Нормативтік қаулысының ). Бір қызығы жыл сайын мониторинг жүргізілсе де, осынша жыл осы қателермен тұр”, – деді заңгер.

Оқытушы нормативтік қаулының алдымен өзге тілде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылуын мемлекеттік тілді кемсіту болып саналатынын айтты.

Оның сөзінше, заң бойынша «қазақ және орыс тiлдерiн пайдаланудағы теңдiк, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң заңдық маңызы тең”.

Айта кетейік, осы мәселеге байланысты 14 сәуір күні мәжіліс депутаттары Жарқынбек Амантайұлы мен Үнзила Шапақ Премьер министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке хат жолдаған болатын. Олардың мәліметінше, 32 жылда 3589 заң жобасы қабылданып, оның тек екеуі ғана қазақ тілінде жазылған.

Ал KAZGUU оқытушысының айтуынша, 2-курс студенттері қаулыдан тек калька аудармаларды ғана емес, орыс тіліндегі нұсқасынан стилистикалық, техникалық қателерді де тапқан.

“Енді бірінде қазақша «талап қанағаттандырылса» десе, орысшасында «қанағаттандырылмаса» деді. Тіпті, кейде күлкілі техникалық қателер де бар. Мысалы, «есірткіні тауып алса» дегеннің орнына «есірткіні ТУЫП алса» деген не болмаса «Қинау қылмысын лауазымды адам жасаса, қосымша ҚК 308-бабымен сараламаймыз», – дейді, ал сол 308-бапты қарасаңыз «Жезөкшелік жасауға тарту» қылмысы. Бұл енді қаны тамып тұрған сорақылықтар”, – дейді ол.

Ұсыныс жіберу барысында Алмас Жұмағали нақты қиындықтар кезігіп жатпағанын айтты. Алайда, өкілетті орган қызметкерлері кейбір студенттерге хабарласып, қателердің бәрі бір қаулыдан екенін айтып, Университетке шағымдану хатын жібереміз деген. 

 “Оған байланысты мен әлеуметтік желілерде Жоғарғы Сотқа жүгініп, егер де тағы да осындай жағдай қайталанса, желіге қоқан-лоққы жасаушыларды аты-жөндерімен жариялайтыным туралы жаздым”, – дейді ол өз сөзінде.

Осыған байланысты филология ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ аға оқытушысы Әсем Насыритдинова қате аудармаларды болдырмау үшін сапалы кадр даярлау керек екенін атап өтті.

“Аудармашылар қателеспеуі үшін екі тілді де қатар терең меңгеруі керек. Мәтінді қазақ тіліне аударғанда тілі жатық болуы үшін көнерген сөздер мен диалектілерді, кәсіби сөздерді де дұрыс пайдаланудың өзі тұтас шеберлікті қажет етеді”, – деді ол редакция тілшісіне.

 Жоғарғы Соттың Newsroom тілшісіне берген мәлімдемесіне сәйкес, бұл мәселе бойынша 2016 жылдан бері қазақ тіліндегі қаулылардың сапасын қадағалайтын арнайы сараптамалық комиссия жұмыс істейді.

“Қазіргі таңда аталған сараптамалық топ Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарын ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету секторымен бірлесіп, 110 нормативтік қаулылардың қазақ тіліндегі мәтіндеріне зерделеу жұмыстарын жүргізуде.Сіздердің ұсыныстарыңыз жан-жақты қарау және жұмыста қолдану үшін сараптамалық топ мүшелеріне берілді”, – делінген Жоғарғы Сот ақпаратында.