Tag Archives: жылы аялдама

Астанадағы жылы аялдамалар тазалығы сын көтере ме? 

Әмина Козбакова
KAZGUU Newsroom

“Алматы іскерлік үйі” аялдамасының ішіндегі қоқыс. Фото: Әмина Қозбақова

Қала тұрғындары суықта пана болар аялдамалардың аздығына, ал кейбірінің жай-күйі, тазалығы сын көтермейтініне жиі шағымданады. Астана қаласы аудан әкімдіктері тапсырыс алған жеке компанияларға сілтейді. Ал олар өз міндетін атқарып отырғанын айтады.

“Мұндай аялдамалардың ішіне кіруге қорқатын болдық. Қашан қарасаң да ішінің бәрі қоқысқа толы. Бөтелкелер, темекі қалдықтары, кәмпиттің қағаздары айлап жата береді. Кейде оларды шамам жеткенше өзім жинап жүремін. Бірақ иісіне шыдау мүмкін емес… Тіпті далада аяз болса да, жағымсыз иіс үшін ішіне ешкім кірмейді”, — деді А.Бараев көшесіндегі аялдамада тұрған Алмас Рымбек есімді қала тұрғыны.

Ол жұмысқа баруы үшін күнде  сол аялдамадан автобусқа мінетінін, бірде-бір рет ішінің тазаланып жатқанын көрмегенін айтады.

Ал Сабина есімді өзге бір қоғамдық транспорт пайдаланушысы ерте таңда университетке баратынын, автобус күткенде кейде тоңып қалатынын жасырмады.

“Амалсыздан жылы аялдаманың ішіне кіремін. Кейде ішінде үйсіз адамдар жатады. Сондықтан орындыққа отыруға қорқамын. Негізі олардың осылай жылынатын жері бар болғаны жақсы ғой. Бірақ қыз болған соң олардан қорқамын”, — деді ол Newsroom тілшісіне.

Майра Алтынбекова есімді қала тұрғыны аялдамаларды тазалауда алалау бар екенін айтады. Оның ойынша, қаланың сол жағалауында орналасқан аялдамалар оң жағалаудағыларға қарағанда әлдеқайда таза болады екен.

Бүгінде елордада жалпы 1091 аялдама пункті бар болса, оның ішінде жылы аялдамалар саны — 196. Оның 32-сі жеке кәсіпкерлер қаржысына коммерциялық мақсатта орнатылған. Қала әкіміне қарасты басылымның жазуынша, 28 жылы аялдама стандартқа сай болмағаны үшін әлі қосылмапты.

«Құрылыс – техникалық колледжі» аялдамасының іші. Фото: Әмина Қозбақова

Редакция тілшісі олардың тазалығына жауаптыларды анықтауға тырысты.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі жылы аялдамалар тазалығын ұйымдастыру әрі қадағалау аудан әкімдігі құзіретіне кіретінін мәлімдеді. Өз кезегінде аудан әкімдері тазалау қызметін мердігерлік компанияларға жүктейді екен. Мысалы, жергілікті билік өкілдерінің мәліметіне орай, Алматы және Сарыарқа аудандары бойынша аялдама тазалығына “Гарант Строй Инвест” ЖШС-і жауапты. Есіл ауданы бойынша мұндай жұмысты “Карсак 2015” ЖШС-і қадағалайды.

Мемлекеттік сатып алу келісіміне орай, мердігерлік ұйым конкурс арқылы таңдалады екен. Ондағы талаптарға байланысты аптасына кем дегенде екі рет аялдама іші тазартылып тұруы керек. Алматы ауданы әкімдігі келісім құнын коммерциялық құпияға сілтеп, ақпарат бере алмайтынын айтты. Мемлекеттік сатып алу порталында да бұл келісімдер жайлы ақпарат табылмады.

Ал Байқоңыр ауданының аумағында 18 жылы аялдама павильоны бар. Жергілікті билік өкілінің айтуынша, аудан әкімдігі аялдама павильондарына қызмет көрсету және күтіп ұстау үшін жылына бюджеттен 30 млн. теңгеден аспайтын қаражат бөледі. Тазалық жұмыстарын әкімдіктің өндірістік-техникалық бөлімі жүргізеді. Тапсырыс алушы серіктес компания әзірге анықталмапты.

“Қазіргі таңда әкімдік аялдамаларға қызмет көрсететін компанияны анықтау бойынша конкурстық шаралар өткізуде”, — деп жауап берді аудан әкімдігінің өкілі.

Аялдамаларға қатысты халықты алаңдатар тағы бір мәселе — повильондардың техникалық қамтамасыз етілуі. Астана қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, әрбір жылы аялдама жылыту, жарықтандыру, бейнебақылау қондырғыларымен қоса, арнайы USB ұяшықтары және WI-Fi-мен қамтамасыз етілген.

Алайда бұл ақпаратты анықтау кезінде, Newsroom тілшісі бірнеше аялдамадағы жылыту қондырғылары істемей тұрғанын, тіпті кондиционерлердің үстін қалың шаң басып қалғанын анықтады. Соның нәтижесінде аялдама ішіндегі ауа температурасы даладағы ауамен (-14 градус) бірдей болып шықты.

А.Бараев көшесі аялдамасының іші. Фото: Әмина Қозбақова

Тағы бір айта кететін жайт, аялдамалардың көбінде USB ұяшықтары жұмыс істемейді. Есігі немесе шыны қабырғалары сынған аялдамалар да бар. Оның ішінде халық көп қатынайтын “КАЗГЮУ университеті”, “А.Бараев”, “Жастар”, “Keruen City сауда, ойын-сауық орталығы” аялдамалары бар.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, әрбір аялдаманың құны — 10-12 млн. теңге. Қаражат жергілікті бюджеттен алынады.

