Астанадағы мектеп оқушылары жыныстық кибербуллинг көрген

Ақбаян Арапшаева
KAZGUU Newsroom

Фото: www.unicef.by

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірінде 11 сынып оқушысы өзге оқушыларға жыныстық кибербуллинг (секстинг) жасаған. Нақтырақ айтқанда, эротикалық мазмұнда хабарламалар мен суреттер талап ету арқылы буллинг жасаумен айналысып келген. Бұл жайлы #НеМолчиKz қорының президенті, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында жазды. Мектеп әкімшілігі мұндай фактінің болғанын растады. 

Құқық қорғаушы мектеп әкімшілігінің әрекетін сынға алды. Оның сөзінше, мектеп әкімшілігі оқушыны оқудан, ал оған жауапты маманды жұмыстан шығарып, мәселені жабуға тырысып жатыр. 

Жыныстық кибербуллинг көрген қыздардың айтуынша, зияткерлік мектептің Қ. есімді 11 сынып оқушысы білім ордасында өте белсенді болған. Ол психологиялық қолдау клубын құрып, қоғамдық жұмыспен айналысқан. Қ. апта сайын өзін әлсіз сезінген, психологиялық көмекке зәру оқушылармен жиналыс өткізетін болған. 

Жәбірленушілердің сөзінше, клуб жетекшісі жиналыстар барысында оқушы қыздардың сеніміне кірген. 

“Мен оның кезекті құрбанымын. Бұның барлығы мен 7 сыныпта болғанда басталып, осы күнге дейін жалғасып келді. Ол 11 сыныптағы барлық қыздарға қорлық көрсеткен. Әсіресе өзінен кішілермен жақсы араласатын”, – деді жәбір көрген қыздардың бірі.

Жәбірленушінің айтуынша, секстиң жасаған оқушы соңғы жылдары телеграмда құпия чат қолданған. Ол жерде скриншот жасау немесе хатты басқамен бөлісу шектелген. 

“Сонымен қатар барлық жазбаларды тазартып жүретін. Мен бір рет екеуміздің сөйлескенімізді скриндап алған едім. Бірақ ол “саған жаман болмасын десең өшіріп таста” деді. Мен қорыққаннан оның айтқанын жасайтынмын”, – деді ол. 

Қорлық көрген қыздың сөзінше, ол үндемейтін, айқай-шу көтермейтіндерді бақылап, жалғыз жүрген кезде жақындайтын болған. Тіпті сөйлесіп тұрғанда жанындағы адамды қолымен ұстай беретін де болған.

“Бірінші рет ол маған 14 жасқа толғанымда жазды. Ол достарымыздың арасында өте танымал бала болатын. Оны барлығы “солнечный мальчик” деп атайтын. Себебі жылы жүзді болатын. Жауап бермесем мен туралы жаман ойлап қалады деп қорықтым. Егер мен қасыңда болсам, қыздығыңнан айырар едім деп жазғандары бар. Осының барлығы 1 жыл бойы жалғасып келді. Мектепте жүргенде одан қашып, қорқып жүретінмін”, – деді жәбірленуші.

10 сыныпта оқитын тағы бір оқушы секстиң жасаған азаматтың мектептегі қыздарды танымаса да, оларға қатысты түрлі ақпарат білетінін айтады. 

“Мен оны жеке танымайтынмын. Ол маған жазған емес. Бірақ дәлізде көрісіп қалсақ, атымды атап амандасатын. Мені ол қайдан танитынын түсінбейтінмін”, – дейді тағы бір оқушы.

Сұхбат берген ондаған қыз зардап шеккеніне сенімді. Олар мұндай әрекеттер жасаған оқушыны жақтамауды сұрайды. 

Осыған байланысты мектеп әкімшілігіне арнайы хабарласқан едік. Алайда олар Newsroom тілшісінің сұрағына жауап бермей, телефонды қоя салды. Жазған хабарламаларға да жауап бермеді. 

NIS баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Серікбаева Дина Таңсәрінің жазған посты астына мәселеге орай қажетті шаралардың қабылданғанын жазып,  пікір білдірген.

