Бас сақинасы ауруымен ауыратын адамдардың қатары аз емес

Арайлым Серқанова
KAZGUU Newsroom

Фото: www.womanlog.com

Бүгінгі таңда халық арасында “бас сақинасы” ауруы, яғни мигрень жиі кездеседі. 

Бас сақинасы ауруы – орталық жүйке жүйесіне әсер ететін патология. Ол қарқынды және қайталанатын бас ауруы түрінде кездеседі, сондай-ақ пульсирленген және әртүрлі вегетативті белгілермен байланысты болады. 

Цифрлық даму министрлігіне қарасты «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың 2 мамырындағы деректерге сәйкес бас сақинасы ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастардың саны – 97. 

Астана қаласының тұрғыны Назгүл Шәкенқызы бас сақинасымен ауырып жүргеніне 8 жыл болғанын айтты.

“Шамамен 11 сыныпта оқығанымда ауру пайда бола бастады. Жиілігі әр ай сайын болды. Дәрі-дәрмекке ақша көп кетеді, кей кезде тіпті жетпей қалады”, – дейді ол Newsroom тілшісіне.

Денсаулық сақтау министрлігі бастың сақина ауруының халық арасында азайту үшін жыл сайын түрлі профилактика шараларын өткізеді. 

Министрліктің мәлімдеуінше, дәрі-дәрмектерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы “Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы” бұйрығымен қарастырылған нозологиялар бойынша беріледі.

“Айтылған Бұйрық бойынша Бас сақинасы нозологиясымен “18 жасқа дейінгі балалар үшін амбулаториялық деңгейде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және арнайы емдік өнімдер” топтағы динамикалық байқауда тұрған балалар диклофенак, ибупрофен, суспензия, парацетамол, тік ішекті суппозитория, ішуге арналған ерітінді, ішуге арналған суспензия, суматриптан дәрі-дәрмектерімен қамтамасыз етіледі,” деп жазылды министрлік жауабында.

Мамандар бас сақинасы ауруының жас талғамайтынын айтады. Ауру белгілері негізінен 20-30 жаста пайда болып, 50 жасқа дейін созылады екен. Оны емдеуге арналған дәрі-дәрмекті дәрігерлердің нұсқауы арқылы ішу ұсынылады.

Америкалық мигрень қорының мәліметі бойынша, мүгедектікке әкелетін барлық аурулардың ішінде  мигрень жетінші орында тұр. Дүниежүзіндегі адамдардың 10%-ы бас сақинасымен ауырады деп есептеледі.