Телефон алаяқтығы тыйылмай тұр

Сандуғаш Фазыл
KAZGUU Newsroom

фото:lada.kz

Ғаламтордағы алаяқтық мәселесі қоғамда жиі наразылық тудырады. Елорда сақшыларының мәліметінше, жыл сайын алаяқтарға қарсы іс саны да артқан. Олар адамның жасына қарамай түрлі айла ойластыратынын айтады. Банк өкілдері алаяқтарға алданып қалмау үшін жеке ақпаратты телефон арқылы бермеу керектігін ескертеді.

Таңшолпан Құрақбай есімді KAZGUU университеті студентінің айтуынша, оған алаяқтар көп қоңырау шалады. Өзі бұл жайтқа мән бермеуге тырысады екен. Алайда телефон алаяқтары тек өзіне емес, анасына да хабарласып, ақшаға алдап кеткенін жеткізді.

«Менің туысқан әпкем бар. Ол бизнеспен айналысады. Бір күні анама бейтаныс номерден хабарлама келді. Бірақ профиліне әпкемнің суретін қойған. Ол өзінің картасы бұғатталып қалғанын айтып, анамнан 100 мың теңге көлемінде қарызға ақша сұраған. Бірақ оны аудару арқылы емес, төлем арқылы жіберуін өтінген», – деді Құрақбай.

Істің мән-жайы анықталып, ақшаны сұраған басқа адам екеніне көзі жеткен соң, Таңшолпанның анасы полицияға жүгінген. Бірақ ақша төлем арқылы жіберілгендіктен, банк те, полиция да көмектесе алмапты.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайға тап болатындар аз емес. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенті Әділжан Шамшадинов те өзінің алаяқтарға алданып қала жаздағанын айтты.

Оған бейтаныс номерден біреу қоңырау шалып, өзін полицияданбыз деп таныстырған. “Никита деген адамнан сіздің атыңызға нотариалды сенімхат жазылған. Бірақ ол қазір ауруханада. Сіздің шотыңыздан ақша шешіп алуы мүмкін. Ол адамды ұстауымыз керек”, – депті белгісіз адам.

Бірақ ол өзінің ешқандай Никитаны танымайтынын айтса да, алаяқтар картасында қанша ақша бар екенін бірнеше рет сұраған.  Әділжан өзінің студент екенін және ақшасы жоқ екенін айтқаннан кейін ғана қоңырау шалуды доғарған екен.

Астана қаласы полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылы елімізде алаяқтарға қарсы 3900 іс қозғалған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 4397-ке жетіпті. Осы жылдың алғашы екі айының өзінде-ақ 700-ден көп алаяқтық іс тіркелген.

“Алаяқтар кез келген адамға телефон соғып, алдауы мүмкін. Олар өз құрбандарын жас ерекшеліктеріне қарай таңдамайды. Қарт кісілер де, жастар да алаяқтың арбауына түсіп қалуы мүмкін”, – деді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұралы Тәңірбергенов.

Айта кетсек, алаяқтарға қатысты іс ҚР Конституциясы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес қаралады.

KAZGUU Newsroom тілшісі жергілікті банк өкілдерімен байланысып, клиенттері алданған жағдайда қандай көмек көрсетілетінін анықтауға тырысты.

Forte Bank баспасөз хатшысы Еркін Үдербайдың айтуынша, алаяқтардан алданған азаматтар оларға жиі шағымданады екен. Ал банк қызметкерлері оларға қандай әрекет жасау қажеттігін түсіндіреді.

“Алданып қалған адамдар ең бірінші құқық қорғау органдарына шағымдануы керек. Өйткені қылмысты тергеу тек олардың құзіретінде. Біз тергеу үшін бар көмегімізді аямаймыз”, – деді Forte Bank баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ, банк өкілі алданған азаматтарға да тергеу барысында кәсіби тұрғыда ақпараттық көмек беретінін және сақтану жолдары туралы халық арасында БАҚ, интернет, әлеуметтік желілер арқылы мәлімет тарататынын атап өтті.

FinGramota.kz атты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру орталығының ақпаратына сәйкес, алаяқтар телефон номерін жасыратын арнайы қосымшаларды пайдаланады.

“Банктің таныс номері болса да, оған сенудің қажеті жоқ. Егер алаяқпен сөйлесіп отырғаныңызды сезсеңіз, банктің Call-орталығына қоңырау шалып, мән-жайды анықтаңыз”, – делінген FinGramota.kz порталында.

Сондай-ақ, банк қызметкерлеріне телефон арқылы сіздің тегіңізді, банк шотында қанша қаражат қалғанын немесе төлқұжат деректеріңізді білудің қажеті жоқ. Сондықтан SMS арқылы келген код, картаңыздың қолданылу мерзімін, ондағы CVC/CVV кодтарын және ақша қаражатының қалдығын айтуға болмайды.