Астаналықтарды су тапшылығы алаңдатады

Арайлым Серқанова
KAZGUU Newsroom

Фото: Ulysmedia.kz

Соңғы бірнеше аптада елордалықтар су тапшылығына байланысты әбігерге түсті. Көктем басынан бері су қысымының азаюуы қала тұрғындарына біршама қолайсыздық тудырды. “Астана су арнасы” су жетіспеушілігі қала халқының жоспардан тыс көбеюінен деп есептейді. Қала әкімдігі оның шешімін сорғы және сүзгі стансаларын кеңиту арқылы іске асыруды көздеп отыр.

Есіл ауданындағы “Қаратау” тұрғын-үй кешенінің тұрғыны Дариға Асаниязова су тапшылығы жиілегенін және болғанның өзінде оның таза болмай ағуы қолайсыздық тудырып жатқанын айтады.

“Біз тұратын тұрғын-үй кешенінде су жиі өшіріледі. Бұны [пәтер иелерінің кооперативі] әртүрлі себептермен байланыстырады: ремонт, авария салдары, құбырлардың қоқыспен толтырылып кетуі. Судың қысымы негізі қатты, алайда, су өшіріліп қайта қосылғаннан соң бірнеше сағат бойы баяу болып тұрады”, – дейді Асаниязова. 

Оның айтуынша, судың түсі де өзгеріп кететін кездер болған. Мұндай жағдайлар тіпті судың өшірілуімен де байланысты емес екен. Яғни,  судың түсі өздігінен сары, не қоңыр түске боялып кеткен сәттер де болыпты. 

“Бұның кесірінен суды қолдану мүмкін емес. Тағы да айтарым, кей кездері судың суық жағы немесе ыстық жағы ғана баяу ағып тұратын жағдайлар да бар”, – дейді ол Newsroom тілшісіне.

Соңғы күндері бүкіл елорда бойынша түрлі тұрғын үйлерде тұратын азаматтар су тапшылығын айтып, әлеуметтік желілерде шағымдана бастады. Астана қаласы әкімдігі мәселе тек су жетіспеуінде, яғни әкімдік тарапында емес екенін айтып, түсініктеме берді. Су жабдықтайтын компания “Астана Су Арнасы” қала тұрғындарының күрт өсуіне байланысты 28 наурыздан бастап су қысымын реттеу бойынша арнайы шаралар қабылдауға, яғни кесте бойынша су қысымын төмендетіп отыруға мәжбүр екенін хабарлады.

Астана қаласы әкімдігі өкілі “көптеген үйлерде орнатылған сорғылардың ескіргеніне байланысты кейбір аудандарда су қысымы төмен” дейді. Сол себепті, кесте бойынша жіберетін су жоғарғы қабаттарға көтерілмейді. Әкімдік бұл мәселе көбіне Сарыарқа ауданында туындайтынын атап өтті.

“2013 жылы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуды жоспарлау кезінде елорда халқының саны тек 2025 жылға қарай 1 200 000 адамға жетеді деп болжанған. Алайда, бүгінгі таңда елорда халқы жоспарланған саннан асып, іс жүзінде 1 300 000 адамды құрады. Бұл ауыз су өндіру қуаттылығының тапшылығына алып келді. Соған орай, 2021 жылдың қараша айынан бастап өнімділігі тәулігіне 100 мың текше м3 асатын жаңа сорғы-сүзгі станциясының құрылысы жүргізілуде. Тапсырыс берушілер – отын энергетикалық кешені жаңа сорғы-сүзгі станцияның құрылысына 58 млрд теңге бөлді”, – делінген әкімдіктің жауабында.

“Астана Су Арнасы” өкілі су тапшылығы болмауы үшін жоспарланған жаңа сорғы-сүзгі станциясының құрылысы 2021 жылы басталғанын мәлімдеді. Ол 2023 жылдың тамыз айында аяқталуға тиіс екен. 

“Кесте бойынша суды жіберу жаңа станция іске қосылғанға дейін жалғасады. Сорғы-сүзгі станциясының өзі тек 305 мың текше метрге, яғни 600 000 – 1 000 000 халыққа есептелгендіктен, жалпы тәулігіне 305 мың текше метр су берілетін. Дегенмен, халық саны күрт өскендіктен, оның орнына 330 мың текше метр су беріліп жатыр”, – делінген “Астана Су Арнасы” жауабында.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін Нұрын жер асты суы кен орнынан су құбырын тартып, Телман сорғы стансасын кеңейтіп, Сәтбаевтан су алу нүктесі бар төртінші сорғы және сүзгі стансасын жобалау шараларын іске асыра бастайтынын мәлімдеді. 

Newsroom тілшісі елордадағы бірқатар пәтер иелері кооперативтеріне осы мәселе бойынша хабарласты. Дегенмен, нақты жауап алу мүмкін болмады.