Maqsut Narikbayev University (KAZGUU) студенттері ұйымдардың жұмысын реттеуді сұрайды

Фото: kazguu.kz

Ақбаян Арапшаева, Назым Тұяқбай, Мақпал Батталова, Сандуғаш Фазыл
KAZGUU Newsroom

Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University (бұрынғы KAZGUU университеті) әкімшілігі студенттерін қоғамдық қызметке баулу мақсатында халықаралалық CAS бағдарламасына ұқсас “міндеттелген ерікті жұмыс” тәртібін енгізген. Бұл талап жайлы студенттердің пікірі әртүрлі. Аталған мәселеге қатысты Newsroom редакциясы бұған дейін де жазды. Білім алушылар Creativity, Service, and Intelligence (ары қарай – CSI) бағдарлама талаптарын орындау барысында түрлі мәселелер туындайтынын айтады. Мәселен, өзара қарым-қатынас кезінде студенттер құқығы жиі бұзылады екен. Ал студенттік ұйымдардың міндетін реттеп, оны басқаруды жолға қоятын механизмдер жоқтың қасы. 

Бұл бағдарламаға өзгерістер енгізу мақсатында Студенттік өзін-өзі басқару департаментінің бұрынғы президенті Дастан Сембеков бағдарламаның ішкі қарым-қатынасын дамыту үшін бірнеше ұсыныс білдіргенін айтады. Алайда ұсыныстар қағаз жүзінде қалып қойған.

“[Ұсыныстардың] бірі студенттік ұйымдармен ай сайын жиналыстар жасау еді. Жиналыс мақсаты DSA тарапынан әр ұйым атқарған жұмысына баға беріп, қадағалау болды. Яғни, әр төраға [айына бір рет] өз командасының жұмысын көрсетсе, кейін DSA әкімшілігінен көрсетілген бағдарлама бағыттарының орындалу деңгейіне қатысты шешімін алып отырар еді”, – деді ол. 

Оқуға түсетін әр студент CSI жобасына қатысты жалпы ережені оқу платформасынан жүктеп алып, танысады. Newsroom тілшісі силлабусқа шолу жасап, оның ішінде студенттік ұйымдарды реттеу функциясы мүлде қарастырылмағанын анықтады. Нақтырақ айтсақ, студенттік ұйымдарды реттеу ережелері бекітілмеген. Сондай-ақ, онда студенттер құқығын қорғайтын ережелер де жоқ. Есесіне, студентке қойылатын міндеттер басым болып шықты.

Фото: kazguu.kz

Менеджмент мамандығының 2-курс студенті Ерсайын Жумалдинов редакция тілшісіне берген сұқбатында студенттік ұйым жетекшілері жұмысына немқұрайлы қарайтындықтан, көп студенттер жобадан өте алмай қалатынын айтады. 

“Қазір [студенттік] ұйымдар көп студентке жай ғана осы [CSI] жобадан өту үшін керек. Ал мен мұндай ұйымдардан жақсы тәжірибе жинап, өз қалауымды орындап, қайырымдылықпен, шығармашылықпен толыққанды айналыса алмасам, онда тек сөз көлемімен шектеліп, CSI-ды жабу үшін неге көзбояушылық жасауым керек? Бұл жобаның әуелгі мақсаты бұған негізделмеген”, – деді ол. 

Жумалдинов CSI бағдарламасын игеру мақсатында “Орда’ пікірсайыс клубына, “Жаншуақ” қайырымдылық қоры мен Жануарлар құқығын қорғайтын ғылыми зерттеу ұйымдарына қабылданғанын айтты. Алайда бұл ұйым жетекшілері белсенділікке арналған тапсырмалар мен іс-шаралар ұйымдастырмағандықтан, CSI талабын толық жаба алмаған.

“Түптеп келгенде, бұл жобадан өтудің бір жолы осы студенттік ұйымдарға қосылу ғой. Ал дәл осы тұста көп ұйымдардың жетекшілері салғырттық танытады”, – деп атап өтті.

Жумалдинов жобаға тіркелу кезіндегі техникалық қателіктен CSI-ды мүлдем игере алмай қалғанын да тілге тиек етті. 

“Семестр басында жобаға тіркелсем де, Платонус платформасында CSI тіркелінген пән ретіндегі тізімде болмады. Алайда пәнге тіркелдім деп ойлап, тапсырмаларды орындап жүрдім. Бұл мәселемен мамандығымның эдвайзеріне жүгінсем, ол DSA әкімдігіне баруымды айтты. Ал DSA пәндерге тіркеу мәселесіне жауапты емес екендігін жеткізді”, – деді ол өз сөзінде.

