Банкроттық туралы заң елдегі жұмыссыздар санының артуына себеп болмай ма?

Әмина Козбакова
KAZGUU Newsroom

Фото: еgemen.kz

Елімізде 3 наурыздан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша өтініш беру басталды. Өтініш бергендер саны бір жарым айда 45 мыңнан асқан. Бұл бастама несиеден арыла алмай жүрген азаматтардың көңіліне үміт ұялатқанмен, мамандар оның салдарын да естен шығармау керектігін айтады. Мысалы, экономист мамандар жеке тұлғалардың жаппай банкроттық жариялауы елімізде жұмыссыздар санының көбеюіне, халықтың экономикалық белсенділігінің азаюына әкеліп соғуы мүмкін деп болжайды.

2022 жылдың соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» заңға қол қойды. Өтей алмайтын қарызы бар азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттық туралы арыз бере алады.

Заңға сәйкес борышкер үш түрлі рәсім арқылы (соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі) банкрот бола алады.

Мәселен, банкроттыққа өтініш бергендердің бірі елордалық кәсіпкер Шахназар Еркенов. Ол егер өтініші қабылданса, отбасының қаржылық жағдайы жақсарады деп үміттенеді.

“Әйелім екеуміз бірнеше жыл бойы құрылыс саласында жұмыс істеп, 2021 жылы шағын кафе ашуға бел будық. Несие алып, үйімізді саттық. Кәсібіміз біз ойлағандай жақсы жүрмеді. Енді несиені қалай өтерімізді білмей жүрміз. Бірнеше күн бұрын банкроттыққа өтініш бердік. Бірақ менің көлігім бар болуына байланысты өтінішіміз қабылданбай қалады деген де қауіп бар”, дейді Еркенов.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов соттан тыс банкроттық рәсімге 34 мыңнан астам қазақстандық өтініш бергенін айтады. Оның ішінде бүгінде 10 мыңнан астам өтініш тексеруден өткен. Тексеру нәтижесінде 7 мыңнан астам өтініш беруші 1414 сервисі арқылы соттан тыс банкроттық процедураны қолданудан бас тартқан.

Азаматтардың банкроттығынан бас тартуына негіз болған себептердің қатарында өтініш берушінің немесе жұбайының атына тіркелген жеке меншік құқығында жер учаскелері, автокөлік немесе жылжымайтын мүліктер тіркелген.

Сотқа жүгінбей-ақ банкроттыққа өтініш беру несие немесе жалпы қарыз өтеу мерзімін бес жылға тоқтатады. Алайда экономист маман, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың айтуынша, бұл рәсімнің көбі біле бермейтін осал тұстары да бар.

“Заң азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартудың түрлі механизмдерін ұсынып, қарыздан құтылуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 5 жылға дейін бөліп төлету немесе төлем қабілеті жоқ болса банкрот деп тану жағдайлары қарастырылған. Егер кепілге үй қойылған болса сот негізінде үйден айрылу жағдайы да бар. Азамат өзін банкрот деп жариялап, 5 жыл бойы қарыз не несие ала алмай қалады. Адамның басына түрлі жағдайлар келіп жатады, осындай тұста қайта қарызға не несиеге жүгінуге мүмкіндік болмай қалады. Банкроттық деп тану азаматтардың қарыз және несие алуын біршама азайтуына сеп болары сөзсіз”, дейді ол.

Экономист ерекше жағдайларды ескермегенде (емделу, туысының өлімі) азамат 3 жыл ішінде ел сыртына шығу құқығынан айырылатынын және 3 жыл бойы қаржылық бақылауда болатынын да атап өтті. Оның сөзінше, егер алдау, жағдайын жасыру арқылы банкроттыққа өтінім берген адам айыппұлдан бастап бас бостандығынан айырылу жазасын арқалауы мүмкін. 

“Бұл халықтың мемлекет беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып қалу әрекеті.  Жоғары айтып өткендей көп азамат оның салдары мен нәтижесіне мән бермей дүрлігіп жүр. Мемлекет жауып берсе болды дегенді алға тартады. Ал бұл өз кезегінде өздерінің несие тарихы мен мүмкіндіктерін шектейтінін түсінбейді”, дейді Мұқаев.

Алайда маманның айтуы бойынша, қарапайым халықтың қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында жасалған рәсім ел экономикасына зиян тигізуі мүмкін. Нақтырақ айтқанда жұмыссыздар санының көбеюі, экономикалық белсенді халық үлесінің азаюына әкеліп соғуы ықтимал.

Қаржы министрлігі 1 млн-нан астам қазақстандықтың банкрот деп танылу мүмкіндігі бар екенін мәлімдейді.

Бұл заңнама барысында қазіргі таңда бізге жүгінетін адамдардың саны 1 млн 170 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде, 31 мың адам – сот процедурасымен өздерін банкрот деп тануы ықтимал. Бірақ айта кетерлігі, бұл процедураға жүгіну-жүгінбеу азаматтың өз еркінде. Біз қарызы бар адамдарды бізге келіңіз немесе сотқа барыңыз деп үгіттей алмаймыз. Ол әр азаматтың салмақты ойланып қабылдаған шешімі болуға тиіс”, – деп атап өтті вице-министр Біржанов