Астанадағы тұрғын үй маңындағы жолдар сапасы қашан жақсарады?

Мақпал Батталова
KAZGUU Newsroom

Фото: еgemen.kz

Елорданың сол жағалауындағы Sat City тұрғын үйлері орналасқан қалашық тұрғындары үй маңындағы жолдар қараусыз қалғанын айтады. Олар тұрғын үй алаптарының жолдарымен қоса қала көшелеріндегі кейбір шұңқыр, тозығы жеткен жолдарда ауа-райы нашарлағанда жүру мүмкін болмайтынын айтып, шағымданады. Бұл мәселеге қатысты Астана қаласы Жол және жол инфрақұрылымы департаменті өкілдері жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

Ақерке Өмірбай есімді қала тұрғыны өзі тұратын Sat City тұрғын үй кешені жанындағы жолдар мүлде жөнделмегенін, тіпті жаяу жүріп-тұру қиындық туғызатынын жеткізді.

“Жолдардың шұңқырлары, ойықтары тым көп. Әсіресе, көктемде сол шұңқырларға су толып қалады, көлікпен көлшіктерді кешіп өту мүмкін емес. Жаңбыр жауа қалса, құм төсеумен болады” , – дейді ол.

Жергілікті ақпараттық сайт дерегінше, 2023 жылдың алғашқы 4 айында iKomek қызметіне қала тұрғындарынан жол сапасына қатысты 8 492 өтініш түскен. Айта кетсек, Есіл ауданының Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала даңғылдары, Бұқар жырау көшесі, сондай-ақ Сарыарқа ауданының К.Күмісбеков, Ы. Дүкенұлы, С.Сейфуллин, Бөгенбай батыр, Республика даңғылдары бойынша, Алматы ауданының Ш. Құдайбердіұлы, Р. Қошқарбаев, Тәуелсіздік, Абылай хан даңғылдары бойынша арыз-шағымдар келіп түскен.

Майра Жанболатқызы есімді қала тұрғыны Абылай хан даңғылында орналасқан Азиа Сити сауда үйінің алдындағы үлкен шұңқырдың пайда болғанына бірнеше жыл болғанын, бірақ әлі күнге дейін қала әкімшілігі назар аудармағанын айтады. 

“Бұл ойықтың тұрғанына қанша жыл болды, әлі жөнделмеген. Бұл шұңқырдан бөлек көлік кіріп-шығар жолы да оңып тұрған жоқ”, – дейді ол.

Қала әкімдігіне қарайтын Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы осыған ұқсас шағымдар жыл басынан бері  5805-ке жеткенін хабарлады. Оның ішінде 2667 өтініш жолдардың, тротуарлардың тозуына байланысты болған. 

“Мамыр айының басында жол-құрылыс жұмыстары маусымы басталды. Қазіргі уақытта қала бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл 300-ге жуық шұңқырды жөндеумен қамту жоспарланған. Бұдан басқа, биылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, қаланың 72 көшесінде орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр” , – делінген Newsroom тілшісіне жіберілген мәлімдемеде.

Сондай-ақ, тұрғын үй кешендерінің жолдарына басқарма “ЕК-32, ЕК-31, ЕК-30, ЕК-29, ЕК-26, ЕК-22, ЕК-18 және ЕК-9 көшелерінің құрылысы ” жобасын әзірлеп, жүзеге асырылғалы жатқанын жеткізді.

“Осы жобаны іске асыру шеңберінде биыл аталған тұрғын үй кешендері ауданында асфальт бетон жабынын қамтамасыз ете отырып, инженерлік желілерді орнату бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған” , – деді департамент өкілі.