Наурыз айында KAZGUU Newsroom редакциясы CSI бағдарламасына қатысты сауалнама жүргізіп, университеттегі 447 студенттен жауап алды. Нәтижесінде бірқатар студент DSA әрі студенттік ұйымдар тарапынан әділетсіз шешімдерге тап болғаны белгілі болды.

Бұл ретте, студенттер ұйымға кіруге өтініш беру кезіне тұрақты стандарт болмайтынын алға тартады. Сауалнамаға қатысушылардың бірі “студенттік ұйымдардың CSI міндеттеріне жегілгені – олардың әділ дамуына кедергі” деді. 

Фото: Kazguu Times

Kazguu Times – университеттегі студенттік ұйымдардың бірі. Ол 2008 жылы ұйым ретінде тіркелген. Медиа клуб төрайымы Жансая Мәулен жаңадан келетін студенттердің басым бөлігі тек CSI бағдарламасын жабуға келетінін айтады. 

“Студенттердің барлығы CSI-ды жабуға келеді… Өзіне де, бізге де пайдасы болмайтын студенттер іріктеуден өтпейді. Біздің іріктеу әртүрлі креативті тапсырмалардан құралып, 3 бөлімнен тұрады. Осы жылы іріктеуге 250 студент өтініш жіберді. Оның тек 80-і ғана ұйымға қабылданды”, – деді ол.

Мәуленнің сөзінше, жыл басынан бері Times-та 70-ке жуық 1-курс студенті бар. Оның 20-сы алдыңғы семестрде белсенділігінің болмауына байланысты ұйымнан шығарылса, осы семестрде олардың орнына жаңа адамдар қабылданған екен.

“Студентті ұйымнан шығармастан бұрын алдын-ала ескертеміз… Негізі, түсініспеушіліктің орнауына клубтағы әр адамның мінезі мен көзқарасы да ықпал етеді”, – деді өз сөзінде Мәулен.

Студенттік ұйымдарды үйлестіру жөніндегі жауапты менеджер Сұлтанғали Сұңғатолла ұйымдармен қарым-қатынаста студенттердің құқығы жаппай бұзылып жатпағанын айтты. 

“Әділетсіздік болған жағдайда студент келіп шағым жасай алады. Ондай жағдай төрт айда тек бір рет орын алған. Ұжыммен мәселелерді әрқашан бейбіт түрде шешеміз”, – деді ол.

Сондай-ақ, Сұңғатолла белсенді емес ұйымдар арнайы байқау арқылы қысқартылатыны жайлы да айтып өтті. 

“Ұйым әр семестрдің басында жоспар тапсырады. Онда олар өздерінің  болжамды сметаларын, барлық активтерін тағайындайды. Семестр қорытындысы аясында осы жоспар негізінде есеп жазылады”, – деді ол.

Оның сөзінше, әр ұйымға 3 ай уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында алдын ала бекітілген жұмыс көлемі бақыланады. Сосын әр семестр соңында белсенділігі төмен ұйымдардың тізімі құрылады. 

Бірінші семестр аяғында университет қабырғасындағы академиялық, шығармашылық және ақпараттық жобалармен айналысатын “Student” жастар бірлестігі жабылғаны белгілі болды. Сұңғатолланың айтуынша, бұл ұйым белсенділігі төмендегені үшін жабылған. 

Фото: kazguu.kz

Бірлестік төрағасы Бақтұр Жеңісов бұл пікірмен келіспейді. Ол DSA тарапынан шаралар ұйымдастыруға кедергілер болғанын айтады.

“Біз Хэллоуин мен Жаңа жылға арнап іс-шара өткіземіз деп барлығын дайындап қойғанда, [DSA] рұқсат бермей қойды. Әрқашан кедергі келтіреді. 185 студент қатысатын ұйымға жиналыс өткізу үшін кішкентай кабинет беріп қояды. Нақты біздің жағдайымыз жасалмаған”, – деді ол.

Жеңісов өзі басқарған ұйым жабылған соң, университетте шаралар да азайғанын айтты. Ұйым жабылып қалғандықтан, оған мүше болған студенттер CSI талаптары бойынша бағыттарын жаба алмай қалған.

“[Ұйымда болған] 120 студент CSI  жапқысы келіп бізден жауап күтіп жүрді. Оларды DSA-ға жіберсек, олар қайта бізге сілтейтін. Көп студенттер басқа ұйымдарға қызығушылығы болмағандықтан кете алмай жүрген еді”, – деп түсіндірді ол.

CSI бағдарламасында ұйымдарды жабуға түрткі болатын стандарттар жоқ. Ал ол жабылған жағдайда, оған мүше болған студенттердің мәселесін қарастыру да нақты жолға қойылмаған. Олар әдетте өзге ұйымдарға ауысып, қоғамдық іс талаптарын қайта жасауға міндеттеледі.