Астана тұрғындары көк түтіннің құрсауынан қашан құтылады?

Арайлым Серқанова
KAZGUU Newsroom

Фото: Ерлан Омар

Астана қаласының іргесіндегі жер үй тұрғындары қолқаны қабар көк түтіннен зардап шегіп келе жатқанына аз болмады. Тұрғындар биылғы қыста түтіннің бұрыннан бетер күшейгенін айтады. Олар бұл мәселенің жыл сайын қайталана беруіне наразы.

Қаланың оң жағалауындағы Ғ. Мұстафин көшесі бойында тұратын Мәриям Батырханова кешкі уақытта серуенге шыққанда көк түтіннен дем алу мүмкін еместігін айтты. Оның сөзінше, қоңырсыған түтін иісі күйіктікіне ұқсайды.

“Бұл жерде тұрып жатқанымызға біраз жыл болды. Мұндай түтінді (бұрын) көрмейтінбіз. Басында түтіннің барын тек иісінен байқап жүрдік. Бірақ, соңғы кездері түсі де кәдімгі тұман сияқты болып өзгере бастады”, – деді Батырханова.

Ал Иманова көшесі 26 мекенжайындағы “Рахат” тұрғын үй кешеніне бірінші рет жұмыс бабымен келген Эльназ Нұрланқызы да автобустан түсе сала “жанған көмірдің иісін” сезгенін айтты.

“Басында тұман деп ойлаған едім, дегенмен күйіктің иісі шыдатпастай болды. Бірден басым ауырып, тамағымда жағымсыз түтіннің дәмі сезілді. Келесі жылға дейін бұл мәселе шешіледі деп үміттенемін”, – деді ол Newsroom тілшісіне.

Бұл ауданда тұрғын үйлерден бөлек жер үйлер де көп. Астаналық эко-белсенді де көк түтіннің көмір жағудан болатынына сенімді екенін айтады. Оны шешудің бір ғана жолы газдандыру екенін алға тартады.

“Газификация мәселесі – қаншама жылдан бері келе жатқан мәселе. Салдары адам денсаулығының нашарлауына алып келеді”, – деді “Байтақ” жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова бұл мәселенің негізгі себебі көмір сапасына қатысты деп есептейді.

“Мұның себебі мен проблемасы – біздің көмір жағуымызда. Бұл көрші елдерде де сатып алынбайтын Екібастұз көмірі (42%). Ал бізде, әдеттегідей, ең жаманы өзімізге қалады, ал ең жақсысы экспортталады. Нәтижесінде, жыл сайын елордада көмір жағудан шығатын шаң мен тоқтатылған РМ2.5 бөлшектері шамамен жеті мың тоннаны құрайды”, – дейді ол Informburo.kz сайтына берген сұхбатында.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, Астана қаласындағы ауаның ластануына қаладағы Жылу электр орталықтары, автономды қазандықтар, жеке сектор пештері мен көліктерден шыққан түтін әсер етеді. Мекеменің редакцияға жіберген дерегіне сенсек, аталған секторлардан шығатын азот оксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді және бейорганикалық шаң секілді шаңшығарынды көлемі бір маусымда 132,4 мың тоннаға дейін жетеді.

Ресми дерекке орай, қала төңірегіндегі атмосфераның жай-күйін бақылауда 10 стационарлық бекет және 4 қолмен сынама алу бекеті қолданылады.

Министрлік Астанадағы көк түтін мәселесін шешу үшін өңірді газдандыруға назара аударылып жатқанын мәлімдеді. Өткен жылы қаладағы газдандыру жоспарына енген 29 763 үйдің 14 мыңына газ жеткізілген екен.

“Дегенмен, газ жүргізілген аудандарда халық қатты отынды (көмірді – ред.) пайдалануды жалғастыруда. Бұл ауаның ластануына алып келеді. Бұған көгілдір отынға қосылудың құны (700-900 мың тг) қымбат болғаны себеп болып отыр”, – делінген министрлік жауабында.

Ресми дерекке орай, Астанадағы Көктал-1,2, Агроқалашық, “Железнодорожый”, Өнеркәсіптік, Оңтүстік-Шығыс, Күйгендар, Мичурино, Интернациональный, Потанин-Московская, Гүр-бесік, Ақбилай, Қазақауыл шағын аудандары газға қосылған.

Сонымен қатар, экология министрлігінің айтуынша, 2022 жылы аумақтық департамент 85 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 41 заң бұзу анықталып, 271 450 279 теңге айыппұлға тең 22 әкімшілік жаза тіркелген.