“Оқушылар арасында киберқорлау (секстинг) оқиғасы анықталды. Екі күннің ішінде оқушы да мектеп қызметкері де білім орталығынан шығарылды. Мектептегі әрбір оқушының әл-ауқатының маңыздылығын түсініп, осы бағытта жұмыс жасалып жатыр. Жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша жыныстық қатынас немесе зорлық зомбылық фактілері табылған жоқ”, – деп жазған Серікбаева.

Фото: perekrestok.info

Newsroom тілшісі Қ. есімді азаматтың ата-анасына және жұмыстан шеттетілген мектеп қызметкерімен байланысқа шығуға тырысып көрді. Бірақ әзірге жауап ала алмады. 

Атын атамауды сұраған мектеп оқушысының анасы Newsroom тілшісіне “өзі буллингпен күресу мақсатында психологиялық көмек көрсетіп жүріп, қорлық жасауы оқушының өзінде психологиялық ауытқу барын білдіреді” дейді.

“Ол мектепте өте танымал бала болған. Тіпті өзінің буллингпен күресіп, психологиялық көмек беретін ұйымы да бар. Клуб қатысушыларымен жиналыс өткізіп отырған екен. Алданып қалатын әлсіз қыздарды өзінің құрбаны еткен. Біз әлі ол тұрған интернат қабырғасында қандай сұмдық жағдайлар болғанын білмейміз”, – дейді мектеп оқушысының анасы. 

Қ. есімді азаматтан жәбір көрген өзге қыздардың ата-аналары пікір беруден бас тартты. Олар оны мектеп абыройына нұқсан келсе, зияткерлік статусынан айырылып қалу қаупімен түсіндірді. Балаларының зияткерлік мектепті толық тәмамдағанын қалайтынын айтты.

Құқық қорғаушы Малика Тастанова жыныстық қудалауға қатысты екі баптың бар екенін алға тартады.

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 434-бап бойынша ұсақ бұзақылық ретінде немесе ҚР қылмыстық кодексінің 123 баптағы зорлау және өзге де сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті ретінде қарастырылады. Егер де буллинг ғаламтор арқылы жүргізілген болса, қылмыстық кодекстің 130 бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, шектеу немесе 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу шаралары қолданылады”, – деді ол.

Бұл іске қатысты полицияға ешқандай арыз келіп түспегені белгілі болды.

“Біз әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен барлық шағымдарға құлақ асамыз. Қазіргі таңда тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады”, – деді Астана қаласы Полиция департаменті өкілі Эльмира Шауленова. 

Психолог Қарлыға Бүйенбай бала мұндай әрекеттерге оның жақындарымен эмоциялық байланыстың жоқтығы, ата-ана тарапынан махаббат пен қолдауды сезінбеуінен баратынын айтады.

“Адамның айналасындағыларға деген қарым-қатынасы – ол үшін “норма” деп саналатын әрекеттер. Ал осы “норма” деген әрекеттерді бағып-қаққан, күнде жанында жүрген жақындары қалыптастырады. Отбасының әлсіз мүшесіне ұқсайтын адамды байқап қалса, буллинг жасауға кіріседі. Ішкі жан-жарасын, қорқынышын осылай жеңуге тырысады”, – дейді психолог. 

Сонымен қатар сарапшы “киберқорлау” – көп бала үшін бойда жиналып тұрған жыныстық энергияны сыртқа шығарудың бір түрі екенін айтты.

“Экранның ар жағында сенің шынайы бейнеңді ешкім білмейді, өзіңді қалаған қырыңнан көрсете, адамның жеке шекарасынан өте аласың. Яғни бұл жағдайдың бес жыл бұрын басталғанын ескерсек, бәлкім сол уақытта оқушы балаға жыныстық энергиясын сублимация жасауға ешкім көмектеспеген шығар. Үйде болсын, мектепте болсын, балаға энергиясын сублимация жасауды үйрету де маңызды”, – дейді психолог.