Жергілікті билік жеке инвестициялар арқылы павильондар орнату бойынша “Astana” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен жоба жасаған еді. Аталған корпорацияның басқарма төрағасының инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша орынбасары Эльдар Ғарифуллинның айтуынша, қазір бұл жоба тоқтатылған.

Коммерциялық аялдамалар туралы өзге бір Newsroom зерттеуінде оларды орнатумен айналысқан кәсіпкерлер кей өңірде бұл жобаға жұмсалған қаржы ақталмағанын мәлімдеген болатын. Сондықтан бұрын қойылған кейбір жылы аялдамалар орнынан қайта алынған.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұралы Тәңірберген өткен жылы қала бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу, қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдіктерді ішу сияқты 42 мың қоғамдық тәртіп бұзушылық анықтағанын мәлімдеді.

“Егер аялдама ішін сындырып, вандализм немесе төбелес орын алса, бұл азаматтарға ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы “ұсақ бұзақылық” бойынша жаза көзделеді. Бұл заң бұзушылық бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 10 күнге қамауға алынады”, — деді қалалық полиция өкілі.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысының айтуынша, ішкі істер органдары тұрақты баспанасы жоқ, оның ішінде аялдамаларда ұсталғандардың статистикасын жүргізбейді.

Елордалық оқушылар автобусты суық аялдамада күтуге мәжбүр

Ақбаян Арапшаева
KAZGUU Newsroom

Тонған оқушылар аялдама артындағы дүкенге жылынуға кіріп барады. Фото: Ақбаян Арапшаева

Астанадағы мектептердің үштен екісінің жанында жылы аялдама жоқ. Жергілікті билік тапсырыс бергенін айтады. Бірақ мердігер компания міндетін толық атқармаған. Инвесторларға да коммерциялық аялдама орнату тиімсіз болғаны белгілі болып отыр.

Астана қаласы тұрғыны, қоғам белсендісі Салтанат Әшірбай осыдан үш ай бұрын Facebook желісінде №65 және №67 гимназия оқушылары аязды күнде автобус күтіп тұруға мәжбүр екенін жазған болатын. Содан кейін жергілікті билік байланысқа шығып, мектеп жанынан жылы аялдама қондыратынын мәлімдеген.

“Аялдамаларын қоямыз дегенше балаларымыз мектеп бітіретін шығар. Әлеуметтік серіктестік деген ұғым болады. Мысалы, құрылыс компаниялар салған үйлерінің жанынан міндетті түрде мектеп және балабақша салуға тиіс. Әкімдік оны тексеруі керек. Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Оның кесірін қарапайым халық, біздің балалар көреді”, — деді ол.

Newsroom тілшісі жағдайдың мән-жайын білу үшін гимназияға барды. Расында мектеп оқушыларының далада тоңып, автобус күткенін, кейде жылыну үшін жақын жердегі дүкенді паналайтынын көрді. Ал кешкі уақытта автобусқа сыймай қалған балалар кейінгісін тағы күтуге мәжбүр болыпты.

Аталған гимназиялар жанында бұрын жылы аялдама болған екен. Оны жергілікті билік өкілі растады. Осы аялдама арқылы қатынайтын Апбас Дана есімді қала тұрғыны аялдаманың орнынан алынып тасталғаны “ыңғайсыздық тудырғанын” айтады.

Сарыарқа ауданы әкімдігі мәліметінше, билік пен жекеменшік компаниялар арасында қала бойынша коммерциялық аялдамалар орнатуға келіссөздер болған. Бірақ жоба шығыны ақталмағандықтан, кәсіпкерлер аялдаманы өзге жерге көшіріп алып кеткен екен.

№67 гимназия жанындағы аялдамада кешкі уақытта автобусты күткен адамдар саны көбейеді. Фото: Мадина Ахметова

«Ол аялдама көп шығын әкелді. Себебі апта сайын ішінде бір затты сындырып кетеді, ластап кетеді. Оны тазалайтын, жөндейтін адамға әр шыққан сайын 15-20 мың теңгеден төлеп отырдық”, — деді коммерциялық аялдамалармен айналысатын Санат есімді кәсіпкер.

Санат өзінің тегін әрі компаниясының атын зерттеу мақаламызға жазуды құптамады. Ол басқа аудандарда аялдамалары барын және оларды алып тастау жоспарда жоғын жеткізді.

Сарыарқа ауданы әкімдігі №65, 67 гимназиялар жанына жылы аялдама қою 2022 жылы жоспарда болғанын мәлімдеді. Бірақ тапсырыс алған мердігер компания өз міндетін орындамаған.

“Жоспарға сәйкес олар (мердігер компания – ред.) 2022 жылы 10 аялдама қою керек еді. Соның қатарына біз жаңағы гимназия (жанындағы) локацияны да берген болатынбыз. Алайда олар тек 9 (аялдама) орнатты. Қазір жол көлік департаменті мен оның мердігерлері арасында жұмысты дұрыс орындамады деген айыппен сот ісі жүріп жатыр”, — деді жергілікті билік өкілі.

Осыған дейін жылы аялдамаларды орнату мәселесімен Астана қаласы Көлік және жол көлік инфрақұрылым дамыту басқармасы айналысып келген. Билік өкілі қазір бұл міндеттемені аудан әкімдіктері құзырына беру ойластырылып жатқанын мәлімдеді.

Аудан әкімдігі дерегіне сенсек, Сарыарқа ауданы аумағындағы 55 жылы аялдаманың 12-сі мектеп маңайында орналасқан.

Бұл тек Сарыарқа ауданына қатысты мәселе емес. Астана қаласындағы аудан әкімдіктерінің дерегіне сенсек, қаладағы 96 мектептің 37-сінің жанында ғана жылы аялдамалар бар.