Елордадағы жерүсті өткеліндегі лифт 14 жылдан бері жұмыс істемейді

Әмина Козбакова
KAZGUU Newsroom

Бараев көшесіндегі жерүстік өткелі. Фото: Әмина Қозбақова

Елорданың Байқоңыр ауданындағы А. Бараев және Ж. Тәшенов көшелерінің қиылысында орналасқан жерүсті өткеліндегі лифт 14 жылдан бері жабық тұр. Аудан тұрғындары жолдан өткен кезде қиындықтар туындайтынын айтып, әкімдікке наразылық білдіріп жүргеніне де біраз болыпты. Ал қала әкімдігі лифтінің істемеуін “жобадағы кемшіліктерге” сілтеп, сараптамадан өтпегенін айтады. Ол өткел орнатылғаннан бері іске қосылмағанын айтады. Жергілікті билік құрылысқа кім жауапты болғанын және оған қанша қаражат кеткенін айтпай отыр.

Өткелге жақын Бараев көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны, жалғызбасты ана Эльвира Ибрагимова бұл жерден күніне бірнеше рет өтетінін айтады.

“Үйде төрт балам бар… Соның екеуін күнде таңертең мектебіне апарып, өзім алып қайтам. Ал кенже қызым әлі кішкентай. Оны үйден алып шықсам амалсыздан коляскамды көтеріп осы өткелден өтемін. Үш кішкентай баламен баспалдақтан өту қиын”, – дейді ана.

Ал тағы бір тұрғын Фарида Көпбосынова өткелдің орнына жаяу жүргіншілер жолын орналастыру қажет екенін жеткізді.

“Мен осы жақын маңда тұрамын. Жолдан өту үшін бұл өткелден басқа амал жоқ бізге. Ең жақын жер Бараев аялдамасының арғы жағында. Күнде баспалдаққа мініп жүруге жас емеспіз ғой. Лифттің барынан жоғы артық. Оның ашық тұрғанын бір рет те көрмеппін”, – дейді ол.

Бұл өткел осы аумақ тұрғындарының жолдан өтетін қауіпсіз әрі ең қысқа жалғыз жолы. А.Бараев және Ж.Тәшенов көшелері қиылысына ең жақын орналасқан жаяу жүргіншілер жолы 800 метр қашықтықта орналасқан.

Жерүсті өткелі салынғалы бері лифт ешқашан іске қосылмаған. Фото: Әмина Қозбақова

Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының (ары қарай – Басқарма) хабарламасына сүйенсек, Бараев пен Ташенов көшелерінің қиылысында орналасқан өткел 2008-2009 жылдар аралығында жүргізілген көлік айырымының жөндеу жұмыстары аясында салынған. Алайда, өткел құрылысына 14 жыл өтсе де, ондағы лифт әлі іске қосылмаған.

Басқарма өкілі редакцияға берген ресми жауабында “Лифт шахталары құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталмағандықтан жабылды, атап айтқанда лифтілерді орнату жүргізілмеді” деп түсіндіреді. Ал сол кезде оны орнату жұмыстарына қанша қаражат жоспарланғанын және қызмет қай мердігер компаниясынаа ұсынылғаны жайлы сұраққа басқарма жауап бермеді.

Өткелдің қазіргі жағдайы оның қараусыз қалғанын. білдіреді. Фото: Әмина Қозбақова

Басқарма басшысының орынбасары О. Шабданов  “өткел құрылысының ұзақтығына байланысты бюджеттік соманы көрсету мүмкін емес” дейді.

“Қазіргі уақытта бұл мәселе қаралуда және жақын арада жоғарыда аталған жаяу жүргіншілер өткелінде лифтілерді орнату және іске қосу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда”, – деп түсіндіреді басқарма өкілі.

Шабданов Newsroom тілшісіне лифт құрылыс аяқтаудың нақты мерзімі мен оған бюджеттен бөлінетін қаражатты айтудан жалтарды.