Астанада үш ауысымды мектеп мәселесі соңғы он жылдан бері шешілмей келеді

Әмина Козбакова
KAZGUU Newsroom

Фото: halyq-uni.kz

Астана қаласында мектеп мәселесі әлі де өзекті. Қоғам белсендісі қазіргі заманда елордада үш ауысымды мектептердің болуын нағыз трагедия дейді. Бүгінде қалада 8 үш ауысымды және бала саны шамадан тыс 18 мектеп бар. Астана қаласы әкімдігі мәселе 2025 жылға дейін шешілетінін айтады. 

Қазақстандағы мектептердің басым бөлігі екі ауысымды жүйемен жұмыс істейді. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сенсек, 2021/2022 оқу жылында елімізде 5,2 мың осындай мектеп болған. Бұл көрсеткіш 2020/2021 оқу жылында 5,1 мың болған екен.

Атқарушы биліктің осы саладағы қазіргі басты мәселесі кей өңірлердің урбандалуына орай туындаған үш ауысымды мектептер санын азайту болып отыр. Өкінішке қарай, үш ауысымды мектептер саны соңғы жылдары артқан. Айта кетсек, 2021/2022 оқу жылында Қазақстанда 169 үш ауысымды мектеп жұмыс істеген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 5,6 пайызға артық (160 мектеп), ал үш жыл ішінде мұндай мектептердің саны бірден 32 пайызға өсіп отыр.

Бұл білім беру жүйесі инфрақұрылымының нашарлағанын көрсетеді. Мысалы, қазіргі таңда Астана қаласында 8 үш ауысымды және бала саны шамадан тыс 18 мектеп бар. Бала саны шамадан тыс көп мектептердегі әрбір оқу сыныбында оқушы саны 30-дан асады.

Елордадағы №90 мектеп гимназиясы директоры, “QAZBILIM” жобасының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы қала сәулеті дұрыс жоспарланбай, мектеп жетіспеушілігі проблемасы шешілмейтінін айтады.

“Қалада мектеп аз емес, көп. Бірақ оқушы да сондай көп. Астанада үш ауысымды мектептердің болуы – трагедия. Бұл мәселе жалпы, қала жоспарының дұрыс жасалмауынан және ішкі көші қон мәселесінің ауырлығынан туындап отыр. Егер біз тек қана Астанаға көңіл бөлуді тоқтатпасақ, онда халық та Астана, Алматы сияқты мегаполистерге жиыла береді”, – дейді ол. 

Маман мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге шақырады. 

“Үшауысымды мектептердегі білім сапасы туралы айту тым артық. Екі ауысымды мектептердің өзі білім беру сапасына үлкен кедергі. Мұғалімдерге қосымша жұмыс істеуге, үлгерімі төмен немесе керісінше дарынды балаларға жеке көңіл бөлуге уақыт табу мүмкін емес”, – дейді Ахметжанұлы.

Елімізде мектеп тапшылығы 2014 жылдан бері айтылып келеді. Сол жылы бас қалада үш ауысыммен оқытатын 2 мектеп болған екен. Білім және ғылым министрлігі кейінгі үш жылда, яғни 2016-2017 жылға дейін үш ауысымды мектептер болмайтынын мәлімдеген болатын. Алайда, 10 жыл өтсе де, үш ауысымды мектептер саны азаймай, керісінше көбейген. 

Ал 2022 жылы қазан айының басында Астана қаласы мәслихат сессиясына сол кездегі қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, 2025 жылға қарай Астанада екі ауысымда тағы 120 мың оқушыға орын ашылатынын айтқан. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда 44 жаңа мектеп салу жоспарланған.

“Елордада жыл сайын халық саны артып келеді. Мысалы, мамыр айында 8 мыңнан астам бала мектеп бітірсе, қыркүйекте 25 мыңнан астам баланы бірінші сыныпқа қабылдаймыз. Жүйелі түрде қысқарту және үш ауысымда білім беретін мектептердің пайда болуына жол бермеу үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Мысалы, 3 жылда 70 мың орындық 34 мектеп салынды”, – деген еді Көлгінов.

Алайда, экономика министрлігі статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, соңғы 3 жылда елордада небәрі 9 мектеп пайдалануға берілгенін көруге болады.

Астана қаласы әкімдігінің KAZGUU Newsroom редакциясына берген дерегіне сенсек, үш ауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайту мақсатында биылғы оқу жылында 11 мектеп салынып, пайдалануға берілмек.

“Қазіргі таңда оның бесеуі оқушы қабылдауға дайын. Осы оқу жылында тағы 6 мектеп пайдалануға беріледі. Келесі оқу жылында 20 300 орынға 13 мектеп салу жоспарланған”, – деп жазылған тілшіге жіберілген ресми мәлімдемеде. 

Сондай-ақ, Астана әкімдігі биыл Президент Тоқаев ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 88 800 орындық (екі ауысымды) 24 ірі мектепті жобалау басталғанын мәлімдеді. Құрылысы да биыл басталуға тиіс.